Бұлшық ет ұлпасы
Бұлшық ет ұлпалары (textus muscularis) жиырылғыштық қасиетiне орай организмнiң қозғалуын, оның тiршiлiгіне қолайлы орта iздеуiн, ағзалардың қимылдауын, кеңiстiкте дененi белгiлi бiр қалыпта ұстауын қамтамасыз етедi.
Жиырылғыштық аппарат күштi дамыған, құрамында өзiне тән ерекше бұлшық ет актины болады да, өзара iс-қимыл жасауға қолайлы жағдай туғызатын актин, миозиннің филаменттерi (жіп тәрізді өскін) жоғарғы тәртiппен және тығыз орналасады. Онда филаменттерден ерекше тұрақты қосындылардың бірі-миофибриллдер (myofibrilla) қалыптасады.
Бұлшық ет ұлпалары жасушалардан және талшықтардан тұрады, түрi ұзынша келедi. Бұлшық ет ұлпаларының жиырылғыштық құрылымдары, оның ұзына бойында орналасып, көлденең жолақтықты берiп, тiректiк қызмет атқаратын цитоқаңқа және плазмолеммамен байланыста болады. Бұлшық ет ұлпасының жиырылуы үшiн, айтарлықтай қуат қажет болатындықтан, көптеген митохондрийлер, қоректiк тұрақсыз қосындылар (липид тамшылары, гликоген түйiршiктерi), миоглобиндер мен кальцийлер жиналады, онда бөлудi iске асыратын жақсы дамыған құрылымдар болады. Бұлшық ет ұлпасының бiр мезгiлде қимылдауы, оның көршi элементтерiнің бiр көзден (аксонның соңғы тармақтарынан) жүйкеленуiне, көптеген саңылау қосылыстарына (иондар тасымалдауын қамтамасыз ететiн) байланысады. Бұлшық ет ұлпасына түсетiн күш ұлғайса, онда құрылым бiрлiгiнің көлемi ұлғаюы (гипертрофия) жолымен және жасушаларының саны көбеюiнен (гиперплазия), оның салмағы өседi. Егерде оған түсетiн күш азайса, онда құрылым бiрлiгiнiң көлемi азайып, жасушаларының саны төменденуiнен бұлшық ет ұлпасының семуi (атрофия) жүредi.
1987 ж. бекiтiлген гистологиялық атаулар жиынтығынан кейбiр атаулар алынып тасталғанымен, осы күнге дейiн ғылыми, оқулық әдебиеттерде кең қолданылып жүрген бұл ұлпа атауларының ерекшелiктерiне, бұлшық ет жасушалары мен талшықтар цитоплазмасын - саркоплазма (sarcoplasma, грек. sаrkоs-ет), қабығын - сарколемма (sarcolemma), эндоплазмалық торын-саркоплазмалық тор, митохондрийiн-саркосома деп атауын жатқызуға болады. Бұлшық ет жасушаларына, олардың құрылым құрамбөлiктерiне түбiр сөз: мио- (грек. mуоs-бұлшық ет) қосылады (миоцит, миофиламент (myofilamentum), миофибрилла, тағы басқалар).
Достарыңызбен бөлісу: |