Детальдың негізгі қызметі – ұсақ бөлшектер арқылы тұтас құбылысты
бере білу. Ол суреттеп отырған зат туралы тұтас түсінік береді.
Детальдың ең басты құндылығы – оның дәлдігінде жатыр. Жазушы
әрқашан шығарманың шырайын ашатын, оқиғаның өзегін көрсете алатын ең
қажетті, ең керекті жалғыз сөзді жаңылмай таба білуі керек.
«Декамерон» – итальян новеллисі Боккаччоның (он күндік күнделік) жүз
новелладан (он күн бойына әрқайсысының айтқан 10 новелласы) тұратын
туындысы. Жазушыны қоғамдық моральдың азғындауы, екіжүзділік пен
пайдакүнемдік, есепшілдік, эгоизм сынды мәселелер толғандырды.
Диалог – сөйлесу түрінде жазылған. Диалог драмадағы характер
ерекшелігін ашу үшін қолданылады. Драмадағы диалог – кейіпкерлердің
рухани әлемін, ішкі драматизмін психологиялық тұрғыда тереңінен көрсетудің
құралы.
Монолог – әдебиеттегі диалогқа қарама-қарсы ұғым; автордың кейіпкерді
сөйлету тәсілі. Яғни кейіпкердің ішкі көңіл-күйінен хабар беретін, жан-
дүниесінің тереңінде тұнып жатқан сырды ақтаруының бір тәсілі.
Новелла – көлем жағынан әңгімеге теңдес прозалық шығарма, кейде
өлеңмен жазылады. Новелланың әңгімеден айырмасы – онда әдеттегіден тыс,
өзгеше жағдай, ғажайып оқиға баяндалады. Оқиға желісі таң қаларлықтай
қызықты етіп өріледі және тосын, күтпеген жерден аяқталады.
Новелла жанры – әлем әдебиетінде ертеден келе жатқан кексе жанр.
Новелланың қайнар көзі ең алдымен латындық exemple, сонымен қатар,
фаблио, мысал, халық ертегілері болып келеді. ХІІІ ғасырдағы окситан тілінде
бұрыннан бар, дәстүрлі материалды өңдеп жаңадан әңгімелеген дүниені таныту
үшін «nova» сөзі қолданылған. Осыдан келіп итальяндық novella шыққан, ал
ХV ғасырдан бастап бұл сөз Еуропа елдеріне кеңінен тарап кетті.