Сабақтың тақырыбы: Жүсіп Баласағұн, Йасауи ілімдері және Абай
Сабақтың жалпы мақсаты: ақын шығармаларындағы исламдық дүниетаным
және Алланы тану туралы философиялық ойлары, Абайдың діни танымы; Жүсіп
Баласағұн, Йасауи ілімдері және Абай, Жүсіп Баласағұнның «Жәуанмәртлік»,
Йасауидің «Хал ілімі» және Абайдың «Толық адам» ілімінің арасындағы
ұқсастықтар мен ерекшеліктер және дәстүр жалғастығын ұғындыру.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап
Сабақтың көрнекілігі: Тұрсын Жұртбай «Құнанбай / Тарихи және әдеби тұлға/» Алматы «Алаш» 2004 ж
М.О.Әуезов «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» Алматы «Ғылым» 1988 ж;
Өмірәлиев Құлмат «Абай афоризмі» Алматы «Қазақстан» 1993 ж.
Х.Ж.Сүйінішәлиев «Абайдың қарасөздері» Алматы 1956 ж.
Электрондық оқулық: «Абай қарасөздерінің дауыстап айтылуын компьютерден тыңдату»
I. Қызығушылықты ояту сатысы: 1) Оқушыларды түгендеу, үй тапсырмасын тексеру.
2) Өткен тақырыпты еске түсіру.
3) Абайға топтастыру.
II. Мағынаны ажырату сатысы. Жаңа сабақ
БАЛАСАҒҰНИ Жүсіп Хас Хажип (1020 ж. ш. - ө. ж. белгісіз) – ортаазиялық ақын, ғалым. Баласағұнидың бізге жеткен ең ірі туындысы – 1069 жылы жазылған «Құтадғу білік» («Құт әкелетін білім») дастаны.
«Құтадғу білік» - 11 ғасырға дейінгі түркі тілдес халықтардың қоғамдық ой-санасында орын алған рухани құбылыстарды тұтас қамтыған көркем шығарма, әрі адамдарды адамгершіліктің абзал қасиеттеріне баулитын этикалық-дидактиктикалық, саяси-философиялық трактат.
Дастандағы жауанмәртлік жайлы қағидалар желісімен Абайдың Он жетінші, Отыз сегізінші қарасөзі және «Ғылым таппай мақтанба...», «Әсемпаз болма әрнеге...»т. б. өлеңдеріндегі тұжырымдары рухани жалғастықты танытатын нақтылы ұғымдармен ұштастырылып, өзара сабақтас келеді. Баласағұни мен Абай шығармаларында мораль философиясының толық адам, бенделіктің кәмалаттығы, хаһим, мұлахаза ұғымдары мен ғылымды жіктеу жүйесі және жар таңдау жайы сияқты пікірлер желісінен өзара ұндестік ұшырасады. Дастан жауанмәртлік ұғымы - «ерсиг тоңа» кейбір тұста «ахы» сезімен беріліп, ақыл, әділет, ізгілік (рақым, шапағат) ұғымын қамтып отырады. Абай шығармаларында да жауанмәртліктің негізі ақыл, әділет, рақым арқылы беріліп, осы сипаттарды түгел меңгерген кісі ғана толық адам болады деген тұжырым жасалған.
Баласағұни поэмасында әділет, ақыл, рақымды бойына дарытқан шын өмірдегі толық адам бейнесі Айтолды, Өгдүлміш бейнелері, бенделіктің кәмалаттығын аңсағандардың жиынтық бейнесі тәркі дүние жолына түскен Олғұрмыш бейнесі арқылы көрсетілген. Дастанда негізінен тәркі дүние жолына түскендердің мұраты – бенделіктің кәмалаттығын терістеу мен өмірге құштар ізгілікті көздеген камили инсаниді (толық адамды) мадақтау жағы басым жатады. Ал, осы таным Абай шығармаларында толық адам мен бенделіктің кәмалаттығы деген арнайы термин сөздермен кеңінен таратылып отырады. Ақын бенделіктің кәмалаттығын әшкерелеумен қатар толық адам жайлы терең адамгершілік ойды жаңа сапамен байытқан. Дастаңда Баласағұнидың қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды саралап талдай келе солардың арасынан хакімдерді ерекше бағалап көтере мадақтаған ой желісі Абайдың отыз сегізінші сөзінде кеңірек талданған.
Абай жауанмәртлікке байланысты әлеуметтік топтарды төртке жіктегенде хакімдерді бөліп алып, олардың қоғамдағы қызметін аса жоғары бағалайды. Отыз сегізінші сөзіндегі: «Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі... Бүл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына... адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пен батылдықты айырмақты үйреткендігі – баршасы нәфиғлық (пайда беруші) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дағуа жоқ» деген пікірі Баласағұнидың ойларымен астасып жатыр. Баласағұнидың шығармасында үйлену, бала тәрбиелеу мәселелеріне баса назар аударып, жастардың өмірдегі ең жауапты жар таңдау кезеңіне арнайы тоқталған. Баласағұнидың айтуынша жастар төрт нәрсеге құштар болады, бірақ дәулеттінің қызын алсаң, қүл боласың, тектіні алсаң, қор боласың, сұлуды алсаң, күлкі боласың, төркіні зорды алсаң, күшік күйеу боласың деп ескертеді. Осы төрт сипат бір басынан табылар ақылды, мінезді, ұяты бар ата-ананың қызын ал деп кеңес береді. Осындай пікір желісі Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі кымбат...» өлеңінде де ұшырасады. Екі ақында да халықтық танымдағы талғам басым жатыр. Абай:
«Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма...» -
деп, жар таңдауда халықтың ұғымындағы аталы пікір қазығын ұстатқандай ой толғайды, жастарды саналылыққа шақырады.