Қиссасы Қасқыр, Тырна болды тамам, Мінездес, қасқырменен кейбір адам. Басына пәле түсіп, қысылғанда, Жалынып-жалпаяды келіп саған...
Қайырды қарап істе адамына, Қарайлас өзіңменен шамалыға Қасқырдай қаражүрек залымдардың Жүрмеңдер түсіп кетіп тамағына, – деген тұжырым қазақылық ұғымға сай келеді.
«Ала қойлар» мысалында жадағай зорлықзомбылық қана емес, отаршылдық саясаттың зұлымдық бет пердесі ашылады. Ахметтің түпнұсқадағы 38 жолдық мысалды 64 жолға жеткізіп аударуы өзінің айтар ойын оқырманның тереңірек ұғынуына жол ашу еді. Мұнда Ахмет ақ патшаның құлқынқұмар саясатын, отар елдерді айлалы тәсілмен қанап отырғандығын суреттейді. Арыстан – орыстың ақ патшасы, аю мен түлкі – жақын кеңесшілері, ала қойлар – бұратана халық. «Әділ» патша «ала қойларды» көргенде көзі ауыратынын айтып, олардан құтылудың жолын «кеңесшілерімен» ақылдасады. Оларға өз ойын ашық айтып, беделіне көлеңке түспейтіндей болуын сұрайды. Сонда аю: