5. Сабақ бойыншарефлексия Сұрақ-жауап арқылы студенттердің түсіну деңгейін анықтау,
Сабақтың ең сәтті тұсы қандай?
Сабақта қиналған тұсыңыз қайсысы?
6. Үй тапсырмасы: Ертегі кейіпкерлері бейнеленген сюжетті рөлді театр бейнелеу
Дәріс материалы "Ойын – балаларды тәрбиелеу және дамыту құралы" Бала мен балалар ұжымының дамуында мектеп жасына дейінгі іс-әрекетінің негізгі түрі ойын орасан зор роль атқарады. Ойын балалар үшін айналадығы танып, білу тәсілі. Ойын мен ойын әрекеті мазмұннан әлеуметтік сипаты баланың қоғамда өмір сүретіндігімен байланысты. Ол алғашқы айлардан бастап-ақ маңайындағылармен қарым-қатынас жасауға ұмтылады, соның арқасында жасау құралы, күш қуаты тілді біртіндеп меңгереді. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп А.С.Макаренко былай деп жазады: «Бала ойында қалай болса, өскесін жұмыста да көп жағынан ұқсас болады. сондықтан келешек қайраткер азаматты тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады. Ойынның негізгі ерекшелігі – ол балалардың қоршаған өмірді, адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін, олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым-қатынасын бейнелеуі болып табылады. Ойында бөлме теңіз де, ұшақ та, темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде де сөйлесіп жүреді. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар: ойынның түпкі ниеті, сюжеті немесе мазмұны, ойын әрекеттері, рольдер, ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі.
Ойынның түпкі ниеті – бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы. Мысалы: «Дүкен», «Аурухана», «Ұшқыштар», «Отбасы», «Балалар бақшасы» және т.с.с. болып ойнайды.
Ойынның сюжеті, мазмұны – бұл оның жанды тұлғасын құрайтын, ойын әрекеттерінің, балалардың өзара қарым-қатынастарының дамуын, көп жақтылығын және өзара байланысын анықтайтын нәрсе. Ойынның мазмұны оны қызықты етеді, ойнауға ықылас пен ынтаны қоздырады. Ойын процесінде балалардың өздері ойнаушылардың мінез-құлқы мен өзара қарым-қатынасын анықтайды және реттейтін ереже белгілейді. Ойын бала үшін нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. Тәрбиеші балаларға жақын болуға, олардың ойындарының сүйікті қатысушысы болуға тиіс. Ойынның мазмұны мен ережесін, өзінің ойындағы ролін пайдаланып, ойнаушылардың ынтасын басып тастамай, әдеппен ойынның барысын, олардың өзара қарым-қатынасын бағыттап отырады. Өзі де сол ролге қатыса алады. Ойынның көп уақыты серуенде өтеді. Сондықтан аулада арнаулы құрылыстар, ғимараттар (кемелер, автобустар), көптеген құрылыс материалдары күректер, доптар, секіргіштер болуға тиіс. Ойын сонымен бірге оқу үстіндегі оқытумен де тығыз байланысты. Ойын ешқашанда өзінің қызықшылығын жоғалтпайды, тек оның мазмұны, сипаты өзгереді. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рольді, драматизациялық, дидактикалық құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді.
Сюжетті – рольді ойындар мектепке дейінгі балаларға тән, ең сипатты ойындар болып табылады. Ол балалар өмірінде елеулі орын алады. Сюжетті – рольді ойындардың ерекшелігі сол, оны балалардың өздері жасайды. Ойынның дербес әрекеті айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар ұзақ та, қысқа да болуы мүмкін. Сюжетті – рольді ойында бейнелеу құралы роль мен ойын әрекеттері болып табылады. Өзінің сипаты жағынан бұлар көбінесе еліктеу, шындықты көрсету болып табылады. Мысалы, «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушың әрекеттеріне, ал «Аурухана» болып ойнағанда дәрігер мен науқастың әрекеттеріне еліктейді. Педагог өткізілген ойынға талдау жасап, оның балаларға тигізген тәрбиелік ықпалын бағалауға, өз тобындағы сюжетті-рольді ойындарына одан әрі басшылық ету тәсілдерін ойластыруға тиіс.
Драматизациялық ойындарға мазмұн, рольдер, ойын әрекеттері қандай да бір әдеби шығарманың, ертегінің т.б. сюжеті мен мазмұнына шарттас болады. Ол сюжетті-рольді ойынға ұқсас. Драматизация ойынында балаға қандай болсын айқын тәсіл көрсетпеу керек – ол үшін ойынның шын мәнінде ойын болғаны дұрыс.
Құрылыс ойыны – балалар әрекетінің бір түрі. Оның негізгі мазмұны қоршаған өмірді алуан түрлі құрылыстарды және соларға байланысты іс-әрекеттерді бейнелеу болып табылады. Құрылыс ойыны бір жағынан сюжетті-рольді ойынға ұқсас келеді, және соның бір түрі деп қаралады. Олардың қайнар көзі біреу – қоршаған өмір. Балалар ойын үстінде көпірлер, стадиондар, темір жолдар, театрлар, цирктер т.б. ірі құрылыстар салады. Құрылыс ойындарында олар қоршаған заттардың, құрылыстардың көшірмесін жасап, құр бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге өздерінің шығармашылық ойын, жобалық міндеттердің өзіндік шешімін енгізеді.
Дидактикалық ойын формасы кішкене балаларға мейлінше тән оқыту формасы болып табылады. Оның арғы тегі ойынды өлең мен қимылмен ұштастыру негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындарды жасаған халық педагогикасында жатыр. Мысалы, «Сиқырлы қалпақтың сырын ашайық» деген ойында ересек топтарда тәрбиеші балаларды зат туралы айта білуге үйрету, олардың жүйелі сөйлеу қабілетін дамыту міндетін алға қояды. Ойын міндеті – қалпақтың астында не бар екенін білу.
Дидактикалық ойынның нәтижесі қандай жолмен болса да ұту емес, балалардың білімді игеру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда жеткен жетістіктерінің көрсеткіші. Дидактикалық ойындарда да балалардың алдына қандай да бір міндеттер қойылады, оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті зейін қою, ой күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу, іс-әрекеттердің жүйелілігін қиыншылықтарды жою керек болады. Олар балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға, ұғымдарын қалыптастыруға, білімді меңгеруіне көмектеседі. Дидактикалық ойындар айналамен табиғатпен таныстыру сабағында, математика, тіл дамыту, сауат ашу, көркем әдебиет, сенсорика сабақтарында жиі қолданылады. Дидактикалық ойындар топ бөлмесінде, аулада, залда, орманда, учаскеде өткізіледі. Дидактикалық ойынның орталығы ойыншықтар мен ойын құралдары.
Әрбір топта дидактикалық тұрғыдан жабдықталған қуыршақ, оның күнделікті тұтынуына керекті барлық заттардың комплектілері болу керек. Үстел үсті ойындарға лото, домино, тақырыптық ойындар («Қайда не өседі?», «Бұл қай кезде болады?», «Бұл кімге керек?» т.б.), пазылдар, леголар, қимыл белсенділігін, ептілікті талап ететін ойындар («Ұшатын қалпақтар», «Қаздың балапаны», «Нысанаға тигіз» т.б.) мозайка типтес ойындар жатады. Ересек топтағы балалар үшін қағазға басылған үстел үстінде ойналатын қызықты келеді. Оларда табиғат құбылыстары, транспорттың алуан түрлері (кім не мінеді, немен жүреді, немен жүзеді, немен ұшады?) бейнеленген, ертегілердің кейіпкерлері қимыл көрсетеді.
Қимыл ойындары алдымен балаға дене тәрбиесін беру құралы. Олар балалардың қозғалысын жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, қағып алуды жаттықтыруға, дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік береді. Қимыл ойындары баланың жүйке психикалық дамуына, жеке басының аса маңызды салаларының қалыптасуына да үлкен әсер етеді. Қимыл ойында ережелер ұйымдастырушы роль атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым-қатынасын, баланың мінез-құлқын анықтайды. Қимыл ойындары үйдің ішінде және серуен кезінде бірнеше баламен немесе бүкіл топпен өткізіледі. Олар сондай-ақ дене шынықтыру сабақтарының құрамына енеді. Балалар ойынды игерген соң өздігінен ойнай алады. Қимылды ойындарды ұлттық ойындар желісінде ұйымдастыруға болады. Мысалы, «Соқыр теке», «Арқан тарту», «Төс қағыспақ», «Көкпар», «Асық», «Бәйге», «Тақия тастамақ» т.б. ойындар жатады. Бала өмірінің кезеңі ойын арқылы жетіледі.
Сол сияқты ойындар да топта жас ерекшелігіне сай жүргізіледі. Ойын балаларға сабақта да, серуенде де өте қажет, тіпті бала жай демалып отырғанның өзінде де ойын үстінде болады. Қимылды ойындар баланың барлық жас кезеңінде өтеді. Қазіргі таңда Сорос бағдарламасының технологиясымен жұмыс істеп жатқан кезде, оның аты айтып тұрғандай-ақ сабақтар ойын орталықтары арқылы өтеді. Мұнда балалар тек ойын орталықтарымен шектеліп қалады деген сөз емес, ертеңгілік жиында, не болмаса сабақ соңында ойын түрлерін міндетті түрде қолданылады. Тіпті балалардың қызығушылығына қарай олар сабақтан кейін де сол орталықта ойынын жалғастыра береді. Күні бойы балалар жабдықталған ойын орталықтарында ойын алаңы ретінде ойнай алады. Өмірдегі түсінігі еліктеуі, бақылауы осы ойын үстінде көрініс табады.