Қазақстанның биоалуантүрлілігі өте бай. Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау – біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз. Біздің еліміздің аумағында тіршілік ететін құстардың 490 түрінің 396 түрі мекендейді, қалғаны маусымдық миграция кезінде келеді. Қазақстан әсіресе суда тіршілік ететін жабайы құстарға бай, бірқатар суқойма (Наурызым, Торғай, Алакөл, Қорғалжын көл жүйелері) халықаралық маңызды сулы алқапқа жатады. Басым түрлер – сұр қаз, бізқұйрық, сұр үйрек, барылдауық үйрек, қасқалдақ. Бұл құстардың жыл құстарын қосқандағы жиынтық саны шамамен екіден ондаған миллион дараға дейін құрайды.
Соңғы жылдары мекен ортасының деградациясы және шаруашылық іс-әрекетінің салдарынан көптеген суда жүзетін құстардың саны қысқарғаны байқалды .
Сұңқылдақ қаз Қызғылт қоқиқаз Бұйра бірқазан Жыл сайын республикамызда орта есеппен 2,6 млн үйрек, қаз, қасқалдақ және басқа құстар атылады. Олардың мүшелері мен ұлпалары антропогендік уыттармен (әртүрлі тұздар мен ауыр металдар) ластанған. Кейде бұл құстардың улануына және өлуіне апарып соғады, бұндай жағдайлар Каспий теңізі мен Балқаш-Алакөл қазаншұңқырында талай рет болды.Бұл құбылыстарды бақылау қажеттілігі қазақстандық суда жүзетін құстардың географиялық байланысының ауқымдылығымен күшейтіледі.
Қазақстанда күндізгі жыртқыш құстардың 39 түрі кездеседі
Ителгі Бүркіт Дала қыраны Өкінішке орай, әсіресе қыран, жыланшы бүркіт, ірі жамансары, сұңқар және өлексежегіштердің жартысынан астам түрлерін ХХ ғасырдың 50-жылдарында «зиянды жыртқыштар» ретінде қырып тастады. Соның салдарынан олардың көбісі өзінің бұрынғы санын қалпына келтіре алмай отыр және «Қызыл кітапқа» тіркелген. Танымал қыран – еліміздің мемлекеттік Елтаңбасының символы.
Жорғалаушылардың 49 түрінің ішінде ортаазиялық тасбақа ресурсының жағдайы алаңдатып отыр. 1976–1991 жж. 1 млн 108 мың дара дайындалып, экспортқа жіберілген. Олардың санын ішінара қалпына келтіру үшін Арыс массивінде (Түркістан облысы) тасбақаларды аулауға уақытша тыйым салу керек.
Соңғы жылдары фармацевтикалық өнеркәсіптің жылан уы әсіресе қалқантұмсық жылан уына деген сұранысы артып отыр. Алайда Қазақстанда жылан қоры анықталмаған, әзірге олардың кәсіпшілігін ғылыми негізге қою мүмкіндігі болмай тұр.
Ақбөкен – ерекше эндемик, еліміздің мақтанышы. ХХ ғасырдың басында оның жойылып кету қаупі болды. Сосын миллион дараға жетіп, кәсіпшілік түр болды. Қазір елімізде ақбөкен саны қайтадан азайып барады.
Қазақстан ихтиофаунасы соңғы жылдары қатты зиян шекті. Арал алабының су экожүйесінің деградациясы салдарынан сырдариялық тасбекіре, аралдық албырт және түркістандық қаяз сияқты эндемик түрлер жойылып барады. Бөтен балық түрлерін бақылаусыз жерсіндіру (акклиматизация) бірқатар жағдайда тек келешегі ғана жоқ емес, тіпті зиян болды. «Келімсектер аборигендерді ығыстырып шықты».
Антропогендік әсерлер – тыңайған жерлерді жаппай жырту, өзен арнасын бұру, малды шамадан тыс жаю, өрт, пестицидтерді кеңінен пайдалану салдарынан – жерүсті және топырақ омыртқасыздарының фаунасы әсіресе жәндіктер қатты зиян шекті. Мамандардың мәліметтері бойынша Батыс, Орталық, Солтүстік және ішінара Шығыс Қазақстанда 70% дала зонасының фаунасы шамамен жойылды. Егер аталған факторлар осы қарқынмен әсер ете берсе, сол ландшафттарда жәндіктердің түрлік құрамы 20–30%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Ауылшаруашылығы дақылдары мен жабайы өсетін пайдалы өсімдіктердің жаппай зиянкестері болуы мүмкін жеке, едәуір бейімді түрлер басым болады.