деп, Ахмет түйінді ойды оқырманның өзіне тастайды /2. 63/.
Осындай саяси мәні бар мысалдың бірі – «Қасқыр мен қозы». Ол түпнұсқада 36 жол болса, тәржімада 68 жол. Бұлаққа су ішуге келген қозыны қасқыр ұстап алып, кінәлап, сол кінәсі үшін жеп қоймақ болады. Қозы өзінің кінәсыздығын қанша дәлелдесе де, болмай, қасқыр оны көтеріп ала жөнеледі. Ахметтің өзіндік өрнегі мысалдың басталуы мен аяқталуындағы өзгешеліктер және қасқыр мен қозы диалогіндегі қазақы сөз саптауынан байқалады. Ахмет былай бастайды:
Бұлаққа су ішуге келді қозы, Жанында серігі жоқ жалғыз өзі.
«Бөрі жоқ десең, шығар бөрік астынан» Пәле мен қаза алыс па келсе кезі.
Шумақтағы «Бөрі жоқ десең, шығар бөрік астынан» деген тармақ ерекше өң беріп, мысалдың таза ұлттық тынысын танытады. Крыловта оқиғаның қалай аяқталары басынан-ақ белгілі болса, Ахмет оқиға дамуына өзіндік әдіс қолданып, мысал кілтін соңына дейін сақтайды. Қасқырдың қойған кінәсынан қозы ақталып шыққандай болғанмен, қасқыр тағы бір бұлтарпас кінә тағады.
Алыпсың жаман әдіс қарсыласып, Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып. Айтайын, білгің келсе, қозым, саған, Кінәң сол – жегім кеп тұр, қарным ашып.
Ахмет мысалынан күштінің озбырлығын бірден тануға болады. Бұдан сол кездегі патшалық Ресей қазақ даласына әкелген үстемдіктің әділетсіздігі көрінеді. Отаршылдық құрсауындағы халықтың «басты кінәсы» қозы тағдырына ұқсас. Мысалдың негізгі түйіні – халықты ояту, ой салу.
Отаршыл әкімдердің момын халыққа істеген қулық, зорлық-зомбылық әрекетін «Аңдарға келген індет» деген көлемді мысалында суреттейді. Аң патшасы арыстан бар аңдарды жинап алып: «Күнәміз көп болған соң, құдай бізге індет жіберді. Менің де күнәм жетерлік, талай қойды қойшысымен жеп едім. Кімнің күнәсі көп болса, жұрт үшін құрбандыққа жанын қисын», – дейді. Сонда жағымпаз түлкі: «Кім оны кінә дейді, оны кінә десек, біз аштан өлеміз ғой, адамды жесеңіз де, кінә емес, қайта сауап», – дейді. Бұны жолбарыс, аю, қасқыр бәрі де қолдайды. Әркім өз сырын айтады. Өгіз тұрып:
«Бұдан бес жыл бұрынғы аштықта біреудің шөбін рұқсатсыз үзіп жеп едім», – дейді. Ілешала, аю, қасқыр:
«Япырмай, бұл не деген күнә, тақсыр! Шуылдап қоя берді аю, қасқыр: Былғады бір өзі емес, бәрімізді, Біреудің шөбін ұрлап қара басқыр!
Соншама не көрді екен, құдай ұрған? Обал жоқ бұл көрімге жұртты қырған. Өзгелер мұнан ғибрат алмас үшін, Жоялық жылдам көзін, етіп құрбан», –
деп, өгізді алып ұрып, құрбандыққа шалады, күнәдан тазарсын деп отқа салады. Автор «адамның шөбі түгіл, өзін жеген, тісті мен тырнақтылар аман қалды», «Айтуға түсін ашып қай-
мығамын, біреуге кетті ме деп тілім тиіп», деп аяқтайды.
Тауыса алман дүние кебін айтып, санап, Хәкім аз іс ететін ғаділ қарап.
Залымдар айран ішіп аман кетіп, Момындар тұтылып жүр шелек жалап.
Мысал «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деген халық мақалын еске салады. Ахмет мысалдарында ұлттық мақалмәтелдер мазмұнына қарай талғампаздықпен қолданылады. Мәселен, «Әлін білмеген әлек», («Өгіз бен бақа»), «Бастан құлақ садаға» («Қасқыр мен тырна»), «Халық айтса қалып айтпайды» («Қарға мен түлкі»), «Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл» («Қара бұлт»),
«Не ексең, соны орарсың» («Қасқыр мен мысық») т.б.
Ахмет мысалдары қазақ халқын бірлікке, ынтымаққа уағыздайды. «Аққу, шортан һәм шаян» мысалы арқылы алған жүкті үш жаққа тартқан алауыздықты шенесе, «Малшы мен масада» жылан шағайын деп келе жатқанда, шағып оятқан масаның достығын түсінбеген малшыны кінәлайды. Ақын өзін ұйқыдағы халқына достығын ұсынған масаға теңейді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы «Сөз иесінен» атты беташар өлеңінде «Маса» деп отырғаны өзі екенін ұқтыра келіп, автор өз шығармашылығының басты нысанасын:
Ызыңдап ұшқан мынау – біздің Маса, Сап-сары, аяқтары ұзын Маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес, Дегенмен, қара яки қызыл Маса. Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша, Ұйқысын, аз да болса, бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?!
деп атап көрсетеді. Бұл жинаққа «Маса», «Сөз иесінен», «Жазушының қанағаты», «Туысыма», «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Достыма хат», «Жиған-терген», «Анама хат», «Тілек батам», «Жауға түскеннің сөзі», «Адамдық диқаншысы», «Бақ», «Тарту», «Қа... қаласына», «Жұртыма», «Жұбату», «Н. Қ. ханымға», «Ақын ініме», «И. Б. Жездеме хат», «Жауап хаттан», «Ғылым», «Замандастарыма» сияқты төлтума өлеңдерімен қатар Вольтер, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Ю. В. Жадовская, С. Я. Надсон сияқты Ресей мен Еуропа ақындарының өлеңдерінен аудармалар мен автордың үш мысалы енген.
А. Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы.
Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан, Жыланды пәле делік аңдып баққан.
Пәленің түрін көрген мен – Сарымаса Халықты оянсын деп сөзбен шаққан. Ойлаймын осы сөз де жетеді деп, Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп, Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді, Қорқамын сарымасадай етеді деп.
Достарыңызбен бөлісу: |