«№51 гимназия» КММ
І жартыжылдықта 5Д сыныбы
оқушыларының бейімделуі мен
сабақ үлгеріміне қатысты
математика пәні мұғалімі
Мұқанбетсадықова Ақбота
Қадырбекқызы ұсынған
А Н Ы Қ Т А М А
Жаңа оқу жылының басында 5Д сыныбында оқушы саны 21 болды. І оқу тоқсаны ортасында 1 оқушыға [Еділ Н.] және ІІ оқу тоқсанының бірінші күнінен бастап 1 оқушы [Жусупова Т.] басқа мектепке ауысты да, сынып құрамы 3 жаңа оқушымен [Бақытжан Ж., Бекарыстан Г., Махсат А.] толықты.
2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша сынып математика пәні бойынша сапа көрсеткіші 81,82%. Ал 2022-2023 оқу жылының І тоқсанында 68,18%, ІІ тоқсанында 66,67% сапаны көрсетті.
Ысқақова Г.-ны нөлдік бақылау нәтижесі бойынша да, күнделікті сабақта да, жиынтық бағалау жұмыстары кезінде де жиі үздік нәтиже көрсеткен және ұстап тұрған оқушы ретінде бағалаймын. Өз бетімен жұмыс жасай алатын, қателіктерінен қорытынды шығарып, сынды дұрыс қабылдай білетін [«сынып» қалмай, қарқынын күшейте түсетін] бірден бір оқушы деп сеніммен айта аламын. Ол басқаларынан өзгерек. Серік Д., Серғали С., Есенгалиев Д., Аман Ә. сыныптың қалған бөлігінен жылдамдығы мен белсенділігі тұрғысынан асып түседі. Өз ойларын ашық айтатын, сұрақтарын еркін қоятын, тез бейімделгіш оқушылар. Олар мұқияттылықты, [қатемен жалықпай жұмыс жасай алатын] табандылықты шыңдаулары тиіс. Сермағамбет М., Тәңірберген Н., Мангубасова А. «төрттік» пен «бестік» бағаның шекарасында жүрген оқушылар. Шыдамдылықты арттыру мен зейіннің тұрақтылығына жұмыс жасауды қажет етеді. Тасболатова К., Кенжебайқызы А., Закария М.-да басында қатты қиналды, бірақ І тоқсанның жартысынан бастап жақсы оқу жетістіктерін көрсете бастады. Себеп оқушының жай бейімделгіштігінде деп шамаладым. Осы категорияға Бурибаев А.-ны жатқыза отырып, бұл оқушының бейімделгіштігі өте жай болуы ойдағыдай дәрежеде үлгеріп кетуіне қатты кесірін тигізгенін атап өткім келеді. Ал Елемесов Е., Азаматова Ж., Темірбекова Н. керісінше, басында белсенділік танытып жүрді де, қазіргі үлгерімдері қанағаттанарлықтай. Елемесов Е.-нің тәртібіне де сұрақ белгісін қояр едім. Айдыханова Н., Амин А., Еділ Н., Жәнібек К., Есекеев А. қарапайым есептеулерді орындаудың өзіне біраз қиналады. Жаңадан келген Бақытжан Ж. өзін алғашқыда өте жақсы көрсеткен еді, сабақтан көп қалуы нәтижесінде үздіктер қатарынан көріне алмады. Бекарыстан Г. еңбекқорлығының арқасында оқу жетістіктерін жақсы деңгейде ұстап тұрды. Махсат А. қосымша жұмысты, қадағалауды қажет етеді.
Жекелеген оқушыларда көбейту кестесін білмеу, білсе де, кері бөлуді орындай алмау, көптаңбалы сандарды көбейту/бөлу кезінде мұғалімнің көңіл бөлуі мен қолдауына шектен тыс мұқтаж болуы кездессе де, жалпы сыныптың осы пәннен негізгі екі үлкен мәселесін атап өткім келеді. Біріншісі – құрамында бөлу амалы бар теңдеулерді шешу: белгісізді табуда қай кезде бөлу, қай кезде көбейту амалын қолдану керектігінен сыныптың жартысына жуығы қатты шатасады. Екіншісі – мәтін есептерді шығару: ЗЫРЫЛДАТЫП оқып тұрған нәрсесін түсінбейді, мұғалім ауызша айтып, мағынасын ашып түсіндіріп, көмекші сұрақтар қойғанда ғана түсініп, 33%-ға жуығы есептің математикалық моделін құрады, шамамен 65% пайызы дайын моделді пайдаланып, есептеулер жүргізе алады. Жалпы сыныптың пән бойынша деңгейін жаман емес деп бағалаймын.