Әдістемелік баяндама
«Мұғалімнің сабақты тиімді ұйымдастыруы»
«Бала – біздің болашағымыз
Өмірдің ең бір қызығы, ол тәлім – тәрбие беру».
Әл-Фараби
Бала тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын, ойшылдары мен зиялыларын толассыз толғанысқа, үздіксіз ізденіске түсіргені күмән туғызбайды. Шығыстың ғұлама ғалымы Әл – Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін, - десе, Болашақ ұрпақ жайында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында: «Қазіргі заманда кез - келген мемлекеттің тыныс тіршілігін қалыпты ұстап тұрудың аса маңызды шарты – адамдардың өздері, олардың ерік – жігері, қажыры, білімі болып табылады. Ата – аналар өз балаларын өмірге даярлауға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Олар қазіргі балалар елдің болашағын анықтайтын XXI ғасырдың ересек адамдары екенін түсінуі қажет» - деп көрсетті. Ал тәрбие дегенде М. Жұмабаев: «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне – өзі қожа болғанша тиісті азық беріп өсіру» - деген екен. Сонда бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы қалыптасатын күрделі іс. Бала қамын ойлаған бабаларымыздың айтқандарынан түйгеніміз – қай қоғамның болсын көтерген мәселесі – бала жанына ізгілік дәнін егу. Себебі бала – өмірдің жалғасы, мәні мен сәні. Сондықтан да халық баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ұққан. Кезінде ұрпақ тәрбиесі, ел тағдыры жөнінде елеулі еңбектер жазып, аталық ақыл айтқан ғалым – профессор Б.Кенжебаев: «Бала – біздің болащағымыз. Болашағына немқұрайлы халықтан ештеңе күтуге болмас еді. Қазақта «Ұяда не көрсе ұшқанда соны ілер» - деген мәтел бар.
Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата да қыран болу керек» - деп отбасы тәрбиесінде ерекше тоқталған. Себебі отбасы бала үшін – алтын бесік. Бала тәрбиесі мен барлық адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы негізінен отбасында жүзеге асады. Олай болса балаға өз шаңырағында, өз табалдырығында дұрыс тәрбие берілуі – тәрбиенің ең басты шарты. Ата мен әженің, әке мен шешенің балаға беретін үлгісінің құдіреттілігін мойындап,
өз ұлтының ертеңін елжірей ойлап, ұлттық тәрбие тағлымын байыптай да батыл айтқан батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «... Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата – аналарымның бейнесі елестейді. Өйткені өзімнің әжемдей, әке – шешем мен ауылдың ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған ешкім жоқ.» деп балалық шағын тебірене еске алуы тегін емес.
Тәрбиенің алғашқы бастамасын бала жанұяда алады. Бала жанұя аясында түлеп өседі, оң – солын таниды. Ол алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім – тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «баланы жастан» деп мәтелдеген. Өмірдің базарын бала деп білген халқымыз «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей.» - демей ме? Ия, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, мектепте берілетін тәрбиемен қалай қабысады. Енді соған келейік.
Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені отбасы Адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі толысқан, жан – жақты жетілген, өз бетімен өмір сүруге бейім, толыққанды адам етіп тәрбиелеп шығарады. Бұл екі ортаның да мақсат – мүддесі ортақ, міндеті – біреу. Демек қасиетті жерде жұмыс істеудің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Педагогикалық іс – өте нәзік, қасиетті іс. Ол мұғалімнен өте сезімталдықты, балаға деген шексіз сүйіспеншілікті талап етеді. Тұңғыш ағартушы педагог Ы. Алтынсарин «Күнәнің ең үлкені - бала жанының нәзік пернелерін дұрыс сезе алмайтындарда»деп бала тәрбиесіндегі басты тұлға ұстаздарды өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырған. Балаға тән азығы – тамақ қандай қажет болса, жан азығы - жылулық, сүйіспеншілік сондай қажет. Ал оның қажетін қанағаттандырмай түпкі мақсат ешқашан орындалмайды. Мұғалім сабақ беруге деген өзінің ықыласын, қызығушылығын арттырып, ниетін осыған қарай бүрғанда, ұстаздық тәжірибеде
қызықты дүниелер таба алады. Сабақты өту барысында күйдің, шығарманың мазмұнын ашып көрсетудің тағы бір жолы – сөз
өнері. Мұғалім осы тұста өзінің сөйлеу шеберлігін қолданып, неғұрлым тартымды сөз өнерімен, көркем тілімен шығарманың мағына-маңызын ашып музыква әлеміне жақындатады. Сөзбен түсіндіру мен образды теңеу, елестету, шәкіртке жақын және түсінікті болғанда ғана өз мақсатына жетеді. Осыған байланысты оқушының жас ерекшелігі, білімі, қабілеті, ынтасы, түсінігін ескеру қажет. Оқушының бойындағы музыкалық қабілет, талабының өсуі үшін мұғалім оқушымен бірге пікірін бөлісіп, теңеулер, мысалдар, салыстырулардың әсері мол болмақ. Оқушы бір қиындықтан өте алмаса, ерінсе, тапсырманы орындамаса немесе қабілетін оята алмаса , мұғалім ашуланып, ештеңені ескермей бір қатесін қайталап көрсете берсе, оқушы да, мұғалім де өз мамандығына салқындық туғызады. Шығарманың жаңа келбетіне көңіл бөліп, жан-жақты қарауды, әр шәкірттің деңгейіне қарай байланыстырылса,сабақтан қорытынды шығады. Сабақты үлкен жетістікпен өткізу ұстаздық мәдениетті көрсетеді, ал жас ұстаздарға айтарымыз:
1. Ұстаз деген ұлағатты атты жоғары ұстаныңыздар. 2. Басқа ұстаздардың да сабақтарына қатысып, адами қасиеттеріне, сабақ өтілуі, репертуар т.б. басқа сырларын байқап, түйіп өтіңіз. 3. Әрбір музыкантқа жаңа бастаған оқушыны үйретудің маңызы зор. Бұрын аспапты ұстай білмеген оқушы кішкентай әуенді ойнағанның өзі бақыт. Соған қуана біліңіз. 4. Оқушы орындауынан асығыс шешім жасамаңыз, кішкентай болса да жақсы жағын табуға тырысыңыз. Әр оқушының ішкі жан дүниесін аша біліңіз, байқап, жеке тұлға ретінде қараңыз. 5. Бәрі оңай көрінетін жас ұстаздан ұлағаттылық шықпайтынын есте ұстаңыз. 6. Әр оқушыны жеке тани білгенде ғана, ұстаздық жұмыс іске асқаны. 7. Тіке айтылған пікірді қабылдай біліңіз, ыққа жығылмай, әр нәрсені өз атымен атау, «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық даналығын есте сақтаңыз. 8. Ұстаздық мәдениет, сөз өнерін жетілдіру.
Әр кәсіптің өз жемісі бар. Біздің жемісіміз – алдымыздағы шәкірттер. Олар – біздің бүкіл ұстаздық өміріміздің гүлі, мәні мен сәні десек артық айтпағандық болар. Қазақта «Ана мейірі мен ұстаз мейірі егіз»деген тамаша мәтел бар. Халық айтса қалт айтпайды. Мейірімін ана мейірімен теңестірген ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керек
Біріншіден - біз мейірбан адамдар болып, балаларды қаз - қалпында сүюге тиіспіз, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, жалқауды да бірдей жақсы көруіміз қажет. Өзіміздің жан - шуағымызды балаларға алаламай тең үлестіруіміз керек. Балаға деген мейрімділігіміз бен махаббатымыз педагогикалық қызметіміздің ең басты дәлелі болуы тиіс. Балаларға деген сүйіспеншілік пен мейірім олармен дөрекі сөйлесуге, олардың жеке басымен намысына тиюге, ұрсып, қорқытуға жол бермейді.
Екіншіден - біз баланы түсіне білуіміз керек. Балалар өздеріне әрдайым көмекке келетін, табыстарына қуанатын, сәтсіздікке ұшыраған сәтте көңілдерін көтеретін мұғаліммен қарым - қатынас жасау соншалықты қызықты екенін сезінуі тиіс. «Балаларды түсіну - мұның өзі «олардың кейпін кию» олармен бірге қуанып, бірге күйініп, олардың өмірін кешу»- деген болатын Н. К. Крупская. Балаларды түсіну дегеніміз - оларға өктемдік көрсетпей, олардың бүгінгі тіршілігін тірек ете отырып, ертеңгі тіршілігінің өркенін жаю деген сөз. Баланың көңіл құбылысын, жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.
Үшіншіден - біз өзіміздің педагогикамызға, тәрбиенің жасампаздық күшіне сенуіміз керек. Қайсыбір педагогтың жекелеген балалардың қыңыр мінезі алдында қол қусырып «бұдан түк шықпайды» деуі олардың жарқын болашағын жерлеумен бірдей.
Төртіншіден - біз ұлт болашағын, еліміздің келешегі - жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпаған жөн. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Біз сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуіміз қажет.
Қазақ мектебінің болашағы туралы Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі – мектебіне байланысты...»деуі, Ұлы жазушы, әрі ғұлама М. Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе»деген нақылы еліміздің ертеңі - жас ұрпағыңды жақсылап өсір деген сөз. Жас ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы, ел ертеңі. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады»деп А. Байтұрсынов айтқандай мемлекетіміз де ұрпақ тәрбиесіне барынша назар аударып келеді. Себебі бала - еліміздің ертеңі, тірегі мен тілегі. Еліміздің - ажары мен базары.
Біздің жастар елімізді, жерімізді, тілімізді бүкіл әлемге паш етсін десек, жаңа заманға лайық етіп тәрбиелейік. Шәкірттеріміз көзге ғана емес, көңілге де қуаныш сыйлап, өміріміздің гүліне, мәні мен сәніне айналсын. Біз тәрбиелеген ұрпақ тәрбиелі де тәртіпті, ақылды да өнегелі, рухани адамгершілігі мол Қазақстанның беделді азаматы болады деп сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |