Сауат ашу пәніндегі әліппе кезеңінің ерекшеліктері



бет2/5
Дата27.03.2023
өлшемі62 Kb.
#76347
1   2   3   4   5
Сонымен бірге «тыңдалым», «айтылым», «оқылым», «жазылым» шартты белгілерімен берілген тапсырма-материалдар бағдарламадағы білім мазмұнына сәйкес оқушылардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру мақсатын көздеп берілгенін байқауға болады.
Оқулықты құрастыруда оқу мақсаттарының жүйесін жүзеге асыру басты нысан ретінде алынып, тапсырмалар мен тыңдау, оқу, жазу материалдары «Сауат ашу» оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспарда көрсетілген оқу мақсаттарына сәйкес түзілген. Мәселен, А дыбысы мен әрпі берілген бетте Әли мен Мерейдің диалогтік сөйлеу материалы «1.6 Тыңдаушының назарын аудару» дағдысын қалыптастырудың ерекше құралы бола алады. Әлидің диалогтік сөйлеуінде берілген «-Мерей, мектеп алдындағы ағаш жаққа қарашы! Біздің сыныптағы Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашып келеді. Не болды екен?» деген сөздер оқушыларда «не болды?» деген таңқалысты тудыруы мүмкін. Бұндай тапсырма түрі, сөзсіз, оқушылардың назарын аударып, сабаққа деген қызығушылықтарын тудырады.
Сонымен қатар өтілгелі отырған жаңа ұғым, түсінік мұғалім тарапынан жариялана салмай, балалардың өзіне байқататын, одан қорытынды шығартатын, жаңа тақырыпқа «көпір» жасайтын тапсырма-материалдар арқылы берілген. Мерейдің «Не болғанын төмендегі суреттерден көре аламыз» деген сөздерінің және екі сюжеттік суретке сәйкес сөйлемнің суретті сызба моделінің берілуі бұған дәлел бола алады. Әліппе кезеңінің алғашқы сабағында-ақ (А дыбысы мен әрпін таныту) оқушылар суретті сызба моделдің көмегімен «Ара шақты. Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашты» мәтінін «оқитын» болады. Бұндай тапсырма-материалдар оқушының оқу дағдысын қалыптастырады. Дыбыстық талдау-жинақтау әдісін қолдануды қажет етеді: талдау тәсілі бойынша сөйлеуден (Ара шақты. Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашты) – сөйлемді, сөйлемнен – сөзді, сөзден – буынды, буыннан – дыбысты бөліп алуға, жеке дыбыстарды әріптермен таңбалауға мүмкіндік жасалып, оқуға негіз қаланып, берілген сөздердегі жеке дыбыс бөліп қарастырылады. Демек авторлар соңғы суреттегі Марғұланның «А-а-а-а!»деген дыбысына оқушылардың назарын аударту арқылы оның созылып, әндетіліп айтылатындығын байқата алады.
«Тыңдалым» материалында берілген «табиғи дыбыстарға», яғни баланың дыбыстауына (А-а-а-а!), желдің уілдеуіне (у-у-у...), шар ауасының шығуына (ш-ш-ш...) , жыланның ысылдауына (с-с-с...), күшіктің ырылдауына (р-р-р...) т.б. оқушының назарын аудартып, соларды айтқызу арқылы өтілетін жаңа дыбысты меңгерту өте тиімді жол екені байқалады.
Оқулықта оқушы әрекетінің басымдылығына, зерттеу әрекетіне, шығармашылық әрекетіне мән берілген. Мысалы, Р дыбысы мен әрпін өту барысында «Күшік қандай дыбыс шығарды? Сен осы дыбысты айтып көр»; Л дыбысы мен әрпінде «Мен қанша доп соқтым? Ізденуді ұйымдастыр. Төмендегі оқитын сөздеріңнің саны сұрақтың жауабы болады», «Сұрақтардың жауабын дереккөздерден ізде», «Бірің – көжек, екіншің кірпі болып ойнауға дайындал», «Мультфильмді қалай аяқтар едің?», т.б. тапсырмалар оқулықта жиі кездеседі.
«Тыңдалым» материалы ретінде берілген мәтінде жаңа өтілетін дыбыс не сөздер қарамен берілген. Бұл оқушының жаңа сөздерді тез аңғарып меңгеруіне, сол сөздерді өздігінен оқуына мүмкіндік береді.
Оқулықта оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыруға ерекше орын берілген. Әліппеге дейінгі кезеңде сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс сызбаларын «оқу» материалдары берілсе, әліппе кезеңінде өтіліп отырған әріп сөздері буындап, тұтастай оқу және жаңа сөздер перспективті қатармен ( су асу сау асау сан сана су суат) беру әдістемелік ерекшелігі сақталады. «Оқылым» шартты белгісімен сөз, сөйлем, мәтіндер оқуға берілді.
Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында түзілген «Сауат ашу» оқу бағдарламасында: «Жалпы білім беру ұйымдарына (мектеп, гимназия, лицей, т.б.) арналған оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі және бірегейі – түрлі әлеуметтік топтармен тіл табысуға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету үшін ынталандырушы және белсенді тілдік орта құра отырып, қажетті қатысымдық дағдыларды дамыту керек» делінген. Демек 1-сынып оқушысының бойында қатысымдық дағдыларды қалыптастыруда тыңдалым әрекетінің алатын орны зор. Бала тілді алдымен тыңдап, құлақ қандырады, қайталап айтады, сөз мағынасын түсіне бастайды, уақыт өте келе тілдік қоры байып, сөйлей бастайды, оқиды және жазады.
Бастауыш мектептің «Сауат ашу.1-бөлім» оқулығы бойынша дайындалған үнтаспа материалдары 1-сынып оқушыларының тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатын көздейді.
Аталмыш үнтаспада сауат ашудың әліппеге дейінгі және әліппе кезеңдеріндегі 39 сабақтың тыңдалым мәтіндері лексикалық тақырыптар («Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті») аясында беріледі.
Оқулық тапсырмаларымен сәйкес берілген үнтаспа материалдары оқушылардың тыңдағанын түсінуіне, тыңдаған мәтіні бойынша сөйлеуіне және парталас досымен сұхбатқа түсуіне мүмкіндік береді. Мәселен, 3-сабақта «Кел, танысайық!» тақырыбы бойынша берілген мәтін тыңдатылып, мұғалімнің көмегімен оқулықта берілген сұрақ-тапсырмалар орындатылады. Бір ескеретін жай, №4, 8, 33, 36, 43, 47, 49, 50, 72, 74, 88, 89 сабақтардың оқулықтағы және үнтаспадағы тыңдалым нұсқаларының арасында сәл алшақтық бар. Мысалы №33 сабақ бойынша оқулықта берілген «Сондықтан оны Негеш дейді» сөйлемі үнтаспада «Сондықтан ол Негеш деп аталып кеткен» боп оқылады. «Ол сендерден төмендегі сұрақтардың жауабын табу үшін көмек сұрайды» сөйлеміндегі «төмендегі» сөзі оқулықта «мына» сөзімен берілген. №72 сабақ бойынша үнтаспадан тыңдатылатын өлең – «Менің отбасым». Ал оқулықта берілгені – «Біздің отбасы» өлеңі. Бұл өлеңдердің біреуін таңдау – мұғалімнің еншісінде. Бір ескеретіні, оқулықта берілген тыңдау материалын мұғалім өзі мәнерлеп оқып беруі қажет.
Сонымен қатар үнтаспадағы тыңдалым мәтіндері мұғалім тарапынан оқушының өз пікірін білдіру біліктілігін бағалауды ұйымдастыруына мүмкіндік береді. «Маған ұнайтын өлеңдер» тақырыбы бойынша тыңдалған материалдардың мазмұны туралы оқушылар өз пікірін білдіреді, яғни оның қызықты, қызықты емес екенін айтады. Мәселен, 10-сабақта Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі тыңдатылып, оқулық кейіпкері Мерейдің «Бұл – Ыбырай Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі. Осы өлең маған ұнайды» деп айтқан пікірі оқып беріледі. «Ал саған қандай өлең ұнайды?» сұрағын барлық оқушыларға қойып, әр оқушының пікірін тыңдау ұйымдастырылады. 9-сабақта екі өлең қатар тыңдатылып, олардың қайсысы неліктен ұнағанын сұрау баланың сөйлеуіне, ішкі сезімін жеткізуіне түрткі болады.
Үнтаспадағы тыңдалым материалдары оқушыларды ізденуге ұмтылдырады. Мәселен, 33-сабақта үнтаспадан Негештің кім екені, не үшін сыныпқа келгені туралы мәтін тыңдатылады. Негеш төмендегі сұрақтардың жауабын табуға оқушыларды көмекке шақырады: «Дүниедегі ең жақын адам кім?», «Ең қажетті ас қалай аталады?». Мұғалім оқушылардың ізденуін ұйымдастырып, бұл қандай сөздер екенін таптырады (ана, нан).
Әліппе кезеңіне берілген кейбір тыңдалым материалдары арқылы жаңадан өтілетін дыбыстар, сөздер аңғартылады. Мәселен, 39, 47, 50, 52-сабақтардың тыңдалым мәтіндеріндегі желдің уілдеген «у-у-у», жыланның ысылдаған «ыс», желі шыққан шардың «ыш» дыбыстарына назар аудартылып, жаңа «у», «с», «ш» дыбыстарымен таныстырылады.
Оқушының тыңдаған мәтінінің мазмұнын дұрыс түсінуінде мәнерлеп оқудың алатын орны зор. Алайда бастауыш сынып мұғалімдерінің бәрі дерлік өз деңгейінде мәтінді мәнерлеп оқи алмайды. Дауыс қарқыны, күші, ырғағы сақталмайды, фразалық, логикалық екпіндер дұрыс қойылмайды, логикалық, психологиялық, грамматикалық кідірістер дұрыс жасалмайды. Сол себепті сауатын енді ашып жатқан 1-сынып оқушысы мұғалім тарапынан оқылған мәтінді бірден түсінбейді. Демек диктор арқылы үнтаспаға жазылған тыңдау мәтіндерінің оқушының тыңдалым дағдысын қалыптастырып дамытудағы рөлі зор.

Сауат ашу сабақтарында интербелсенді әдістерді қолдану бастауыш сынып оқушыларының мүмкіндіктерін ашып, қызығушылықтарын арттырады, белсенділіктерін дамытады.
Интербелсенді әдістер арқылы оқушылар сабақ үстінде еркіндікте болып, бір-бірімен тығыз танымдық, қатысымдық байланысқа түседі және осы арқылы бір-бірін үйретеді. Интербелсенді сөзінің өзі (латынша interaction – интеракция, яғни өзара әсер ету) өзара әсер ету дегенді білдіреді. Бастауыш оқыту үдерісінде қолданылатын интерактивті әдістер оқушылардың сабақта белсенді іс-әрекеттер жасап, оқу материалын өзара бірлесіп шешуіне мүмкіндік жасайды.
Интербелсенді әдістер арқылы өтілетін сауат ашу сабақтарында оқушылардың белсенділігін қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық тұрғыдан арттыру көзделеді. Бастауыш сынып оқушыларының қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділіктерін арттыру жолдарын төмендегіше жүйелеп көрсетуге болады:
1) Оқушылардың қимыл белсенділігін арттыру жолдары: оқушының түсінбеген жерінен орнынан тұрып, екінші оқушыдан еркін сұрауы; жақсы оқитын оқушының өз тобындағы нашар оқитын оқушыға үйретуі; оқушылардың өз топтарында тапсырма бойынша бір-бірімен сөйлесіп, ақылдасып отыруы; олардың тапсырманы орындап болғаннан кейін өзара тексерісуі.
2) Оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру жолдары: олардың өзара оқушы-оқушы не мұғалім-оқушы, оқушы-мұғалім түрінде бір-біріне сұрақтар беруі; сабақта өзара пікірлесіп отыруы; қарсы топ оқушыларының қиын сұрақтарға жауап беру еркіндігінің болуы.
3) Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары: олардың қарсы топтың пікіріне өзіндік көзқарасын білдіруі; келіспеген жағдайда өзінің көзқарасын дәлелдеуі; өз тобындағы жолдастарының сөзіне қосылатындығы жөнінде өз пікірін білдіруі.
4) Оқушылардың қатысымдық белсенділігін арттыру жолдары: сабақ барысында оқушылардың бір-бірімен еркін тілдік қатынаста болуы; жауаптарын бірге жоспарлауы; сөйлейтін сөздерін нақты әрі қысқа жеткізуі; айтар ойларын әсерлі бере білуі; сөйлеушінің жаргон, диалект сөздерден таза болуы.
Интербелсенді әдістер қолданылған сабақтарда сыныпты екі немесе үш, төрт ұялы топтарға бөліп, барлығына бірдей бір тапсырма не әр ұялы топқа бөлек-бөлек тапсырма беруге болады.
Оқыту тәжірибесі барысы пікірталасқа негізделген және оқыту үдерісінде қолданылатын дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ойын барысында оқушылардың бойында жағдаятты (ситуацияны) бағдарлау, яғни жағдайға талдау жасай білу, жағдаят (ситуация) кезінде өзінің атқаратын рөлін сезіну, әңгімеге қатысушы әріптестері арасында байланыс орнату, қарым-қатынас жасауда тілдік ұғымдарды дұрыс пайдалана білу сияқты қабілеттері жетілетіндігі байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет