Дара жарнақты тұқымның құрылысы. Дара жарнақты тұқымға алдын ала суға жібітілген бидай дәнегін аламыз. Дәнектің сырты тығыз қабықпен (қауыз) қапталған. Бидайдың жемісі бір тұқымды. Піскенде қабығы ажырамай, тұқымға тығыз жанасып бірігіп кетеді. Қанша жібітсе де қабығын ажырату қиын. Бидай тұқымы әрі жеміс, әрі тұқым болып есептелетіндіктен дәнек дейді. Бидай қабығы (қауызы) тез сылынбайтындықтан, өткір ұстарамен ұзынынан тең екіге жарады (2-сурет). Дәнектің едәуір бөлігін – эндосперм алып жатады. Эндосперм жасушаларында крахмал, нәруыз, май заттары жиналады. Дәнектің төменгі ұшында эндоспермге тығыз жанасып бекінген ұрық бар (құрылысы үрмебұршақтікіндей). Ұрық пен эндоспермнің арасында жұқа бір жарнақ орналасады (бітеу бидайдың сыртынан сәл білеуленіп белдік тәрізді білінеді). Коректік заттар қоры эндоспермде жиналады, жарнағында болмайды. Дара жарнақтылардың тұқым жарнағы, тұқым өнген кезде эндоспермдегі қоректік заттарды ерітетін зат бөледі. Ерітетін зат органикалық заттарды сұйылтады. Сұйылтылған қоректі жасушалары арқылы сорып, бастама тамырша мен бүршікшеге өткізеді. Ұрықтағы май қоры да өнуге жұмсалады.
2-сурет. Бидай дәнегінің ұзынынан (қақ жарылған) құрылысы.
Дара жарнақты өсімдіктерге лалагүл, жуа, бидай, құртқашаш, банан, қияқөлең, пальма, жүгері, күріш, тары жатады. Тұқымда бір тұқым жарнағы бар өсімдіктер дара жарнақтылар деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |