Тәжірибелік сабақ №8: Мәтінді қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстар.
Сұрақтар мен тапсырмалар: 1. Көркем шығармаға байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысының мақсатын түсіндіріңіз.
2. 2-сыныптың оқулығынан кез келген бір бөлім бойынша жаңа сөздерді теріп алып, олардың ішінен бес-алтауына сөздік жұмысын жүргізіңіздер.
3. Ақын А.Тоқмағанбетовтің балаларға арналған өлеңдерінің мазмұны, тәрбиелік мәні.
4. Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесін оқыңдар, әңгіме желісіне байланысты үш жабық сұрақ және үш ашық сұрақ дайындаңдар.
5. Қосымшада берілген өлеңдерді оқу, сөздік жұмысын ұйымдастыру.
Жауаптары 1. Көркем шығармаға байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысының мақсатын түсіндіріңіз.
Оқу сабақтарында сөздік жұмысына арнайы кезең бөлінбейді. Сондықтан сөздік жұмысы сабақ барысында жүргізіледі. Мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізілмесе, мақсатқа жету мүмкін емес. Мысалы, бірқатар оқушылар вокзал, перрон, метро, экскалатор т.с.с. сөздерді түсіндірмесе, мәтін мазмұнын толық түсінбейді, оларда елес тумайды.
Мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезеңде жүргізіледі:
1) мәтінді оқуға дайындық кезеңінде;
2) шығарманы оқу барысында;
3) оқып болғаннан кейін.
Мәтінді оқуға дайындық кезінде шығарманың мазмұнын ұғынуға қиындық келтіретін сөздер түсіндіріледі. Сөздік жұмысын оқып келе жатқан материалды үзіп тастап жүргізу оқушының зейінін алаңдатып, мәтінге деген ынтасы мен қызығуын тежейді де, балалардың бірқатары онан әрі оқылған материалды тыңдамайды.
Ал өлең оқу барысында қиын сөздер мүлде түсіндірілмейді. Өйткені өлеңнің ырғағы, дауыс мәнері бұзылып, тыңдаушыға әсері азаяды. Оқушылардың ойын, тілін дамытуда синоним сөздерді пайдалануға үйрету керек.
Сөздік жұмысын жүргізгенде мұғалімнің есінде болатын жағдай — сөздік жұмысын балалардың өз өмірімен, нақты елестерімей байланыстыру.
Сөздік жұмысын түрлендіріп жүргізуге болады: (INSERT стратегиясы)
«+» — жаңа білдім
«-» — білмедім
«?» — мен үшін жаңалық
«V» — білемін.