Тәрбие сағатының тақырыбы: Қазақтың текті қыраны-Талғат Бигелдинов
Мақсаты: 1. Ұлы Жеңісті дәріптеу. Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған ұшқыш жауынгер Талғат Бигелдиновтың ерлік істері туралы әңгімелей отырып, өмір жолын, ерлігін танытып және үлгі-өнеге тұту.
2. Тақырып мазмұнын меңгерту. Негізгі ойды, идеяны ұғындыру, мәнерлеп айту дағдыларын жетілдіріп, сөздік қорын молайту.
3. Елін, жерін қорғаған батырларды құрметтеуге және олардың ерлігін мақтаныш етуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Т.Бигелдиновтың портреті, нақыл сөздер, слайдтар, интербелсенді тақта
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру бөлімі
Кіріспе бөлімі
Кіріспе сөз ( интербелсенді тақтада слайдтар арқылы көрсету)
Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біле отырып, болашаққа қадам басады. Болашаққа рухани мәдениетімен қатар ұрпағының ұлттық қасиеттерін сақтауда тарихын үлгі етеді.Ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тарихи оқиғалардың баса ауқымдысы Ұлы Отан соғысы. « Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деп дана халқымыз айтқандай, қан майдандарда қол бастап, елдің намысын жауға таптатпаған батыр бабаларымыз аз емес.
Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Олар қасық қаны, шыбындай жаны қалғанша аянбай шайқасты. Адам баласы бір жақсы қасиетті туған жердің топырағынан алады деген ұғым бар. Туған топырағынан жаралған әр адамзаттың болашаққа деген сенімі мен көзқарас еркіндігі тек қана бейбіт өмірге қамтамасыз етілген елде қалыптаспақ.
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болсадағы қай ғасырдың қай күні.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.
Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін 1 минут еске алайық. ( Үнсіздік минуты)
Бүгінгі тәрбие сағатымыз қазақ халқының ардақты ұлының бірі, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов туралы болмақ.