Шағын жинақты мектеп дегеніміз – тұрғындардың саны аз аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. Шағын жинақты мектептің оқу үдерісінің бірнеше өзіндік ерекшеліктері бар:
біріншіден, сабақтың ерекшеліктері: бірнеше сыныппен бір уақытта жұмыс істеу сабақтың құрылысын анықтауды, оқушы мен мұғалімнің іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыруды қажет етеді. Өздік жұмысты мұғалім әр сынып сайын міндетті түрде ұйымдастырып отыруы тиіс;
Сабақтың екінші ерекшелігі – тікелей мұғалімнің басшылығымен атқарылатын жұмыстың оқушының өздік жұмысымен алмастырыла жүргізілуі.
Осы екі ерекшелік – шағын жинақты мектептің негізгі мектептен төмендегі ерекшелігін туғызады: бір сыныптың өздік жұмысына бөлінген уақыт мұғалімнің басшылығымен жұмыс істеп отырған келесі сыныпқа бөлінген уақытқа байланысты. Екіншіден, 3-4 сынып қатар оқытылатындықтан, сабақ кестесін, сабақ жоспарын дұрыс жасау, оқушылардың өздері орындайтын жұмыстарын шебер ұйымдастыру, сабақ уақытын дұрыс, тиімді пайдалану қажет.
Мұғалім сабақ барысында ұйымдастырылатын өздік жұмыстардың мазмұнын, көлемін, оларды орындау әдіс-тәсілдерін түрлендіріп, оқушылардың білім деңгейіне, жас ерекшеліктеріне, орындау жылдамдықтарына қарай лайықтап, орындау уақытын белгілеп, оның тиянақты болуын ойластыруы қажет.
Өз бетімен жұмысты орындау әрбір оқушыға түсінікті болуы керек және де таратпа және дидактикалық материалдар саны барлық балаларға жететіндей болуын қадағалау керек.
Шағын жинақты мектепте жеке жұмысты орындатудың өзіне тән тиімді жақтары бар:
-балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын арттыруына көп мүмкіндік бар.
-дәптер тексеруге, жеке – дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады.
оқушылардың тәртіп бұзушылығы аз болады.
-оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді.
-әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, олардың білім, білік дағдыларының деңгейлерін көтеруге мүмкіндік мол.
-аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кеңінен қолдануға тырысады.