Белсенді оқытудың мәні – оқу үдерісі іс жүзінде барлық оқушы таным үрдісіне тартылатындай болып ұйымдастырылуында.
Қазіргі кезде белсенді сабақ ұйымдастыруда Дэвид А. Колб (David Kolb) ұсынған келесі схема кеңінен қолданыс табуда:
Уәж туындату, оқушыларды сабаққа ынталандыру және жаңа тақырыпты жариялау – сабақ уақытының 10 % үлесі
Өткен тақырыпты бекіту (қайталау) – сабақ уақытының 20 % үлесі
Жаңа материалды игеру - сабақ уақытының 50 % үлесі
Бағалау – сабақтың 10 % үлесі
Сабақты қорытындылау (дебрифинг, рефлексия) - сабақтың 10 % үлесі.
Сабақтың мазмұнды кезеңдеріне түсініктеме:
Уәж туындату – сабақтың бастапқы кезеңі. Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру, қызықтыру және сабақта үйренетін білімнің қажетті және пайдалы болатынын көрсету. Оқушылардың ішкі уәжі олардың оқу материалын жақсы игеруіне тікелей әсер етеді. Бұл кезеңде оқу мақсатын оқушылардың түсінуіне жағдай жасалады.
Бекіту – қызығушылық және материалды меңгерудің тиімділігін көтерумен қатар оқушылардың санасында пән бойынша оның білімінің бірізді логикалық құрылымның қалыптасуына мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Жаңа материалды игеру – оқушылар жаңа білім алатын негізгі кезең. Бұл кезеңде мұғалім оқушылардың қажетті білім, білік-дағдыларды игеруін қамтамасыз ететін жаттығулар мен тапсырмалар дайындауы керек.
Бағалау – сабақтың маңызды ынталандырушы бөлімі. Бағалау икемді, көрнекті және әділ болуы керек, осындай жағдайда ғана бағалау арқылы оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға болады. Бағалаудың дұрыс болмауы оқушының пәнге қызығушылығын жойып, оқуға ынтасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бағалау кезеңі тексеруге емес, оқушыларды ынталандыруға бағытталғаны маңызды.
Дебрифинг – сабақты қорыту, кері байланыс алу, сабақтың соңғы кезеңі. Мұнда мұғалім оқушыларға сабақта не ұнағанын және ұнамағанын сұрайды, сабақ бойынша оқушылардың ұсыныстарын жинайды және сабақты қорытып, игерген білімді оқушылардың әрі қарай өз бетінше тереңдетуіне бағыттайды.
Сабақтың ерекшелігіне байланысты кезеңдерге бөлінген уақытты мұғалім өз шеберлігіне байланысты өзгертуі мүмкін, бірақ осы кезге дейін жинақталған тәжірибе берілген үлгінің тиімді екенін көрсетеді. Бұл модель сабақта әдетте қолданатын үш кезеңмен үйлеседі:
1-кезең: Уәждеу және жаңа тақырыпты жариялау, өткен сабақты бекіту (қайталау) – 30% 2-кезең: Жаңа материалды меңгеру – 50%
3-кезең: Бағалау және сабақты қорытындылау – 20%.
Сәтті сабаққа қойылатын талаптар
Жеке сабақтың тізбектелген сабақтар топтамасындағы маңызы мен орны белгіленуі;
Оқу мақсаттарының және оған жету қадамдарының нақты анықталуы
Оқу бағдарламасының талаптары мен сабақтың мақсатына сәйкес мазмұнды сабақтың болуы;
Сабақтың жекелеген кезеңдерінде және сондай-ақ бүкіл сабақ бойында оқушылардың меңгерген білік дағдылары мен білім деңгейлерінің жоспарлануы;
Оқушылардың танымдық белсенділігін қалыптастырып, дамытуға негізделген оқу құралдары мен әдіс-тәсілдердің тиімді түрлерін таңдау;
Сабақта оқушының жеке жұмысы мен бірлескен оқу үлгілерін тиімді қолданылуы;
Оқушының өз бетінше білімді игеруіне барлық мүмкіндіктің қарастырылуы;
Әрбір оқушының мүмкіндіктері мен қажеттілігінің ескерілуі;
Сабақта дидактикалық қағидаттардың жүзеге асуы;
Сабақта оқушы үшін табысты оқу ортасының қалыптастырылуы;
Сабақта жедел кері байланыстың жүзеге асуы;
Сабақта жоғары қарқын және белсенді үдерістің болуы;
Көтеріңкі эмоциялық көңіл-күйдің болуы;
Сабақта қауіпсіз ортаның, жағымды психологиялық ахуалдың орнатылуы.
Достарыңызбен бөлісу: |