Мұғалім оқушылармен сәлемдеседі.
Бүгін біз « Бейнелеу өнері » деп аталатын жаңа оқу пәнімен танысамыз. Бейнелеу өнері сабағында сендер түрлі пішіндер мен сызықтар, бояулар әлеміне саяхатқа шығасыңдар.Сурет салуды, құрастыруды, аппликация және табиғи, жасанды заттардан көптеген бұйымдар жасауды үйренесіңдер. Ұлттық және әлемдік мәдениет өнерінің туындыларымен танысасыңдар.
Мұғалім:
– Бүгін біз бейнелеу өнерінің алғашқы сабағын өтеміз.
Қалай ойлайсыңдар, бейнелеу өнері дегеніміз не?
Бейнелеу өнері дегеніміз – айналамыздағы өмір көріністерін жазықтықта әрі кеңістікте бейнелеу арқылы суреттейтін өнер түрі. Бейнелеу өнер түрлері: кескіндеме, графика, мүсін, сәулет өнері, сәндік-қолданбалы өнер.
Бейнелеу өнері сабағына әртүрлі құрал-жабдықтар қажет.Сурет салуға арналған жәй қарындаштар қатты және жұмсақ болып екі топқа бөлінеді. «Т» «Н» - қатты, «М» «В» - жұмсақ.Сурет салуға ең қолайлы және өшіруге көнгіш қарындаштар «Т,М, ТМ» болып табылады.
Сурет салатын қағаздар жұқа, қалың, тегіс, бұдыр болып бірнеше түрге бөлінеді. Қарындашпен сурет салуға қатты және тығыз қағаздар ыңғайлы. Сонымен қатар сурет альбомын пайдалануға болады. Қолданылатын бояу түрлері: субояу(акварель), гуашь, тушь. Бояумен жұмыс істеуде ең басты құралдардың бірі- қылқалам.Жұмыс соңында қылқаламды жуып, құрғатып қою керек. Өшіргіш- қарындашпен сурет салуда қате кеткен сызықтарды түзеу үшін қажетті құрал. Мольберт – сурет салуда пайдаланылатын өте ыңғайлы және қолайлы жабдықтың бірі.