ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПРОЗАСЫН САРАЛАУДЫҢ ШАРТТАРЫ
Қазақ фольклорының прозалық жанрларын ғылыми негізде саралау – ұлттық фольклортану ғылымы үшін аса маңызды әрі жауапты іс. Бұл көптеген практикалық жұмыс атқаруды қажет етеді. Ең алдымен қолда бар прозалық шығармаларды түгел есепке алып, оның типтерін, сюжетттерін, мотивтерін, кейіпкерлерін анықтау керек. Оларды реттеп болған соң, жинақтап, жүйелеп алу қажет. Сонан соң жанрлық саралаудың принциптерін айқындау керек. Принципті айқындау үстінде даралаудың, сондай-ақ бөлшектеудің критерийлерін белгілеп алған жөн.
Қазақ прозалық фольклорын жанрға саралау ісіне бөгет жасайтын нәрсенің бірі – оның жеке жанрларының біркелкі тексерілмеуі. Айталық, қазақ ертегілерінің жанрлары біршама зерттелген болса, халық прозасының басқа жанрлары түгелдей арнайы түрде ғылым объектісі болып көрген жоқ. Ертегіге жатпайтын прозалық шығармалар ғылыми топтастырылған да, жүйеленген де жоқ.
Сонымен бірге халық прозасын саралау барысында мына нәрселер ескерілуге тиіс: біріншіден, қолдағы материалдың сыр-сипаты қандай, оның қандай ерекшелігі бар деген сұрақтар жауап табуы керек. Екіншіден, бұл материалға халық қалай қарайды, оны қалай бағалайды деген сауалдар айқындалуы қажет.
Қазақ халық әдебиеті үлгілерінің көп жиналғаны баршаға аян, бірақ жанрға шаққанда, қазақ фольклорының барлық жанры біркелкі жиналған деуге болмайды. Кейбір жанрлар (айталық, батырлар мен ғашықтар жыры, мақал мен мәтел, тұрмыс-салт ертегілері, т.т.) көптеген шығармалармен көрінсе, енді бір жанрлардың жазылып алынған нұсқалары айтарлықтай көп емес. Соның бірі халық прозасының ертегі жанрына жатпайтын түрлері. Атап айтқанда: хикая (быличка), миф, топонимикалық аңыз (предание). Көп ретте бұл жанрдағы шығармалар екі рет қана жазылып алынған. Соның салдарынан «аңыздық проза» жанрлары жеке жинақ болып бірде-бір рет шыққан емес, ол ылғи ертегіге арналған жинақтарда қосалқы дүние ретінде беріліп жүр. Оның үстіне халық прозасының бұл түріне арналған ешқандай библиографиялық немесе басқаша бір әдебиет жоқ. Ал шындығында қазақ арасында миф пен аңыздар, хикаялар бұрын жиі айтылған. Оған дәлел ретінде революциядан бұрын шығып тұрған газет пен журналдарда жарық көрген тарихи, топонимикалық аңыздарды, әңгіме-хикаяларды айтуға болады.
Жоғарыда айтқанымыздан шығатын бір қорытынды – ертегіге жатпайтын халық прозасының үлгілері аз жазылып алынған. Оның себебі бірнеше: бірінші себеп – жалпы қазақ фольклорының ғылыми мақсатпен жүйелі түрде өте кеш жиналуы. Шынтуайттап келгенде, біздің ұлттық фольклорымыз тек совет дәуірінде ғана жиналды.
Екінші себеп – жинаушылар ғылыми дайындығының аздығынан және уақыт талабын ескеруіне байланысты көбіне-көп көркем фольклорды, атап айтқанда, батырлар мен ғашықтар жырын, тарихи жырды, дастандарды, жұмбақ пен мақалмәтелдерді, ертегілерді жазып алуға тырысты. Үшінші себеп, қазақ халық әдебиетін жаппай жинауға кіріскен кезде (яғни 30-40 жылдарда) ел арасында көркем фольклордан басқа шығармалар айтылудан қалып, ұмтыла бастаған еді. Мүлде ұмытылмаса да, өмірлік қабілеті әлсіреп, таралу шеңбері тарылған еді. Тағы бір себеп ретінде айтатын нәрсе – көркем фольклордан тыс мұраға тұрпайы социология тұрғысынан қарап, жинаушылар да, зерттеушілер де ертегіге жатпайтын прозалық фольклорға айтарлықтай көңіл бөлмеді, оның ғылыми маңызын жете түсінбеді, тіпті оған үрке қарады.
Қазақ халық прозасын жанрлық саралаудың тағы бір қиыншылығы қолда бар материалдың ерекшелігіне байланысты. Ол ерекшелік – бүкіл қазақ халық әдебиетінің табиғатына тән жанрлық синкретизм мен көпсатылық (полистадиальность) және әрсатылық (разностадиальность). Басқаша айтқанда, қазақ фольклоры жанрларының арасында көзбен көріп, қолмен ұстайтын жік жоқ. Олар әу бастағы тектік туыстығын жоғалтпаған, сондықтан бір-біріне оңай кірігіп, ортақ белгілер мен қасиеттерді иемденеді, синкреттік сипатта болады.
Сонымен қатар бүкіл халық әдебиеті сияқты, прозалық фольклор көп дәуірде туған шығармаларды қамтиды, тіпті оның бір жанры мен бір шығармасында бірнеше дәуірге тән ойлау мен көркемдеудің көп сатысы бар, яғни көне формалармен бірге жаңа формалар да қатар өмір сүреді. Прозалық фольклордың құрамында сондай-ақ әр дәуірдің таңбасы бар. Әр түрлі заманда туған сюжеттер мен мотивтер кездеседі, әр дәуір болмысының көріністері сәулеленеді. Жалпы, халық прозасының жанрлық жіктері туралы айтқанда, мына жағдай есте болуы шарт. Проза жанрларының өзара өте жақын болуы, олардың біріненбіріне оңай кірігіп кетуі екі себепке байланысты. Біріншіден, көне жанрлар пайда болған кездегі тектік жақын қасиеттерін жоғалтпаған, екіншіден, жанрлар ұзақ уақыт бірге өмір сүру кезінде өзара байланыста, бір-бірімен тығыз қатынаста болған да, түгел бір жанрлық жүйе құраған.
Осы екеуінің ішінде, әсіресе, бірінші, яғни жанрлардың синкреттігі халық прозасын саралау мен оларды атайтын терминдерді анықтауда едәуір қиындық туғызады. Мысалы, орыс халық прозасында сказка, предание, сказ, легенда, былинка жанрлары белгісі мен қасиеттері жағынан айқын жіктеліп, сараланған және олардың әрқайсысына нақты бір терминдік атау берілген. Себебі мұнда көне дәуір жойылған, жанрлық жүйе қоғам дамуының сатысына сай қалыптасқан.
Демек, әр халық фольклорының ерекшелігі сол халықтың тұрмысына, қоғамдық құрылысы мен мәдени дамуына байланысты. Сол себепті де орыс халық прозасындағы жанрлар мен қазақ халық прозасындағы жанрлар толық сәйкес келмейді, олардың атауларына сыйғызылатын ұғым да әр басқа. Айталық, орыс фольклортануында қолданылатын «предание» атауына қазақ фольклористері пайдаланып жүрген «аңыз» атауы сәйкес келмейді. Предание жанрына орыс фольклортану ғылымы тарихи негізгі бар фольклорлық шығармаларды жатқызса, қазақ фольклортану ғылымында аңыз жанрына одан кеңірек ұғым беріледі. Дәл айтсақ, орыс фольклортануында «легенда» деп аталып жүрген шығармалар іспетті нұсқалар да «аңызға» кіреді. Яғни қазақша «аңыз» термині орысша «предание» және «легенда» терминдерінің ұғымын береді.
Бұдан шығатын қорытынды – жанрларды жіктеп, саралағанда екі түрлі фактор есте болуға тиіс. Ол: а) халықтың бұл жанрға қатысы (айтушы мен тыңдаушы илана ма, жоқ па?; шын болған оқиға деп түсіне ме, жоқ па?), ә) жанрдың өзінің болмысқа қатынасы (ол шындықты қалай бейнелейді?)
Осыған байланысты Еуропа халықтарының фольклорлық прозасын атайтын терминдер қазақ топырағында сол қалпында емес, басқа мағынада қолданылуы ықтимал. Мәселен, халықаралық терминге айналып кеткен «миф» атауы қазақ жағдайында еуропалықтар қолданған мағынадан сәл басқалау болуға тиіс. Қазақ қоғамы, қауымы, тұрмыс-тіршілігі, бүкіл болмысы Еуропа елдерінен өзгеше, соның нәтижесінде оның фольклоры да басқаша. Тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті қазақ еліне ұқсас жұрттың да фольклорында «миф» термині еуропалықтар түсінігіндегі «миф» емес. Қазақ сияқты, олар үшін де «миф» пен «аңыз» үлкен роль атқарған. Ол мифтер мен аңыздарда сол қоғам ұстанатын бүкіл өмір қағидалары мен әдет ғұрпы, тіршілік ерекшеліктері мен әдеп шарттары жинақталған. Сол себепті ондай мифтер өте көне туынды болып саналады, олардың көркемдігі ертегідей емес. Және олар үлкен мифологиялық жүйеге айналмаған.
Қазақ халық прозасының жанрлары мен басқа да ішкі түрлерін ажыратудың қиындығы, бір жағынан, олардың зерттелмеуіне байланысты болса, екінші жағынан, ол жанрларды атауда терминологиялық ұғымдардың бір ізге түспегендігінен болып отыр.
«Ертек» терминінен басқа нақты ұғым жоқ. Халық терминологиясына жүгінетін болсақ, онда да дәлділік жоқ. Мұнда прозалық жанрлардан басқа түрлерге біршама тұрақты және нақты атаулар берілген. Айталық, эпосты – жыр дейді, мұңшер өлеңдерін көңіл айту, естірту, жоқтау, қоштасу деп атайды, той салтына байланысты өлеңдерді беташар, жар-жар, сыңсу дейді. Ал прозалық жанрларда мұндай дәлділік жоқ. Ел арасында фольклорлық прозаны «ертек» және «аңыз» деп екі үлкен салаға бөледі. Олардың әрқайсысының ішкі жанрлары аталмайды, оларға берілген атау да, ұғым да жоқ. Осыған байланысты қазақ фольклористері де ертегіден басқа проза жанрларын әлі жекелеп алып, жіктеген де, саралаған да жоқ.
Ғылыми саралаудың қандай түрі болса да, ол ең алдымен бір белгілі шартты анықтап, соны ұстанады. Ондай белгілерді анықтау оңай емес, ол үшін қолда бар дүниені ұзақ уақыт зерттеп, сұрыптап, сипаттап алған дұрыс. Қалай болғанда да саралауға негіз болатын белгілер (принциптер, шарттар десе де болады) төмендегідей қасиеттерге ие болу керек.
1. Дараланып бөлінетін белгі – құбылыстың немесе шығарманың ең маңызды, мәнді қасиетін қамтуы қажет. Зерттейтін нәрсенің несі мәнді, маңызды екені зерттеудің мақсатына байланысты.
2. Таңдап алынған белгі – тұрақты қасиет болуы керек. Алайда, фольклор шығармаларын саралау кезінде бұл шартты ұстану өте қиынға соғады, себебі фольклор алғашқы пішінін сақтамайды, оның жанрлары әр дәуірде өзгеріске ұшырап отырады. Бірақ соған қарамастан бір жанр шығармаларына тән тұрақты белгілерді табуға болады. Ол үшін шығарма варианттарын және бір сюжеттің әр жанрда пайдаланылған нұсқаларын зерттеу керек. Сондай-ақ кейіпкерлердің тұрақты іс-әрекеттері арқылы да жанрдың өзгермейтін белгісін анықтауға болады. Мысалы, адам мен жезтырнақтың кездесуі жайындағы барлық шығармада екі кейіпкердің қимылы, ісәрекеті тұрақты түрде көрінеді. Демек, біз бұл жерде хикая жанрының бір белгісін тұрақты деп есептеуімізге болады. Ол – екі кейіпкердің жолығу жағдайы мен іс-әрекеті.
3. Ұстанған белгіге айқын анықтама беріліп, оны әркім әр түрлі түсінбейтін болуы керек, яғни анықтама елдің бәріне түсінікті болуға тиіс.
Міне, жанрларды саралағанда ұстанатын белгілер осы үш шартқа толық сәйкес болуы міндетті. Әрине, жанрлардың басқа да өзіне тән белгілері болуы мүмкін, оны, сөз жоқ, ескеру қажет.
Бір ескеретін нәрсе: аталған үш шарт негізінде саралау, әсіресе, үлкен топтарға бөлу кезінде ұтымды. Айталық, прозалық фольклорды ертегілік проза және аңыздық проза деп екі үлкен топқа бөлгенде прозалық шығармалардың мазмұнына ел илана ма, әлде иланбай ма деген шарт негізге алынады. Сырттай қарағанда, бұл субъективті принцип болып көрінуі ықтимал. Бірақ шындығында олай емес. Ертегілік прозада қиял – көркемделіп, таңғажайыпқа айналған, яғни ертегілерде қиял – көркемдік құрал ретінде қызмет атқарады. Ал аңыздық прозада қиял – көркемдік құрал емес, ол таңғажайыпқа (фантазияға) айналмаған. Бұл топтағы шығармаларда баяндау шынымен болған оқиғаны бейнелеп отырғандай сезіледі және айтушы мен тыңдаушылар солай түсінеді.
Міне, шығармаға илана ма, иланбай ма деген шартты сұрақ бүкіл халық прозасын екі үлкен топқа бөледі. Бұл – ең басты белгі. Оны екі топ жанрларының поэтикасы да, эстетикасы да дәлелдейді.
Сонымен, қазақ прозасын жанрлық классификациялаудың басты шарттары мыналар болмақ:
Достарыңызбен бөлісу: |