4.Есiмiн көпшiлiк бiле бермейтiн әрi дерегi де аз «бесеудiң» бiрi – Емберген АЛТЫНБЕКОВ. 1904 жылы туылған бұл азамат жайлы қолдағы бар дерек – оның 1925 жылы Коммунистiк партияға мүшелiкке қабылданып, ал хатты жазған кезде Мұташ Дәулетқалиев басқаратын Коммунистiк жоғары оқу орнында оқу iсi жөнiндегi проректор болғандығы жайлы ғана дерек.
5. Қадыр ҚУАНЫШЕВ 1906 жылы туылған. 1930 жылдан бастап Коммунистiк партияның мүшесi болған ол дәл сол тұста Қазақ АССР Мемлекеттiк жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушiсi қызметiн атқарыпты.
Қазақ тарихындағы алапат аштық кезеңiн арнайы зерттеген тарихшылардың бiрi де бiрегейi – Талас Омарбеков. «Бәлкiм, сол кiсiнiң қолында осы «Бесеудiң хатына» қатысты құжаттар мен авторлардың суреттерi бар шығар» деген оймен бiз ғалымға хабарластық.
БК(б)П Өлкелiк комитетiне, Голощекин жолдасқа
...«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда («Қазақстанның 10 жылдығы» атты жинақ). ...Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшiктi орташалар мен кедейлердiң ғана емес, сонымен бiрге, негiзiнен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады...
... Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?.. Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iс басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?