С.Торайғыров «Қамар сұлу» романы, С.Көбеев «Қалың мал» романы
Қамар сұлу — Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1914 жылы шыққан романы, жартылай өлеңмен, жартылай прозамен жазылған.
Жазушы шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған, романға өмірде болған уақиғалар негіз болған. Романының идеясы Қамар мен Ахмет арасындағы махаббаттың трагедиясынан ғана туындамайды. Торайғыров әйелдер тағдырын адамдық құқығын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсетеді. Романда сатиралық өрнектер мен ирония, публицистикалық әуендер қабат келеді. Жазушы өзінің ашу-ызасын туғызған қазақы тірлік келеңсіздіктерін ашына жазады, жымысқы психологиясын сынға алады.
Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау — Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар бейнесі — қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы — олар үшін күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бермек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық — өмір заңы. Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді.
Романның кейіпкерлері:
Қамар — аса сұлу, ақылды, ұстамды, сөзге шешен, ақын қыз.
Ахмет — кедей шаруа ортасынан шыққан, аздап оқыған жігіт, сөзге шешен ақын, ел аузына ерте ілінген қадірлі жастардың бірі. Жазушының ұғымында, Ахмет — жаңа дәуірдің өкілі. Оның тіршілігі қаламен байланысты, сонда оқыған. Бірақ Ахметтің қаладағы қызметі жайлы жазушы ештене айтпайды. Және ол романның міндетіне де кірмейді. Торайғыров оны Қамарға байланысты ғана суреттейді. Қамар Ахметті жақсы көреді, бірақ екеуі — екі ортаның адамдары. Оның үстіне қалыңсыз қыз берілмейтін қатал әдет заңы тағы бар. Қалыңмал берерлік Ахметте әл жоқ. Осы жайлар Қамарды да, Ахметті де катты ойландырады. Ахмет жас буынның жаңашыл өкілі есебінде адамды бағалай, қадірлей біледі. Бұл оның Қамарға жазған хаттарынан анық байқалады.[2]
Қасен — Қамардың ағасы, Ахметпен «бірге өсіп, бірге оқып, біте қайнаған сырлас еді».
Омар — Қамар мен Қасеннің әкесі. Көзі ашық, оқыған, ойлы, дәулетті жан.
Жорға Нұрым — Қамарды көндіріп алмақ болған бай әрі надан болыс. Жазушы оны былай суреттейді: «Жасында аттан жығылып, бір жақ аяғының ақауы болғанға құрдастары "Жорға Нұрым" деп, сонан елге де "Жорға Нұрым" атанып кетіп еді. Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді-бірге атыстырып, елді қан жылатумен шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді».
Оспан би
Қалтаң қажы
бақсы-балгер
Спандияр Көбеевтің творчестволық мұрасында «Қалың мал» романы ерекше орын алады. Жазушының бұл шығармасындағы негізгі кейіпкері Ғайшаның тағдыры арқылы қазақ қызының сол бір бейуақыттағы аянышты өмірін, аңсаған арманы мен үмітін, сол жолдағы талабы мен күресін шынайы түрде жинақтап көрсеткен және әлеуметтік теңсіздік пен соған қарсылық тақырыбын да қамтыған. Бұл Көбеевтің творчествосындағы прогресшіл бағыт пен демократтық беталыстың айқын да, даусыз шындығы еді.
Романда Революция алдындағы қазақ ауылында болған қат-қабат әлеуметтік өзгерістер шынайы суреттелген, дәуір шындығы боямасыз көрсетілген. Романда қалың мал әлегі, қазақ қызының аянышты да арманды тағдыры нанымды бейнелеумен қатар дала тіршілігіндегі әлеуметтік теңсіздіктің, жолсыздықтың сан алуан көрінісі батыл әшкереленген. Ел билеуші әкімдер мен үстем тап өкілдеріне қарсылық білдірген кедей бұқарасының әрекеті шыншылдықпен суреттелген. «Қалың мал» романы – тілінің тазалығы, көркемдігі жағынан да өзімен тұстас прозалық туындылардан өзгеше шығарма.
Жазушы романында халықтың сөз байлығын, мақал-мәтелдерді орынды пайдаланған, кейіпкерлер характерін даралап көрсеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |