4. Отандық ғылым мен білімнің дамуындағы "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасының үлесі. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алты үлкен жоба аталды. Сол жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Мен бұны арнайы айтып жатқан себебім, бұл бастама ауызекі тілде «100 жаңа оқулық» деп аталып жүр. Бірақ бұл жобаның мақсаты 100 кітап аударып шығарудан әлдеқайда кең. Сөзсіз, тамаша оқулықтар аударылады, басылып тарайды. Бірақ мұның барлығы түпкі, үлкен мақсатқа жол салатын құрал. Ол қандай мақсат? Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ аудиторияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне мұндай көлемде ешқашан аударылған емес. Енді бұл оқулықтарды ертең оқу бағдарламасына қалай енгіземіз? Осыған орай оқытушылардың жұмысы қалай өзгеруі керек? Қазақы интеллектуалды, гуманитарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек. ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері аудармамен көптеп айналысты. Бірақ ол кезде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Қазір мүлде басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан бұған атсалыса алатын орта жұмылуы қажет. Біз аударма ісін білетін мамандарға аса зәруміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.
Аталған жоба аясында бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік берілді. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылды. Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға cай оқулықтар таңдалды. Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді.
2019-2020 жылдары жобаның үшінші және төртінші кезеңіне таңдалған 53 оқулық аударылып, басылып, ЖОО кітапханаларына тегін таратылды.
Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысты. Мәтіндер бірнеше лек әдеби және ғылыми редакциядан өтті. Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орната алды. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді. Бұл жоба – рухани жаңғыру деген ауқымды бағдарламаның құрамдас бөлігі. Кеңестер заманында гуманитарлық ғылымдар саясаттың қызметінде, идеологияның құралы болғаны белгілі. Зиялы ортаның көзқарастары мен құндылықтарына ықпалы зор осы білім салалары бізде әлі күнге дейін ескі сарыннан арылмаған. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқиды деп марқаямыз, ал олардың не оқып жүргендеріне енді ғана ден қоя бастадық. Мұның сыртында, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама деп білемін. Тіліміз халықаралық ғылыми лексикамен толығады.
Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды мәселені шешуге жол ашады.
Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылды. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды. Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады. Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады. Осы тақырыпты қорыта келе айтар болсам,бүгінгі таңдағы білім үлесінің қоғамның қай саласы болмасын дәрежесі күрт өсуде.Еліміздің алға қойған негізгі мақсаты, ғылым мен техниканы ұштастыра отырып, қазіргі біздің жастарымызға сапалы білім беру болып табылады. Сонда ғана біз артта қалушылықпен біржола да қош айтысамыз.