«Сұрақтар жаңбыры» Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сұрақ қою және сыни ойлау дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: оқушылар топтарға өз еркімен, қалауымен бөлінеді. Әр топ параққа сұрақтар жазып, бір-біріне лақтырады. Алған сұрақтарына жауап жазып, кері лақтырады. Жауап жазылған парақты қағып алған ойыншы, сол жауаптан сұрақ тудырып, ары қарай лақтырады. Ойын осылай жалғасады.
«Әңгімеге негізделген жазу» Ұйымдастыру: топпен/жұппен жұмыс
Мақсаты: әңгіме желісі бойынша орындалған жұмысты топтарда немесе жұптарда талқылай отырып жазу; әңгіме туралы өз ойларын ортаға салу және пікір алмасу.
Қажетті материалдар: ақ парақтар, қалам
Сипаттамасы: берілген әңгіме бойынша шақыру қағазын, хат, ашықхат, электрондық хат, күнделік жаздыру үшін оқушылар шағын топтарға немесе жұптарға бөлінеді. Оқушылар берілген жұмыс түрлерінің бірін таңдайды немесе жеребе арқылы анықталады. Жазу уақыты белгіленіп, оқушыларға ескертіледі. Әр топта немесе жұпта бір хатшы сайланады. Оқушылар не жазатындарын талқылап, бір-бірімен пікіралмасады. Жазып біткеннен кейін олар өз жұмыстары төңірегінде ой бөліседі.
1. Шақыру қағазы Оқушылар мазмұны кеш, туған күн немесе басқа да мерекелер туралы айтылған әңгімені тыңдағаннан кейін шақыру қағазын жазады.
2. Хат Оқушылар әңгіме кейіпкерінің атынан хат жазады.
3. Ашықхат Оқушылар әңгіменің кейіпкерінің атынан кейіпкердің ата-анасына хат жазады.
4. e-mail Оқушылар әңгіменің бір кейіпкеріне электрондық хат жазады.
«Детектив» Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау, көшбасшылық дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: Оқушылар екі топқа біріктіріледі. Екі топқа да шытырман оқиғалы мәтін шағын бөліктерге бөлініп, қима қағаздарға жазылып беріледі. Олар 15 минут ішінде осы мәтіндегі шытырман оқиғаның шешімін табуы тиіс. Әр топ өз шешімдерін айтады. Қандай тәсілмен анықтағандары талқыланып, ақпараттармен жұмыс істеу туралы ой бөліседі.
«Коллаж әңгіме» Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау және коммуникативтік дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: оқушыларға түрлі-түсті суреттері бар журналдар беріледі. Олар журналдардан қиып алып алған суреттерін флипчартқа жабыстырып, әңгіме құрастырады.
«Менің сөзім» Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сабақта алған білім, білігін бағалау.
Сипаттамасы: сыныптан бір оқушы тұрып, сабақтан бүгінгі үйренгендерін қорытындылап айтады. Айтып болған соң, басқа бір оқушының атын атайды. Сөзді сол оқушы жалғастырып, сабаққа рефлексия жасайды. Барлық оқушы сабақты қорытындылауға осы ретпен қатысады.