4. Ф.Ницшенің «асқан адам» идеясы
Асқанадам — (немесе суперман, Бірегей), неміс философы Фридрих Ницшенің негізгі философиялық идеяларының бірі. Асқанадам дегеніміз адамның арман үлгісі, дегенмен бұл идея көбіне қате түсіндірілуден көз ашпай келеді.[1]Ол "Құдай өлді, дәстүрлі моральдық мәдениетті қайта таразылау керек" деген негізде жаңа дүниетаным, жаңа өмірсенім ретінде Асқанадам делінетін құндылық идеалын ұсынады. Асқанадам идеясы — ұқсамаған дәстүр мен дағдылы этиканы ең арғы тұсынан жаңалау сынағы. Асқанадам тіршілік еркін, Үстемдік еркін, жарату еркін ең толық әйгілеген, шығармашылық шабыты тасыған, өмірдегі егей тұлға. Батыстың дәстүрлі құндылық өлшемдері жеміріле бастаған тарихи сәтте адамның тұрмыс мұратын қайта бастан орнықтырып, жаңа өмір мәнділігі арманын қалыптастыру керек болды, Асқанадам дәл осы сұраныстың Ницше тарапынан берілген сынақ жауабы
Ф,Ницше ұсынған "Асқанадам" тұлғаның негізгі ерекшелігі: Өзінен үздіксіз асып өтетін, әлсіздікті жеңетін, өзін толық әйгілейтін, тобырларға жол сілтейтін асқан адам; Асқанадам ақиқат пен этиканың жаңа арқаны, ереже мен құндылықтың жаратушысы; ол еркін, өзімшіл, жетілген, кемел; Асқанадам адамзаттың ең негізгі қайғысы мен ең ұлы үмітіне өкілдік етеді; Ол жайсыз орта шектемесін бұзып шығушы, оған деген өшпенділік, қызғаныш, күдік, қаталдық, ашкөздік, зұлымдық дегендер оны тіпті де күшейтеді. Демек, ол бейшара әлжуаз емес, ол толыққанды түбегейлі адам. Ф.Ницше Асқанадамды обсолютті Құдай деп есептемеген, ол Соңғы адамға салыстырмалы айтылған, ол соңғы жетілген нұсқа емес, үздіксіз жетілуге құштар тұлға. Ницше былай дейді: "Асқанадам дегеніміз теңіз, оның ішінде сенің үлкен менсінбеуің тұншығады"
"Асқанадам" философиясы "Барша құндылық атаулыны қайта таразылау" талабы мен Батырлық этика ұстанымының табиғи жемісі, ең жоғары арман тұлға образы. Адамзатты құтқаратын жаңа этикалық құндылық кешенін жасау қажет болғаны секілді, адамзатты құтқаратын Бірегейдің туылуын дәріптеп, адамзаттың кері азғындап кетуін тосу керек. Асқанадам адам баласының болуы мүмкін ең жоғары құндылық образы, батырлық егейліктің үлгісі, адамзат дамуының көрсеткіш нысанасы. "Мақсат адамзат емес, Асқанадам" болуға тиіс. Барша нәрсе өзінен де биік нәрсеге дамыды, адам да өзінен биік Асқанадам болуға ұмтылуы керек. Асқанадам адамзаттан биік, бейне адам хайуаннан биік болғаны секілді. Ал, адам болу хайуан мен Асқанадам арасындағы өтпелі арқан ғана. Адам бір болса осы арқан арқылы алға жүріп Асқанадам болады, немесе күйреп, жеңіліп, шыңырауға құлап жоғалады, немесе кері кетіп, хайуани деңгейге түсіп сорлайды. Әрине, Асқанадам болуға асығып алға жүру даңқ! Сапар сәтсіз болып шыңырауға құлау да құрметке лайық. Ал, хайуани деңгейге кері қайту масқара! Асқанадамдің көзімен қарағанда, қарапайым адамдар мал секілді күлкілі. Асқанадаммен қазіргі адамдардың айырмашылығы адам мен жабайы маймұлдардың айырмашылығынан үлкен. Асқанадам тума, Тәңірі жаратқан билеуші, үстем болмыс, әлемнің бағалы заты, бар болу қасиетінің үлгісі. Құдай тағала өте мейірбан боламын деп "өліп" кетті, Асқанадам ендігі адамдар көңіліндегі жаңа Құдай.
Жинақтап айтқанда, Асқанадамның 7 қасиеті бар:
1) Асқанадам – тіршілік дамуының ең жоғары шоқысы, адамзаттың ең асылы. Ол бүкіл адам баласынан биік шығып, тобырлық топалаңға былғанбайды, ол адамзат, қоғам, ұлт еркінің ең жоғарғы деңгейдегі әйгілеушісі.
2) Асқанадам – кемеңгер, ғажайып жаратылыс ретінде үстемдік еркінің биік көрінісі; ол күшті, құдіретті, дербес, жүректі. Шыңғысхан және Наполеон секілділер Асқанадамның төмен деңгейі.
3) Асқанадам бәрін игереді, бәрін иелейді, бәрін басқарып, бағыттайды. Ол қорқыныш пен жасандылықтан ада. Ол жақсылық-жамандық өлшемі сыртына шығып кеткен. Оның ар-намысы оны айыптамайды.
4) Асқанадам – ұлы сынақшы, ғажайып тәуекел иесі, ол тәуекелшіліктен рақат алады. Асқанадам тек Асқанадаммен бәсекелеседі, өздерінің ең жақын достарынан ең сұрқия жау іздейді.
5) Асқанадам – бір түрлі жоғары этикалық арман; Асқанадам – ақиқат пен этиканың таза нұсқасы, ереже мен құндылықтың жаратушысы. Ол заң шығарады, оның еркі, оның сөзі – заң. Олардың өлшемі "Мен істеймін" дегенге құрылған, олар әркез "Менің істеуім керек" деп айтып жүрмейді.
6) Асқанадам толық еркін, кемел, өзімшіл. Ол тәкаппар және жалғыз. Олар биікте тұрып бағалайды, тобырлардың топалаңына қосылмайды, қыран бүркіт секілді жемін биіктен аулайды, жеке келіп, жеке кетеді, ешкіммен шындап ортақтаспайды. Өзінің жеке адамдық оқшаулығын бастан-ақыр сақтайды.
7) Асқанадам азап пен қиындыққа ең төзімді, ол қайғы-қасірет ішінде тік тұрады, ең ауыр сынақтарда шынығып шығады, оның ерік қуаты тек қауіп-қатерді жеңуге бағытталған. Қасіреті қалың жанның ғана бірегей болуға үміті бар.
Ницше айтқан Асқанадамы қазақтың ежелгі батырларына әрі жақын келеді, әрі толық ұқсап та кетпейді.
http://emirsaba.org
Достарыңызбен бөлісу: |