Болмыстың негізгі түрлері Тұтас дүние өзіндік ерекшеліктерімен дараланатын, бірақ өзара байланысты болатын сансыз көп түрліше заттардың құбылыстар мен процестердің, құрылымдар мен жүйелердің, тіршілік иелерінің адамдардың жалпы бірлігін, өмір сүруін қамтиды. Аталған әрбір құбылыстың өзіндік даралық мәні бар дейтін болсақ, онда тұтас дүниені мәндердің деп қарау орынды. Дүниені құрайтын әрбір даралықтың, құбылыстың тек өзіне тән, өзін басқа емес, дәл осының өзі етіп тұрғанын анықтаушы ерекшелігі бар. Осы анықтаушы ол құбылыстың дара болмысының мәні болып табылады. Дара болмысты мойындай отырып, оларды жинақтап қарау, ортақ белгілері мен қасиеттерін іздестіру арқылы болмысты түрлерге топтастыру таным мен өмірлік практика үшін мейлінше қажет.
Болмыстың түрлері туралы проблема философия үшін де өте маңызды. Себебі философияның негізгі мәселесін – ақыл-айдың болмысқа қатынасы туралы мәселені – түбегейлі шешу үшін болмыстың негізгі түрлерін саралап білу керек.
Осы тұрғыдан алғанда болмыстың бір-бірінн айырмашылығы бар, бірақ өзара қабысқан, тығыз байланысты тұрған мынадай негізгі түрлерін ажыратуға болады:
1)заттар (денелер) және процестер болмысы, ол өз кезегінде табиғи заттар мен процестер және адамдар жасаған заттар мен процестер болмысына бөлінеді;
2) адам болмысы, ол заттар дүниесіндегі адам болмысына және адамның өзіндік болмысына жіктеледі;
3) рухани (идеялық) болмыс;
4) әлеуметтік болмыс, бұл да өз алдына қоғамдағы және тарихи процестегі жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына бөлінеді.
Әлеуметтік өмірге қатысты болмыс түрі кейінгі арнаулы тарауларда тереңірек қарастырылатындықтан, біз болмыстың алғашқы үш түріне тоқталайық.
Адамзаттың, қоғамның пайда болып, қалыптасуы қоршаған табиғи ортаның, қажетті алғышарттардың, жаңдайлардың болуына байланысты екені белгілі. Басқаша айтқанда, тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет - әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғат процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған табиғи ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналды. Бұрын табиғатта дәл сондай дайын күйінде болмаған, адамдар өз қолы мен ақыл-ой күші арқылы жасап шығарған, өндірген жаңа заттар мен процестердің, жағдайлардың тұтас дүниесі пайда болды. К.Маркс мұны «екінші табиғат» деп атады.
Бірінші табиғаттың ерекшілі неде? Табиғат адам атаулы пайда болғанға дейін болды, өмір сүрді. Адам мен оның санасы пайда болғаннан кейін де ол өз болмысының тәуелсіздігін сақтайды. Әлбетте, табиғатты, оның заттарын, процестерін, құбылыстарын, өзгеріске түсу және даму заңдылықтарын санасына қабылдап, ой елегінен өткізуші, айтушы – адамдар. Табиғаттың өзінен тәуелсіз, санасынан тысқары, дербес өмір сүретінін, оның өзінен көп бұрын пайда болғанын толық мойындап, олар бүкіладамзаттық әлеуметтік – тарихи тәжірибе негізінде, өмірлік фактілерді саралау, ғылыми – зерттеулер мен жүйелі дәлелдемелер нәтижесінде келді.
Сөйтіп, болмыстың негізгі әрі айрықша түрі есебіндегі төл табиғаттың, яғни бірінші табиғаттың басты ерекшелігі – оның адамнан бұрын пайда болып, адам санасынан үнемі адамнан бұрын пайда болып, адам санасынан үнемі тыс әрі оған мүлдем тәуелсіз өмір сүре алатындығы болып табылады. Табиғат тұтас алғанда кеңістік пен уақытта шексіз – ол әрқашан және қайда болса да болған, бар және бола береді. Бұл табиғаттың жекелеген нақты заттарына, процестеріне, құбылыстары мен жай-күйлеріне тән емес бірегей ерекшелік. Өйткені, олар нақты бір жерде өмір сүреді, бар болып табылады, екінші бір жерде олар жоқ, өмір сүрмейді. Олар бірде бар, енді бірде жоқ, бір кезде пайда болады, тағы бір мезгілде дәл сол күйіндегі өмір сүруін тоқтатты. Жерге түскен ұрықтан немесе тамырдан ағаш көктеп шығады, толысып, қседі, мезгілі жеткенде қурап қалуы немесе бір себеппен сынып қалуы мүмкін, т.б Демек, табиғат заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жай – күйлерінің болмысы өткінші, көшпелі. Олардың болмысы не болмыссыздығы ауыспалы, қалыптасу, даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады.Гераклит пен Гегель сияқты ойшылдар өтпелі, ауыспалы заттар болмысының диалектикасын айқын ашып берген болатын. Гегель қалыптасу процесін саралай отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп дәл көрсеткен. Мәселен, әр адам дүниеге үлкен үміт, асқақ арманмен келеді. Қоғамдық қатынастарға араласып, тіпшілік жасайды, өмірдің ащы-тұщысын татады, шама – шарқынша із қалдырады. Сөйтіп жүргенде қас-қағым сәттей болып бұл жарық дүниеден өтіп кеткенін білмей де қалады. Үлкендердің «сағым дүние, жалған дүние» деп ой толғап отыратындығы да сондықтан. Өйткені, заттың болмысы оның болмыссыздығына орын босатады. «Аумалы – төкпелі дүние» деген ұғым, бір жағынан, осыны білдірсе керек. Алайда мұның бәрі тұтасынан алғандығы табиғат болмысының тоқталуын білдірмей. Жоғарыдағы мысалдарда көрсетілгендей, зат қиратылады, адам өледі, бірақ олар дүние болмысының тұтастығынан жоғалып кеткен жоқ, олар болмыстың басқаша материалдық жай-күйлеріне ауысып кетті. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінің тұрақты әрі болмысындағы жекелеген мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.
Төл табиғат сонымен бірге ерекше тұрпаты ақиқат болып табылады. Толассыз да шексіз табиғат тасқынында адам, санасымен қоса алғанда, біртұтас болмыстың ұшы-қиырсыз желісіндегі ең кеш болған буындардың бірі ғана. Табиғат үшін өмір сүру, «болу» - адам санасымен (немесе қандай бір ақыл иесімен) қабылданатын құбылыс болу дегенді әсте білдірмейді. Әлем дүниесінің шексіз зор кеңістіктері адам пайда болған дейін ешкімнің санасымен ешқашан қабылданған емес. Бүгінгі таңда да адам табиғат дүниесінің барлық қатпарын санасымен түгел қабылдап, игере алатын қабілетке жеткен жоқ. Ол мүмкін де емес. Адам тіпті ой-қиялымен шарласа да, күллі толассыздық пен шексіздіктегі табиғатт құбылыстарын қамти алмайды.
Табиғат объективті шындық, ол алғашқы, онсыз адамзаттың өмірі мен қызметі де мүмкін емес. Табиғатсыз адам жасап шығарған заттар мен процестер, яғни «екінші табиғат» та пайда бола алмас еді.
Шынында да, бізді қоршаған заттар мен құбылыстардың көпшілігі адамның табиғат дүниесін өзгертуінің нәтижесі. «Екінші табиғат» қатаң түрде біріншісіне, шынайы, төл табиғатқа тәуелді және соның туындысы. Болмысының тұрпаты жағынан адам жасаған заттар мен құбылыстар табиғат дүниесіне ұқсас, олардың ортақ қасиеттері мен даму, өзгеру заңдылықтары айтарлықтай жеткілікті. Дегенмен, «екінші табиғаттың» өзіндік мәнді ерекшеліктері де бар. Сонда, екінші, жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл табиғаттан айырмашылығы? Ең әуелі, оны жасап дүниеге келтіру барысында адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдейді. Екіншіден, «екінші табиғат» дүниесін жасуда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі және білімі пайдаланылады. Үшіншіден, «екінші табиғат» бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждарынан, мақсат-мүдделерінен туындайды. Яғни оның қоғамдық - әлеуметтік маңызы, атқарар міндеті, алар орны деген сөз. Айталық, бүгінгі өмірдің қай саласынды болсын электронды аспаптар мен приборлар, түрлі қондырғылар мен машиналар етене қолдынылады. Оған тіпті бойымыз да, ойымыз да әбден үйренген. Олар табиғат қойнауынан алынып, адам қолымен өңделген түрлі металл, пластмасса, т.б. материалдардан жасалған. Сондай-ақ оларды өмірге ғылыми жетістіктердің, ақыл-ойдың, білім мен тәжірибенің нәтижесі екеніне дау жоқ. Оларды пайдаланып, іске қосу да адамдардан үлкен білімді, қабілетті, материалдық мүмкіндігі де өмір талабынан туған заңдылық. Сөйтіп екінші табиғат туындысы, оның материалдарынан аданың білімі, еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жасалады. Яғни, «екінші табиғат» болмысы – табиғи – рухани - әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Ол мәні жөнінен әлеуметтік – тарихи сипатқа ие, адамзат қоғамының құрамдас бөлігі, тқл табиғат пен қоғамды жалғастырушы басты дәнекер. Сондықтан да, бір жағынан, қоғам мен «екінші табиғаттың» үнемі үйлесім тауып отыру қажеттігі ешуақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, «бірінші табиғат» пен «екінші табиғаттың» ортақ заңдылығын, біртұтастығын, бірегей болмысына қатысты олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыру да за заманымыздың көкейкесті жалпыадамзаттық мәселесі болып табылады.
Енді жекелеген адам және тұтасымен адамзат болмысының елеулі принципі өзгешелігі, өзіндік сапалық мәні неде деген мәселеге келейік. Әрине, бұл болмыстың да табиғаттың көшпелі заттарымен болып келетін маңызды өмір сүру белгілері бар. Бұл тұрғыдан алғанда адамды заттардың арасында зат, денелердің арасында дене қараудың еш сөкеттігі жоқ. Кезінде кейбір материалистер мен жаратылыстанушылардың да осындай пікірде болғаны белгілі. Тек ескертетін жай, бұл көзқарас адамды «затқа», «объектіге» теңестірушілікке, оны қалай болса солай қуыршыққа айналдырғысы келген, адамгершілікке кереғар пиғылдан аулақ болса ғана өзін ақтамақ. Бірақ болмыс туралы жалпы философиялық ілім үшін ең алдымен адам қалай өмір сүреді деген сұрақ төңірегінде ойлану әлдеқайда маңызды. Адам ең әуелі тіршілік иесі, нақты кісі ретінде, былайша айтқанда, «сүйек пен еттен жаралған пенде» есебінде өмір сүреді. Оның тәні, денесі – табиғаттың бөлшегі. Ол дүниеге келеді, тіршілік иесі есебінде іс-әрекет жасайды, мезгілі кеткенде өледі. Адам өмірі шектеулі, ол өткінші болмыс иесі. Табиғаттың бөлшегі ретінде адамның бүкіл тіршілік әрекеті оның заңдылықтарын бөзбайды. Оған тамақтану, киім-кешек, жай-күйі үшін өзіне жағдай жасау, ыстық-суықтан қорғану, табиғаттың түрлі өмірге қауіпті күштерінен сақтану, т.б. қысқасы, тіршілігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ол табиғи түрде тұқым қуалаушылық заңдарына бағына отырып, жаңа ұрпақтың өсіп-өрбуіне себепкер болуға тиіс.
Бұдан шығатын қорытында мынадай: адам болмысының алғышарттары – оның табиғат бөлшегі ретінде, организм ретінде өмір сүруі. Алайда адам болмысының басты ерекшелігі – ақыл-ой иесі, санасы бар яғни тек тәннің ғана емес, жанның рухани дүниенің иесі екендігінде. Адам табиғаттың бөлшегі, төл баласы өркені, сонымен бірге ол әрі тарихты, әлеуметтік өмірді жасаушы, әрі тарихи – қоғамдық дамудың туындысы. Адамдар дүниеде тек өмір сүріп қана қоймайды, сондай-ақдүниеге, қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаға және өздері өздеріне әсер етуге, өзгеріп, түрлендіруге қабілетті. Осыған қоса олар өз болмысын және жалпы болмысты танып – біледі, «болмыстың тағдыры» үшін дабыл көтере алады. Осыдан келіп әрбір адамның адамзат тағдыры үшін, табиғатты, тұтас жер планетасын қорғау үшін жауапкершілігі туындайды.
Адамдар болмысы жекелеген адамдар санасы тұрғысынан алғанда нақтылы, объективті. Адамдар жекелеген адамның санасынан тысқары, тәуелсіз өмір сүреді. Бірақ адам болмысы әсте санадан, рухтан мүлдем тәуелсіз болмайды. Себебі, адам болмысы – заттың, табиғилық пен руханилықтың, дербестік пен қаумдастықтың жеке кісі мен қоғамның өзара қайшылыққа тұратын ажырамас бірлігі.
Енді рухани байланысқа тоқталайық. Руханилық - өзінің өмір сүруі мен көрінісінің нақты түрлері жөнінен сан алуан болып келетін сана мен санасыздық процестерін қамтитын көптүрліліктің біртұтастығы. Оның құрамына табиғи тілдер мен таңбалық (символдық) жүйелер түрінде іс жүзінде асырылған, материалдандырылған білім кіреді. Сондай – ақ, адамдар арасындағы қатынастардың ізгіліктің, шығармашылық пен құқылық өлшемдері мен процестері де рухани өнімдер мен процестер қатарына жатады. Рухани болмысты шартты түрде үлкен топқа – жеке адамдардың тіршілігнен ажыратып қарауға болмайтын дербестенген руханилыққа және дара адамнан тысқары өмір сүре алатын объективтендірілген руханилыққа бөлуге болады. Біріншісі – басқаша айтқанда, дараланған адамның санасы. Ол нақты адаммен бірге пайда болып, бірге өмір сүреді, сыртқы дүниені бейнелейді. Сана арқылы адам табиғи және әлеуметтік ортадағы өз орнын, басөа адамдармен қарым-қатынасын анықтап, өз ойлары мен келгенде жеке адамның санасын өзімдік сана деп те қарастыруға болады. Адамның «мені» мен өзімдік санасын шынында да, бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Адам санасы, жоғарыда айтқанымыздай, өзімен бірге пайда болып, өзімен бірге өледі. Алайда тіршілікке оның санасының ізі атқарған істерінен көрініс тауып жатады. Дербес рухани болмыстың ерекшелігі осында. ең бастысы – сана бар, ол өмір сүреді, ақиқат. Оның процестерінің тікелей болмысы көрер көзден, сырттай бақылаудан жасырын жатқанымен, адамдардың іс - әрекетінен талап – тілектерінен, ой-армандары мен мінез – құлықтарынан көрініс тауып аңғарылады. Сана процестері белгілі бір кеңістік және уақыт аумағымен шектелмейді, оларға идеалдық құрылым тән. Адамның ойлау қызметі барлық жылдамдықтардан жүйрік, кез келген кеңістік және уақыт өлшемдерінен асып түсіп ілгері кетіп жатады. «Көңіл жүйрік пе, дөнен жүйрік пе» деген халық мәтелі осыны жақсы білдіретін тәрізді.
Адамның рухани тұтастығы, бүкіл психикалық әрекеті санамен қоса санасыздық процестерін де қамтиды. Санасыздық та сана сияқты нақтылы ақиқат, дербес рухани болмыстың ажырамас бөлігі. Адамның тыныс-тіршілігі, қимыл - әрекеті, ісі түгелімен сананың толық қатысуы арқылы жасалмайтыны белгілі. Олардың көбі әбден дағдыға айналып кеткен, ой елегінен, санадан өтпей-ақ істеле береді.
Санасыздықтың мән-мағынасын зерттеген ғалымдар (сана туралы арнаулы тарауда бұл мәселе тереңірек қарастырылады) оның түрлі деңгейін көрсетеді. Мәселен, санасыздықтың бірінші деңгейі – адамның өз денесінің өмір сүруін санасыз түрде бақылауы, екінші деңгейі – санасыздық негізінде процестің бастау алуы. «Маған бір ой келіп тұр», «Меңінше, өйткен дұрыс сияқты» дегендей пікірлер айтылып жатады ғой. Осы мысал екінші деңгейді жақсы көрсетеді. Санасыздықтың үшінші деңгейінде сана мен санасыздық қат-қабат қабысып, бірін-бірі толықтырып тұрады. Бұл деңгей шығармашылық шабыт келгенде, философиялық ғылыми интуициялық сәттерде өз көрінісін білдіреді. Қысқасы, дербес рухани болмыс – сана мен санасыздықтың қайшылықты ажырамас тұтастығы.
Объективтендірілген рухани болмыс жеке адамдардың санасынан тысқары өмір сүреді міндетті түрде материалдық құбылыстардан көоініс табады. Материалданған рухани өнімдер мен процестер, сөздер, дыбыстар, табиғи және жасанды тілдер арқылы іс жүзіне асады (мәселен, кітаптар, сызбалар мен формулалар, жобалар, суреттер, ескерткіштер, музыкалық шығармалардың ноталары, т.б.) мәселен, тіл – дербес және объективтендірілген болмыстардың бірлігі болып табылады. Тіл мен сананың, тіл мен ойдың байланысы өте тығыз. Тіл арқылы сана қызметінің сыртқы, объективтендірілген нәтижелері көрініс табады. Тілдің таңбалары, әріптері дабастары, сөздері, сөйлемдері оның құрылымдары, ережелері – бәрі нақты ақиқат. Олар – жеке адамдардың санасынан оқшауланған ақиқат. Тіл – қоғам дамуындағы тарихты жалғастырушы, байланыстырушы мәдениеттің сақтаушысы, ақыл-ойы.
Рухани болмыстың объективтендірілуі қалай жүзеге асады дейтін болсақ, ең әуелі белгілі бір ой, идея, пікір жеке адамның санасында дербес пайда болады. Одан кейін адам өмір тәжірибесіне, біліміне, қабілетіне, мүмкіндіктеріне сүйене отырып, ой-пікіріне, идеясына материалдық сипат береді: тіл арқылы - өрнектейді, жоба жасайды, нотаға түсіреді, сурет салады, материалдық бұйым жасайды, т.б. содан кейін оны қоғамдық практиканың ағымына қосады. Мысалы, ерте заманда адам доңғалақ идеясын ойлап тапты. Алғашқы доңғалақ дүниеге келісімен-ақ, доңғалақ идеясы өмірдің барлық саласына кеңінен тарап, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып кете барды. Немесе, санау қажеттігіне байланысты ертедегі адамдар саусақтарын, одан кейінгі уақытта тастарды, таяқшаларды, т.б. пайдаланды, келе – келе есеп-шот дүниеге келді. Есепшоттың бүгінгі заманғы жалғасы – электронды есептеу машиналары. Осы мысалдарда көріп отырғанымыздай, жеке адамның санасында әуелде пайда болған идея оның аумағынан, ырқынан мүлде алшақтап, бүкіл адамзаттың рухани байлығының құрамдас бөлігіне айналып кетті. Сөйтіп объективтендірілген рухани құбылыстардың басты ерекшелігі – олар әлеуметтік кеңістікте және тарихи уақыт шеңберінде сақталады, жетілдіреді және емін – еркін қозғалыста болады.
Қорыта келе айтарымыз: болмысты зерттеу - әлем туралы, дүние туралы ой толғаудың алғы шарты ғана. Оған қозғалыстағы материя, оның болмысының түрлері ретіндегі кеңістік пен уақыт туралы мәселерді оқып үйрену барысында көз жеткізуге болады.
ӨЗ БЕТІНШЕ ОҚУҒА АРНАЛҒАН СҰРАҚТАР
1.Заң қажеттілігі ретінде. Заң және мән
2.Дүниенің бірлігі және көптүрлілігі.
3.Монизм. Дуализм. Философиялық плюрализм.