Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – студенттерге ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу.
Білім беру жүйесін ақпараттандыру дегеніміз – берілетін білім сапасын көтеруді жүзеге асыруға бағытталған үрдіс, яғни еліміздің ұлттық білім жүйесінің барлық түрлерінде кәдімгі технологияларды тиімді және компьютерлік ақпараттандыру технологияларына алмастыру, оларды сүйемелдеу және дамыту, нақты жүзеге асыру шаралары.
Ақпарат алмасу істеріндегі компьютерлік технологиялар рөлі өте жылдам өсіп келе жатыр, соңғы кезде телефон, радио, теледидар сияқты құралдар орнына электрондық телекоммуникациялық құрылғылар пайдаланыла бастады, олар - өндірістік, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге кеңінен араласып келе жатқан электрондық почта мен Интернет жүйелері болып табылады.
Ақпараттық технологияларды тәжірибе жүзінде пайдалану жолында арнайы білім беру мақсатында жаңа пән – информатика сабағы соңғы 20 жыл көлемінде оқылып келеді. Оның орта білім жүйесіндегі алатын орны қазіргі ақпараттық қоғамдағы кәсіби қызметінің негізі болып табылатын әлемнің ақпараттық – жүйелік бейнесін жасау, ақпараттық орта мен адамның тиімді қарым – қатынасын қалыптастыру сияқты мәселелермен анықталып келеді. Осыған қоса қазіргі кезде педагогикалық ғылым саласында да оның әдіснамасы мен парадигмасын жетілдіруге қажет тереңдетілген әлеуметтік өзгерістер болып жатыр.
Бүгінгі күні білім беру жүйесін ақпараттандыру ісінің басты мақсаты – заман талабына байланысты ақпараттық қоғамның шарттарына сәйкес оқушыларды тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік өмір салаларына толық әрі тиімді түрде араластыру болып табылады. Ақпараттандыру ісінде білім жүйесінің адамзат тіршілігінің барлық әлеуметтік аймақтармен әрекеттесуі және олардың бір – біріне әсер етуі толық бейнеленеді. Мұнда білім беру ісінің өзі де күрделі құрылымнан тұратын жүйе ретінде қарастырылады.
Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде жаңа педагогикалық әдістерді қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін ақпараттандыруды зерттеу істері оқулықтар шығарумен қатарласа немесе оның алдында атқарылуы керек.
Заман талабына сай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Бұндай қондырғылар студенттердің қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдаумен қатар, түсінбей қалған сәттерін қайталап көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді. Студенттердің өздері де алынған ақпаратты көшіріп алып (дискетке, бейне таспаға) онымен өз ыңғайына қарай жұмыс істей алады.