Әсіресе, олардың тиімділігі: 1. Қашықтықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;
2. Қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;
3. Экономикалық тиімділігі (бару, келу, тұрмыс тауқыметі т.с.с. материалдық шығынды қажет етпеу);
4. Білім сапасына әсері зор. Әсіресе, тіл сабақтарын игеруге (ағылшын, орыс, қазақ т.с.с. тілдерді) айқын сезіледі;
5. Іс - әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуге (би өнері, қол еңбек, дене шынықтыру сабақтары т.с.с.);
6. Қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктер болмайтын табиғаттың таңғажайып үрдістері мен әртүрлі физикалық, химиялық, биологиялық тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;
7. Студенттің ой - өрісін, дүниетанымын кеңейтуге де, ықпалы зор (теледидардағы ғылыми – көпшілік, рухани, тарихи танымдық хабарлар мен компьютерлік жүйедегі шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.с.с логикалық ойындар).
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде электрондық байланыс жүйелерінде ақпарат алмасу интернет, электрондық почта, телеконференция, видеоконференция, телекоммуникациялық жүйелер арқылы іске асырылуда. Бірақ кез – келген жаңалықтың жақсылығымен қатар зияны да болатыны да белгілі. Мұндағы ең басты назар аударарлық мәселе: олардың ара салмағы. Демек кемшілігін түзеп, зиянын жойып, артықшылығын жетілдіре түсу қажет.
Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде жаңа педагогикалық әдістерді қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін ақпараттандыруды зерттеу істері оқулықтар шығарумен қатарласа немесе оның алдында атқарылуы керек.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) қазіргі ақпараттық әлемде ерекше орын алады. Компьютерді иелену дағдылары, күнделікті жұмыста АКТ пайдалана білуі, WWW (Интернетпен) жұмыс істеу, теориялық информатика негіздерін білу, мектеп түлектерінің ақпараттық мәдениеті, адамзат қолындағы электрондық ақпараттық ресустарды жасау және пайдалана білу – жаңа ғасырдың артықшылығы осындай.
Білім беруді ақпараттандырудың негізгі бағыттары: - әдіснамасын жетілдіру мен стратегиялық мазмұнын таңдау;
- әдістері мен формаларын ұйымдастыру;
- қоғамды ақпараттандырудың қазіргі жағдайында тұлғаны тәрбиелеу мен дамыту;
- оқытудың әдістемелік жүйесін жасау;
- оқушының интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағыттау;
- өз бетімен білім алу біліктілігін қалыптастыру;
- ақпараттық – оқу, эксперименттік – зерттеу қызметінің өз бетімен түрі іс - әрекеттерін жүзеге асыру;
- тестілік, диагностикалық бақылау әдістері мен оқушылардың білім деңгейін бағалау.
Болашақта Қазақстанда білім беру жүйесін ақпараттандыру телекоммуникациялық желілерді жасау және дамытумен ұштасады. Ал білім беру жүйесінің негізгі міндеттері біртұтас телекоммуникациялық желіні құру және дамыту арқылы шешіледі.
Білім беруде АКТ - ны пайдалану мен оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, қазіргі заман талабына сай АКТ - ны, электрондық оқулықтарды және Интернет ресурстарды пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. АКТ - ны сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар АКТ құралдарымен жұмыс істеу барысында мектеп оқушыларының оқуға, білім алуға деген ұмтылысының артуы АКТ құралдарымен жұмыс істей алу жаңалығымен ғана емес, сонымен берілетін оқу тапсырмаларын қиындық деңгейі бойынша реттей алу мүмкіндігінен, тапсырманың дұрыс нәтижесі үшін марапаттай алу қызметінен де байқалады. Заманауи АКТ құралдарымен жұмыс істеу оқушыларды ұқыптылыққа, нақтылыққа, берілген тапсырмалардың нәтижелі орындалуына, басты мәселеге назар аудара білуге баулиды, сондай - ақ, АКТ құралдарымен жұмыс істеу барысында оқушылардың өзінің жеке іс - әрекетін дұрыс жоспарлауға, дұрыс шешім қабылдай алуға тәрбиелейді.
Қорыта айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта қолдану - бұл оның нәтижелігіне қолайлы жағдайды жасаудың бірден – бір жолы, ал ол өз кезегінде бірлесе жұмыс жасауға, адами қарым – қатынастарға себепкер болады.