Қат-қабатта 1 Құнанбай елі бұрын күздеуден бір қар жаудырмай, көшпейтін еді. Бұл жыл ол маңындағы Жігітек, Көтібақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған аталас елдерге көші-қонның жөн-жосығын айтпай, күземді елден ерекше ерте алды.
2 Күздеуден жіті көшіп отырып, Құнанбай ауылдары Қызылшоқы, Қыдыр мен Көлқайнарға жетеді. Құнанбай қасына Майбасарды ертіп алып, Шыңғысқа бет алды. Кешке қарай ол үлкен бәйбішесі Күнкенің ауылына кеп түседі. Мұнда бүгін сыбаға алып келген әйел қонақтар көп екен. Үй ішінде Құнанбайдың тоқал шешесі Таңшолпан, Ақбердінің шешесі, кәрі жеңгесі Бөпей, Жұман, Жортар және Ырсайдың шешелері бар екен. Бұлардың көпшілігі Ырғызбайдың және Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар еді. Ертеңіне Ырғызбайдың жиырма ауылы тағы да дүрк көшті. Беттегені – Шыңғыстың жуан ортасы.
Алты күннен соң Құнанбай ауылы көшкен жолмен тағы бір мол көш келе жатты. Бұл – Бөкенші мен Барсақ көші. Көш басында Сүйіндік, Сүгір және Жексен келеді. Бұлардың қыстауларын Құнанбай ауылы толығымен мекендепті. Жексендер ашуланып, ел шаппақшы да болады. Бірақ Құнанбайға дәті бармайды. Құнанбай алдынан шығып, оларға құр қысыр төбе-қоныстарды береді. Олар оған көнбей, сонда орнығып алады.
3 Құнанбай жорға Жұмабайды Сүйіндік пен Сүгірлерге жіберіп: «Ана Қарауыл, Балпаң, Талшоқы, Шалқар бойынан таңдаған қоныстарын алсын. Мұнда көпке мұрындақ болмай, тез барып орнықсын», - деген. Сүйіндік пен Сүгір көш-қонын ойлап, қыбырлай бастап еді, Барсақтан шыққан Дәркембай оларды тоқтатады. Соңыра Сүгір, Дәркембай, Түсіп, Жексен және Сүйіндіктің қатысуымен қара шаруа жиыны болады. Жиын бір түбірге келеді де, ел наразылығын Құнанбайға жеткізуге Түсіпті жіберетін болады. Сол күні Түсіп барып, айтқанына Құнанбай ашуланып: «Біздің ел де наразы, Бөбең мен Кішекең елдегі Керей, Уақ, Сыбан малдарын үнемі ұрлап отырады. Сен де одан шет емессің. Бәрің жазықтысың, арамсың. Алысқысы келсе, кіріссін. Сөзімді тегіс жеткіз»,
– деді де екеуі екі айырылып кетті.
4 Майбасардың екі атшабары Қамысбай мен Жұмағұл Үркімбай, Қаумен, Қараша ауылдарына келіп, Керей мен Уақтан ұрланған елу қойды қайтаруын талап етеді. Соңсоң Қараша Байдалымен ақылдасуға атқа мініп кетеді. Шай қайнатым уақыт өтпей атшабарлар Байдалы мен оның ұры атанған жігітіне кеп арылдай түседі. Аздай арада атшабарларды қанға бояп, қуып салады. Жан сауғалап қашқан Қамысбай мен Жұмағұл Қарашоқыдағы Құнанбайдың ауылына тіке жол тартады. Құнанбайдың қасында Байсал, Майбасар, Құлыншақтың батыр ұлдарынан Наданбай, Манас, Ырғызбайдан – Жұман, Төлепберді тағы да басқа үй толы жігіттер екен. Құнанбай жағдайды есіткен соң барлық жігіттерді жинап алып, Үркімбайды ұстап келуді бұйырады. Олар лезде Үркімбай ауылындағы ер басының бәрін сабалайды да, оның өзін артқа байлап қайтады. Оқыста қарсы алдарынан Қараша 40-50 жігітпен шыға келеді. Қолдарында өңшең шоқпар мен сойыл. Айқаста Жігітек қолы басым келіп, Үркімбайды алып қалады. Үркімбайды ала алмаған Құнанбайдың қолы амалсыз қашып кетеді.
5 Қызылшоқыдағы Бөкенші әлі де көшпей отыр. Бірінші қар түседі. Құнанбай Майбасарға он шақты жігіт қосып, Талшоқы мен Қарауылға Бөкеншіні көшіруді бұйырады. Бөкеншілер еріксіз тартып кетеді. Құнанбай бір-екі күнде ешкімге білдірмей, қалың қол жинайды. Ол Көтібақ руындағы Байсалға ата қонысы Тобықтыны Бөжейден тартып алып бермекші еді. Сол себепті, ат күшіне мінген қалың топ Бөжей ауылына беттейді. Осы кезде Жігітек руының ірілері Бөжейде отырған екен. Бірақ қолындағы жігіттері азшылық. Құнанбай кенеттен басып, бәрін тұтқындады. Шетінен ақсақал, қарасақалдарға дүре соқтырады. Кезек Бөжейге келгенде, ал оны Қамысбай ұра бергенде, Көтібақтың Пұшарбайы өз денесімен Бөжейді жауып қалады. Себебі, бұл екеуі бұрыннан дос болатын. Құнанбай ашуға мініп, екеуін де жазалауды бұйырады. Содан кейін, оған Байсал да қарсы шыға келеді. Құнанбай сонда да айтқанынан қайтпай тұрғанда Байсал лезде өзінің рулас жігіттерін бөліп алады. Дүрелердің соңы көрінген соң Құнанбай Байсалдан басқа қалған қолымен Қарашоқыға қайта жөнеледі.