кездесті делік. Бойжеткен ер адамға не дер еді?
Жаттығулар
Сыйлық
Жағдаят типі: жеке
Тапсырма форматы: еркін құрастырылатын ашық жауап
СЫЙЛЫҚ
Қызық. Ол өзеннің жарлауыт жағасын шайып жатқан суық та қошқыл судан көз алмай қарап қанша күн отырды екен. Жаңбырдың қалай басталғанын, оңтүстіктен олардың сазды батпақты жеріне қалай келіп, енді үйінің шатырын соғып жатқанын ғана есіне түсірді. Өзендегі судың деңгейі алдымен баяу, сосын бірте-бірте тез көтеріле бастады. Сағат өткен сайын су жыралар мен арықтарды шайып өтіп, ойыс жерлерге тола түсті. Түнде, әйел ұйықтап жатқанда бар жолды басып кетті, енді, міне, тасқын оның өзін қоршап алды, қайығын су ағызып алып кетті. Су шайырмен майланған үй іргесіне жетіп қалыпты. Әлі де көтеріліп жатыр.
Көзі жеткен жерден байқағаны – су арғы беттегі ағаштардың ұшар басына дейін жетіп, үсті-үстіне жауған жаңбырмен кейбір жерінде арнасынан шығып кеткен. Оның үйі осындай су тасқыны кезінде пайдалану үшін астыңғы жағы қайық сияқты етіп арнайы сал ағаштан қиып жасалған үйі, бірақ қазір әбден ескірген. Үйдің іргесіндегі тақтайлар жартылай шіріп кеткен шығар. Бәлки үйді алып еменге байлап қойған арқан шешіліп кетіп, үйін де қайық сияқты ағын бойымен төмен қарай ағызып әкетер.
Ешкім көмекке келе алмады. Ол айқайлар еді, бірақ одан не пайда? Оны бәрібір ешкім естемеуші еді. Басқалар қолындағы барды құтқару үшін жанталасып жатты. Біреулер жандарын арашалап әлек. Ол біреудің үйі өзен бойымен көз алдында ағып бара жатқанда да құдды бір біреуді ақтық сапарға шығарып тұрғандай міз бақпай қарап тұрды. Дұрыс көрінбесе де, бұл үйдің кімдігі екенін білетін сияқтымын деп ойлады. Үйдің қожайындары ендігі қауіпсіз жерді паналаған шығар. Кейінірек жаңбыр күшейіп, қараңғылық батқан кезде, ол өзеннің жоғарғы ағысы жақтан ілбісіннің ақырған дауысын естіді.
Үйі бейне бір тірі жан сияқты селк ете түсті. Ол төсек жанындағы үстелден құлаған шамды қолымен ұстай алып, аяғының арасына қысып отырды. Содан соң оның үйі іргесіндегі топырақтан ажырап, ыңыранып, сықырлап, тығыншық сияқты су бетіне атқып шықты да, өзенге баяу жүзіп шықты. Әйел керуеттің шетінен ұстап қалды. Бір жақтан екінші жақа қарай теңселген үй арқан ұзындығы жеткен жерге дейін жүзіп шықты. Әуелі бүлк етті де, ескі бөрененің сықырлап, ақырында тыныштала қалды. Үй тұрған жерінен аулаққа қарай баяу жүзіп шықты. Әйелдің дем алуы жиілеп, үйдің баяу теңселгенін сезініп жерге отыра кетті. Үздіксіз жауған жаңбыр қараңғылыққа сіңіп жатыр. Әйел қолын басына қойып, керуетті ұстаған күйі қалғып кетті.
Кенет ол түнде әлдебір дыбыстан оянып кетті. Дыбыстың ащылығы сондай – ол оянып үлгермей жатып төсегінен ұшып түрегелді. Қараңғыда керуетке шалынып құлады. Дыбыс сол жақтан, өзеннен шығып жатты. Ол әлдебір ыңыранған дыбыс шығаратын үлкен нәрсенің өзіне қарай жақындап келе жатқанын естіді. Бұл басқа бір үй болуы мүмкін. Сол сәтте бір нәрсе оның үйінің қабырғасына гүмп етіп соғылды, әрі қарай жүзіп кетті. Бұл терек еді. Әйел бұталар мен жапырақтардың қабырғаны қалай сыдырып өткенін естіді. Содан соң жаңбыр мен тасыған судың дыбысын артқа қалдырып, терек өзен бойымен ары қарай ағып кетті. Төсектің үстінде бұйығып жатып, қайтадан ұйықтап кеткен еді, тағы бір дыбыс естілді. Бұл жолы өте жақын, тура бөлмесінен шыққандай болды. Қараңғыда қолымен ауа қарманып, мылтықтың суық дүмін тауып алды. Содан соң мылтықты тізесіне қойып: «Кім бар мұнда?» – деп сыбырлады.
Жауап орнына қайтадан айқай естілді. Алайда ондай ащы емес, әрі шаршаңқы. Ол арқасымен төсегіне жабыса түсті. Не екенін қайдам, бірақ әйел әлгі нәрсенің кіреберісте жүргенін естіді. Тақтай сықырлап, әлдебір заттар құлап жатты. Сосын оның жол іздегендей қабырғаны тырналағанын естіді. Дауыс иесінің тамырынан жұлынған ағашқа ілініп, аман қалған үлкен мысық екені енді түсінікті болды. Тасқын сумен келген сыйлық.
Әйел не істерін білмей қолымен бетін және алқымын басты. Мылтығы тізесінде жатыр. Бұрын басқалардан естігені, алыстан дауысын құлағы шалғаны болмаса, өмірінде ілбісінді көрмеген. Мысық қабырғаны тырнай бастады. Есіктің тұсындағы терезені солқылдап тұрды. Әйел терезені жапқан. Сырттағы жануар тырнақтарымен тот басқан сыртқы торды тықырлатқанын тоқтатқанымен, қыңсылауы мен ақырғанын қоймады.
Жаңбыр басылып, жарық түсе бастаса да, әйел төсектен тұрмай, отыра берді. Ескек есіп үйренген қолдары мылтықты қозғалыссыз ұстап отырғаннан ауырып кетті. Ол қатты қозғалудан сескенді, кез келген дыбысты естісе мысықтың шабуылдай ма деп қорықты. Суда тербелген үйдің ішінде қимылсыз ұзақ отырды. Жаңбыр тоқтамастан жауып тұр, ол ешқашан бітпейтіндей көрінді. Ақыры, сұрғылт жарық түсіп, әйел тұман арасынан ағараңдаған судың беті мен суға батқан алыстағы ағаш ұштарының кескінін көре бастады. Дәл қазір мысық қозғалмай отыр. Мүмкін, ол кетіп қалған шығар. Мылтығын шетке сүйеп қойып, ол төсектен сырғып, ақырын басып терезеге қарай келді. Әйел табалдырықтың шетінде бүрісіп жатқан ілбісінді көрді, тіпті ол иіліп тұрған бұтаққа шығып кету мүмкіндігін есептеп тұрғандай. Әйелге ілбісін соншалықты қорқынышты көрінбеді, оның жүні сабалақтанып, ұйысып қалыпты, бүйірі қабысып, қабырғалары көрінеді. Оны осы жатқан жерінде атып тастау оңай еді. Ол құйрығын бұлғаңдатып жатты. Әйел мылтығын қолына алмаққа артқа қарай шегінді. Сол сәтте ілбісін күтпеген жерден терезеге тап беріп, әйнекті күл-парша етіп сындырды. Әйел артқа жанұшыра құлады да мылтықты терезеге қарай кезеніп, шүріппесін басып қалды. Ілбісін жалт бұрылып, көзден ғайып болды. Атқан оғы тимеген секілді. Ілбісін қайтадан табандап жақындай бастады. Терезе жанынан өткен кезде әйел оның басы мен иімейген арқасын көріп қалды.
Әйел дірілдеген қалпы төсекке созылып жата кетті. Өзен мен жаңбырдың тұрақты дыбысы, салқын жел оның ойын бөлгендей болды. Ол терезеден көз алмай, мылтығын дайын ұстап ұзақ тұрды. Біраздан кейін мысықты көру үшін қайтадан қозғалды. Ілбісін басын аяғыга қойып, үй мысығы сияқты маужырап жатыр екен. Әйел жаңбыр жауғалы бері бірінші рет өзіне бол, барлық адамға, су тасқынына бола – бәріне, бәріне өкіріп жылағысы келді. Керуеттен сырғып түсіп, көрпені иығына жамылды. Мүмкіндік бар кезде, барлық жол ашық кезде немесе қайығы суға ағып кетпей тұрғанда бұл жерден кетіп қалуы керек еді. Үймен бірге әрлі-берлі тербеліп отырған оның асқазаны сазып қоя берді, әлі нәр татпағаны сонда ғана есіне түсті. Тамақ ішпегелі қанша уақыт өткені есінде жоқ. Ана мысық сияқты бұның да қарны аш. Ас үйге кіріп, қалған-құтқан ағаштан от жақты. Тасқын су таяуда тоқтамаса, орындықты, тіпті үстелді де отқа жағуға тура келеді. Төбедегі қақталған сан еттен кесіп алып, тілімдеп турады да, ұзын тұтқалы табаға салды. Қуырылып жатқан ет иісінен басы айналып барады. Ол соңғы рет тамақ ішкен кезден қалған кепкен бисквит тауып алып, кофе де демдеді. Су бар еді.
Тамақ әзірлеп жатқанда, құлағына мысықтың қыңсылағаны дауысы келді. Әйел мысық туралы ұмытып кеткендей болған. Мысық та аш еді. «Қазір жүрек жалғап алайын, – деп күбірледі әйел іштен, – Содан кейін ісім сенімен болсын». Ол еттің қалдығын шегеге іле бергенде, тағы да ілбісіннің қырылдаған даусы шықты, оның қолы дірілдеп қоя берді.
Тамағын ішіп болған соң әйел төсегіне қайтып барды да, қолына мылтығын алды. Тамақ бойын жылытты. Енді жарық түскенше, мысықтан құтылуды ойлады. Ақырын басып, терезеге жақындады. Мысық орнынан қозғалмапты, пырылдап табалдырықта әлі жатыр екен. Әйел қорқынышын жеңіп, мысыққа ұзақ қарап тұрды. Содан соң мылтығын қойды да, өзінің не істеп жатқанын ойламастан, төсектің жанынан өтіп, ас үйге барды. Арт жақтан мысықтың қозғалып, қабырғаны тырналағаны білінді. Еттің қалған кесегін шешіп алып, сынған терезе жақтауынан сыртқа лақтырып жіберді. Терезенің ар жағынан аш мысықтың ақырған даусы естілді, ол жануардың бойынан өз бойына тоқ сияқты өткен әлдебір күштің шарпып өткенін сезінді. Өзінің істеген ісіне таңғалған әйел төсекке қарай ұмтылды. Етті жұлқылап жеп жатқан ілбісін даусын естіді. Оның қимылынан үй тербеліп тұрды.
Әйел енді бір оянғанда барлығы өзгергенін түсінді. Жаңбыр тоқтаған. Ол үйдің қозғалуын сезінуге тырысты, бірақ еден бұдан былай тербелмеді. Ашылған есіктен басқа әлемді көрді. Үйі бұрын тұрған жағалауға қайтып келген. Өзеннің ағысы әлі де қатты болғанымен, бірнеше фут төмендеген. Мысық та кетіп қалған. Табалдырықтан тас еменге, одан әрі батпаққа қарай кетіп бара жатқан іздер көрінді, сазға қарай ұзаған сайын іздер жоғала бастады. Ал табалдырықта әбден ағарғанша мүжілген сүйек жатты.
Дереккөз: Dollarhide, Louis, “The Gift”, in Mississippi Writers: Reflections of Childhood and Youth, Volume 1, edited by Dorothy Abbot, University Press of Mississippi, 1985.
Достарыңызбен бөлісу: |