Авторитаризм - (гр. 'autoritas' - билік, ықпал ету) - саяси тәртіп түрі. Авторитарлық тәртіп дегеніміз - қоғамдағы толық жетілмеген демократияға негізделген жеке адамның немесе саяси биліктің бір тармағына сүйенетін мемлекеттік-саяси құрылым
Әртүрлі саяси мәселелерді шешу тәсілдері (реформалар, қоғамды қайта құру), сондай-ақ төңкерістер мен соғыстар авторитаризмге әкеліп соқтыруы мүмкін. Тоталитарлы тәртіптен елеулі түрде ерекшеленеді: оларда шектеулер едәуір дәрежеде аз және жеке адамның еркіндіктері мен құқықтары емес, саяси еркіндіктер мен құқықтар шектеледі; тәртіп саяси партиялар мен идеологияға сүйенбей, әскер күші мен дәстүрлі діндерді арқа тұтады; қоғамға жаңа құндылықтар жүйесін құрып, енгізуге талпынбайды; азаматтық қоғам құруды мақсат етпейді.
Авторитарлық тәртіп көбінесе өтпелі кезеңде қалыптасады, әсіресе қоғам тоталитарлық тәртіптен демократиялық тәртіпке ауыса бастаған жағдайда қалыптасады. Себебі осындай кезеңде алда тұрған мақсаттарды демократиялық тәсілдермен (сайланбалы органдармен) ғана іске асыру қиындыққа түседі. Мысалы, ТМД елдерінің көбінде орын алған авторитарлық тәртіп, жеке тұлғаның билігі немесе атқарушы биліктің күшеюі осы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тікелей байланысты
Авторитаризмнің тоталитаризмнен негізгі айырмашылығы:
Тоталитарлық режимдер өмірге белгілі бір нақты идеологияны ендіруді басшылыққа алатын болса (әдетте утопиялық сипаттағы), авторитарлық режимдер дүниетанымды емес, керісінше билікті өз қолдарында сақтап қалуды және оны күшейте түсуді басшылыққа алады.
Авторитаризм қоғам өмірінің барлық тұсын мейлінше бақылауға алуға ұмтылмайды. Егер тоталитаризм алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін әрбір азаматты жүмылдыруға үмтылатын болса, авторитаризм бұқара халықты саяси қызметтен алшақтатуды және ақпараттардың таралуын шектеуді жөн санайды.
Авторитаризм қоғамның экономикалық және мәдени салаларының үстінен бақылау жүргізбейді. Тіпті айтар болсақ, авторитарлық режим жағдайында бірқатар елдер дамыған нарықтық экономиканы қалыптастыруға аяқ басады.
Авторитарлық режимдерде репрессиялар мен террорлық әрекеттер тоталитарлық режимнен қарағанда айтарлықтай аз қолданылады.