Ғабдрахым көз жұмды."
Қастықта Қысыр сауылып отырған көктем шағы болатын. Түс кезінде Абай аулына бір топ, төбелеске бейім, қолында шоқпары бар балуан денелі жігіттер келе жатыр. Топты бастаған – Әзімбай. Олардың Абайға келу себебі, Көкеннің Уағы бірнеше жыл бұрын Құнананбайлар тартып алған жерлерін қайтарып алу үшін қаладағы ұлыққа арыз берген. Арыз бойынша землемер келіп жерді өлшеп кеткен. Бұған қарсы Тобықтының намысын жыртып Оразбай Уақтарға қарсы бүлік бастаған. «Уақты шабамын» деп қол жинаған. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді, бар
Тобықты жиылсын» деген. Тәкежанның айтуымен, осы Әзімбайлар Оразбай жинаған қолға қосылуға бара жатқан еді. Жолда әдейі Абайды сөйлетіп, сыр тартқысы кеп, аулына бұрылған.
Әзімбай болған жайды баяндап: «Туыстарыңыз қару асынып, Уақты шабуға дайын отыр. Оразбайдың осы басшылығына не дейсіз?» деді. Абай болса: «Зорлықшыл зорлықтан қаза табар. Қарашоқпар, шабуыл Оразбай түгілі Құнанбай заманында таусылған. Танып жетпесеңдер тағы да тұмсықтарың тасқа тиер» деп мысқылдады. Әзімбай өзінің құдасы жағына шығып, іштей «бұл Оразбайдың басшылығын жақтырмай, баяғы басараздығымен жақсылықты қимай отыр» деп ойлады. Ештеңе деместен жүруге ыңғайланды.
Бұл кезде Оразбайдың Қарақұдықтағы үйінде Тобықтының сан жуандары бас қосып жиын өткізіп жатыр еді. Әзімбайлар тобы да оларға кеп қосылды. Қымызға балқыған Оразбай «Салдым барымды, Жер ашуы – жан ашуы! Арыңды жоқтадым Тобықты!» деп сілтеп отыр. Жиренше, Абыралы, Әзімбай, Әбділдалар оны қостап, көтермелеп мақтай түседі. Сүт пісірімдей уақыт өткенде Тобықтыдан жиналған жүз қаралы қол Уақ отырған Көкен еліне аттанды. Топты бастап бара жатқан Оразалының ұры қарымтаға тәжірибесі мол Бесбеспайы болатын. Көкендегі Тұщыкөлге жақындағанда ол қолды алты топқа бөліп, жұрт ұйықтағасын бір-ақ соқтығысуды қатаң тапсырды.
Уақтар да қамсыз емес еді. Олар Тобықтының осылай шабарын біліп ертеден қамданып отырған. Қалың жылқыны алдымен алып кететінін ойлап оған Бостан деген балуан денелі жігітті басшы етіп, жиырма адамды қарауылға қойған. Жау келе қалса алдымен осылар қарсы шығатын болып келісілген. Ал ауылда қалған азаматтар түнімен сергек ұйықтап, сақ отырған. Бесбеспайлар жылқының шетіне іліне бергенде-ақ алдарынан «қайт-қайттап» Бостандар қарсы шықты. Сарт-сұрт ұру, сатыр-сұтыр төбелес басталды да кетті. Бостанға қарсы келген Бесбеспайдың өзі екен. Оның соққысынан Бостанның оң қолы сынып, салдырап қалды. Бірақ Бесбеспай да сау кеткен жоқ. Бостан бұрыла бере оның қарақұсынан періп жіберді. Басынан қан бұрқ еткен Бесбеспай қарсы келгендерден тайқып қаша жөнелді.
Тобықтының жүз шақты жігіті «алмай қоймаймыз» деген жылқылардың қарасын да көре алмады. Ауылдан келіп, жан-жақтан қаптаған Уақ жігіттері оларды тықсырып, қоршауға ала бастады. Бір кезде Бесбеспай тобы анық, жеңлетінін біліп «айрылмас-айрылмас» деп қашу қамына кірісті. Таң қылаң бере Тобықты тобы оннан аса адамын тұтқынға тастап қашып құтылды. Уақ жағынан да бірнеше адам мертікті. Осылай Оразбайдың қысыр қымызына тойып, есірген топ қан жоса боп қаңғып қайтты.
Арада бірнеше ай өтіп, жаз шықты. Тобықтының Бұғылы болыс дейтін елінде он күннен бері үлкен жиын өтіп жатыр. Жиын себебі исі қазаққа таныс емес «санақ» болатын. Санақ жүргізу үшін қаладан бірнеше чиновник келген, оларды күтуші Тобықты жуандары қазір жанын салып жүр. Әсіресе, Оразбай ерекше көзге түседі. Оның себебі, санақтың осы жолғы басшысы үлкен төре, қазақ жігіті Әзімқан Оразбайдың атына сырттай қанық боп, оның көктемде Тұщыкөлге жасаған шабуылын қызығып тыңдапты. «Анық бұл өңірдегі қазақтың мықтысы Оразбай» деген көрінеді. Оразбайға келген қазақ чиновтиктері де Әзімқанды "Петербургте оқыған, нағыз төре, орта жүзді билеген Жабай ханның немересі, туысқан ағалары Құнанбайды Омбыға жауапқа тартқызып, Итжеккенге айдата жаздаған" деп мақтауын асыра жеткізеді. Мұны естіген Оразбай болса: «Ақ патшаның арқаға қаққан төресі, әрі атам қазақ бағынған хан төрем, бұны күтпей кімді күтем» деп Семей тілмаштарының алдында әдейі алқына сөйлейді.
Әзімқан келе салысымен оны мақтаған, қошеметтеген сөздер Тобықтының төрт болысына да жетті. Оразбай өзімен ниеттес жуандарды «Орысша-қазақшаға да жүйрік ұлықпен таныстырамыз» деп әдейі шақырады. Осындай шақырумен Шұбар да келеді. Кешкі отырыста Оразбай бастаған бай-бағландар Әзімқан төремен кеңеседі. Бұл кеште Әзімқан ерекше дараланып, қазақтың арғы-бергі тегін таратады. Шыңғысханға бір соғып, бергідегі Қасымханның «қасқа жолынан»,
Есімханның «ескі жолынан» сыр шертеді. Қазақ хандары мен төрелерін Шыңғыстың Жошы ұлымен байланыстырады. Қазақтың бүгінгі орналасқан жерін, болыстарын, орыс патшалығына қайтіп бағынғанын ұзақ баяндайды. Тобықтының бай-билері таңдай қағысып, ауыздарын ашып тыңдайды. Бұлардың атынан Оразбай төреге қошемет сөздер айтады.
Таңға жақын қалың жұрт тарап кеткенде Шұбар Әзімқанның қасында қалып қояды. Төре одан «Абайдың өлең жазатыны рас па? Орысша білетіні рас па?» деп сұрайды. Әсілінде, Шұбар Абайға іштей қастық ойлайтын. Ол Тәкежандар жанында жүргенде солардың сойылын соғып, Абай қасына келгенде Мағаш, Дәрмен, Кәкітайлардың істегенін істеп, қатар жүрген кісі бола білетін. Абай отырған жерде оның өлеңін жатқа айту керек болса, айтып та беретін. Абайдың өзі айтатын «бүгінгі дос – ертең жау» дейтін туыстарының бірі еді. Сондықтан Төре сұрағанда Абайды көп білетін кісі етіп көрсетпеді. «Орысшаны долбарлайды» деп қана қойды. Содан соң Әзімқан: «Пушкин, Лермонтовты аударғаны рас па?» деп те сұрап қалды. Оған Шұбар: «Аударғаны рас» деп қысқа жауап берді. Төреге жанасудың бір себебі Абай болғандықтан енді ол Әзімқанның айтуымен Абай өлеңдерін жатқа айтып шықты. Бірақ жаратылысынан өлеңді сүймейтін бұл адам туған тілінде жазылған Абай өлеңдерін ұқпады. Ол қазақ ақыны деп Бұқарды танитынын айтты. Шұбар болса Абайдың:
«Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деген өлеңін оқып берді. Осыдан соң Әзімқан Абайды жақтырмай өлеңдерін тыңдауды доғарды.
Тағы бірнеше күн өткенде төре Шұбар мен Оразбайдың ұлы Елеуді шақырып алып: «Ат ерттеңдер. Абайға барып, сәлемдесіп, жүздесіп қайтамын!» дейді. Ертеңгі шайдан соң он шақты кісі Абай ауылына жөнеледі. Жолда Әзімқан Шұбар, Әзімбай, Елеуді топтан бөліп алып Абай туралы сыр тартады. Себебі, ол Абаймен табысудан бұрын, сынапмінеуге бейім боп бара жатқан еді. Алдымен Шұбар сөйледі. Ол Абайдың оба ауруы кезінде имамдармен араздасқанын, Оразбайдың жесірін тексіз кедейге әпергенін айтты. Әзімбай болса Абайдың қалың жатақтағыларды Тобықтының жуандарына қарсы қойғанын баяндады. Елеу Тұщыкөлдегі шайқаста аталасы Тобықтыға емес, Уақ жағына болысқанынан сыр шертті. Үшеуін тыңдап алған Әзімқан: «Ал енді жақсылығы қандай?» деп сауал тастады. Онысын Шұбар таратып берді. «Абай ағам жақсылық Ресейден болады. Тәртіп өзгереді» дегенді көп айтады дейді. Әзімқан болса оларды қайдан біліп жүргенін сұрайды. Шұбар Абайдың достары Михайлов пен Павлов жайын баян етеді. Осыдан соң Әзімқан күрт өзгеріп: «Елеу! Анау қалың топты артқа қайтар. Мен Абайға бармаймын. Ол менің сәлем беріп баратын адамым емес екен» деп қайтып кетеді.
Осыдан үш күн өткесін Сәмен болыс пен Оразбай Әзімқанды оңашалап ақыл сұрайды. Олар Төреге он бес күннен кейін Арқат деген жерде сияз өтетінін, бұл жолғы сиязда Оразбайлардың Тұщыкөлге шабуылы мен жер дауы көтерілетінін, оған Абай куә ретінде шақырылғанын баяндайды. Оразбай Төреге қарап: «Жараның үлкені сол. Абай аталастарын қостамайын деп тұр. Егер ол Уақты жақтаса Тобықты ішінен маған қарсы айғақ шығып, басқа рулар Уаққа болысады. Ендігі басшым, асыл төрем! Айтарыңды өзің айт!» деп тоқтайды. Төре болса
Абайға сыншы емес, жазалаушы сынды жұдырығын түйіп алып: «Несіне ұйлығып, қамалып отырсыңдар! Абайды молда қылатын да сол Тұщыкөлдегі қайрат! Оған тиылмаған Абайды көріп алармын. Ұқтыңдар ма?!» деп шолақ қайырады. Сәмен мен Оразбай іштей ұғысып, бастарын изей береді.
Он бес күн өтіп Маковецкий Уақ пен Тобықтының жанжалын тергейтін болып сияз шақыртады. Сиязға бар Тобықты мен Уақтың байжуандарынан бөлек, көрші ел – Матай, Керей, Бура, Сыбан, Наймандардың да атқа мінерлері жиналады. Қара халықтың да қарасы мол болды. Енді бұлар бірнеше күннен бері Абайды күтті. Ұлықтар да Абай не айтар екен деп тосып отыр. Шешімді соның сөзіне қарап шығармақшы. Абай мұны келген күні Самалбек тілмаш арқылы білді. Ертеңіне куәлік беретін кез жеткенде талайдан бері топ алдында сөйлеп жүрсе де, талай істі тергеген болса да Абай қатты қысылды. Ол алдымен ұлықтар отырған үйге кірді. Оған еріп келген қара халық үйге сыймай қалды. Осыдан соң ояз жиынның сыртта болатынын айтты.
Сыртқа шыққанан соң Абай қолын арқасына қойып тұрып сөйлеп кетті: «Ағайын, мені куәға тартпақсыздар. Қанша ащы болса дәрі дертті жазады. Мұндағы дәрі — әділет, дерт – Қаскөйлік. Қазақ «Инемен құдық қазған қиын» дейді. Меніңше, адам ішінен қаскөйлікті қуып шығарудан гөрі инемен құдық қазған оңай ма деймін» деп бір тоқтады. Айналадағы адамдар «ой, бәрекелді, сөзіңнен айналдым!» деп қалысты. Содан соң Абай көп бөгелмей сөйлеп кетті: «Зорлықшы деп кімді айтамын?! Алдымен Тобықтыны айтамын. Әділет тілесең атаңның айыбы болса да айт. Ең алдымен айыпкер деп Құнанбайды айтамын!» деп ауыр шындықты айтып қалғанда арқасы жеңілдеп, жеңіл тыныс ала бастады. Тобықтылар болса дүр сілкініп: «Астапралла! Ажалды азғын» десті. Осыдан соң Абай Құнанбай бастаған Тобықтының жуандары Уақтың жерін тартып алғанын баяндады. Оған қоса осы жанжалдан жапа шеккен Бостандарды, Уаққа тұтқынға түскен Тобықты жалшыларының зарын да айтты. Куәлік сөзін бітіре келе: «Көкен елінің жер дауы Уақтың пайдасына шешілсін!» деп байлау жасады.
Абай куәлігі қалың жұртты қадалтқан түйін болатын. Өзін Тобықты демей әділет жолында оны Абай шешіп берді. Ояз бұйрығы бойынша көктемде землемер жүргізген бөлік сол күйінде қалатын болды. Оразбай, Әзімбай, Жиреншелер шабуыл жасап, екі ел арасына бүлік салғаны үшін айыпты боп аталды. Көкен еліне Тобықтының он бес жуаны түйе бастатқан тоғыз-тоғыздан айып тартады деп шешілді. Бұл жиында
Оразбай мен Сәмен өздері жеңілген өкімді естіп іштерінен Абайға қылар қастығын ойлады. Топтан оңаша шығып, қорланып, кекті ашумен сыр түйісті. Жақында болар сайлауда Абайға қарсы сұмдық іс істейтін болып тарасты.
Көп өтпей сайлау күні де жетті. Оған Қоңыркөкше жұртының «бізді Сәмен болыстан құтқар. Ол сайланбасын» деген тілеуімен қасына Кәкітайды алып Абай да келді. Абайлар түскен үйде Сәмендердің жылпос жігіті бар еді. Сол сыртқа шығып: «Абай ұлыққа кіргелі отыр, қам қылсын» деп Сәменге хабар жіберді. Көрші үйлерде сайланып отырған елу-алпыс атқамінер болатын. Солардың алдына Сәмен түсіп алып Абай отырған үйге беттеді. Ол отауға кіргенде он-он бес кісі қасына ере кірді. Бәрінің қолында қамшы мен шоқпар. Сәл сескеніп қарап қалған Абайға Сәмен жетіп барып қатты бір боқтық сөз айтты да: «Соңымнан қаласың ба, жоқпысың?!» деп басынан сегізөрімді дырау қамшымен тартыптартып жіберді. Сол екен қалғандары да жабыла кетті.
Үйдегі отырғандардың бірен-сараны Абайға араша түсті. Осындай кезде Абайды ұра алмай қалған қалған топ Кәкітайларға қамшы ала ұмтылды. Жанұшырған Кәкітай үйден қалай шыққаны белгісіз, далаға шығып орысша айқайлап: «Көмектесіңдер! Құтқарыңдар!» деп ұлықтар отырған үйге қарай жүгірді. Бірталай уақыт өткенде ояз үйінен шыққан стражниктер мылтық атқанда жаңағы топ тарап, қашып кетті. Оразбайлардың қастық ниеті осылай орындалды. Абай есінен танып қалған екен. Ол не болғанын аңдағанда: «Несіне тірі қалдым, өлсем етті!» деп өкінді.
Абай үйіне келгесін де екі күн бойы қыбырсыз жатты. Келесі күні оған Мағаш, Кәкітай, Баймағамбет келіп жақын маңдағы Тәкежан аулында Оразбайдың ұрысы Қиқымды көргенін, бірақ ұрының астында Әзімбайдың бәйге аты болғасын ұстатпай қашып кеткенін айтады. Қиқымды Оразбай Абай не істеп жатыр екен деп Тәкежанға әдейі жұмсаған болатын. Мұны естігенде Абай орнынан тұрып Баймағамбетке: «Атты дайында, кеттік! Мені шағатын жылан қойнымда отыр екен. Кетем бұл елден!» деп қатты налып кетуге айналды. Баймағамбет сөзге келместен тысқа шықты. Екеуі батысты бетке алып жүріп кетті. Осы кезде әлі аңғырған күйде тұрған Мағаш пен Кәкітайдың жанына Ысқақ пен Шұбар келді. Ысқақ алдында тұрған жастардың түрінен шошынып: «Не болды? Анау кетіп бара жатқан Абай ма?» деп қалды. Мағаш көзіне жас толып: «Білмедім. Кетіп барады. Енді қайта оралмастай болып жұрттан күдер үзіп кетіп барады» деді. Сол-ақ екен Шұбар мен Ысқақ қатар Абай ізінен шаба жөнелді.
Жайлаудың ашық кеші батып қалған кез еді. Қатарласып шауып келген туыстарына Абай бұрылып та қарамады. Шұбар келе сала оның атының шылбырын мойнына орап: «Абай аға, кетпейсің. Алдымен мені өлтіріп кет!» деп өтірік болса да құбылып, даусын дірілдетті. Артынан келген Ысқақ аярланбай, шын қысылған күйімен сөйлеп кетті: «Сабыр қыл, Абай! Жаңа ғана біліп қайттым. Сүйген балаң Әбіштің жары Мағрипа үзілгелі жатыр. Ол да балаң емес пе? Мағрипа соңғы демінде сенімен қош айтысамын деген тілек білдіріпті. Кешегі Әбішіңнің аруағын ұмытасың ба? Бұ да балаң еді, қош айтпай кете бересің бе?!» дегенде Абай шешімінен айнып қалды. «Соным бар ма? Менен де сорлы мұңлым бар ма?!» деп қайтудың белгісін жасады.
Дәл осы сәтте өмір бойы қабақ шытысып көрмеген құрбысы
Мәкеннің тізесіне басын салған күйі Мағрипа үзіліп бара жатыр еді. Соншалықты сау, сұлу денесін қасірет ақыры жеңген. Екі жыл бойы қайғы шеккен ол Әбішке берген сертін орындады. Жұбана алмаған Мағрипа дегеніне жетті. Қазір Абайлар Әбіштің қаралы отауына келіп жете бергенде Мағрипа да қайтыс болды. Жылап отырған Мәкеннің жүзінен Мағрипаның о дүниеге аттанғанын білген Абай есіктен кіре бере еңкілдеп, еңіреп жылап, Мағрипаның жүзін құшып, кесек-кесек ыстық жасын төгіп-төгіп жіберді.