Оқушылардың рухани мәдениетін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру;
Оқушылардың бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастыру;
Тақырыпқа байланысты әртүрлі деректер, материалдар, фактілер және мәліметтерді саралау арқылы оқушылардың танымдық-эвристикалық қабілеттерін арттыру:
Абай: «Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады», – деген екен. Ұлы ойшылдың осы бір даналық сөзі әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ. Білім – әрбір азаматтың әлеуметтік хал-ахуалының жақсаруының, мемлекетіміздің жан-жақты дамуының кепілі.
Қай заманда, қандай реформа болсын мектептің басты тұлғасы – мұғалім. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы… Мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім», – деген А. Байтұрсынұлы. Осы орайда «Мұғалім тұлғасын қалай сипаттауға болады?» деген сұрақ туандайды.
Теориялық жағынан білімді, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген, үнемі кәсіби шеберлігін шыңдауға ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық.
Адам Ата-Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шартарапқа жетелеуші. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтініміз, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»