Дәстүрлі емес сабақтар интеграциялық сабақ пән аралық байланысты жетілдіру мақсатына байланысты пайда болған. Мұндай сабақтарда бір тақырыпты түрлі пәндерден беретін мұғалімдер оқытады. Кіріктірілген сабақтың негізгі мақсаты - оқу материалдарын байланыстырып, сабақта оқушыларға терең білім беру, ойлау қабілетін дамыту. Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру оқушылардың жан-жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан жыл сайын әрбір мұғалім пәндердегі ұқсас оқу материалдарын біріктіріп, яғни пән аралық байланыс принципін қолданып, интегралдық жоспар жасайды. Ондағы материалдарды дер кезінде сабаққа пайдаланып, тиімді етіп іске асырады. Құқық және экономика пәндерін өткізу барысында дәстүрлі емес сабақ жүйесін қолдану жақсы нәтиже береді. Себебі оқушыларды қызықты сабақ өткізу арқылы жаңа тақырыпты толықтай жеткізуге болады.