Саяси мәдениет
Саяси жүйенің саяси санамен байланысты субъективтік жағын білдіру үшін «саяси мәдениет» ұғымы қолданылады. Бұл ұғымды алғаш неміс ағартушысы, философ И.Гердер (1744-1803) қолданысқа енгізген. Саяси ғылымға оны нақтылы мазмұнда кірістірген америкалық саясаттанушы – Г.Алмонд. Саясат субъектілері өз әлеуметтік мүдделерін іске асыруға әрекет жасағанда, олардың іс-қимылдары ой-сана сүзгісінен өткізілген саясат әлемі турасындағы белгілі бір түсініктерге негізделеді. Бұл түсініктердің мән-мағынасы қоғамда қалыптасқан саяси мәдениет арқылы, яғни тұрғын халықтың көпшілігіне ортақ саяси құндылықтар жүйесі арқылы анықталады. Басқаша айтқанда, саяси мәдениет саяси іс-қимылдардың бағыт-бағдарын туралап, оларға мән-мағына беріп отырады. Саяси мәдениет деп қоғам мүшелерінің саяси тәжірибесін реттеп, саяси мінез-құлқын жөнге салып отыратын саяси өмірдің баршаға ортақ нормаларын, саяси құндылықтар, идеалдар, наным-сенімдер, бағыт-бағдарлар, дәстүрлер мен рәміздер жиынтығын айтады. Саяси мәдениет жеке тұлғалардың билікпен арақатынасын реттеп, қоғамды белгілі бір ортақ мақсат-мұраттар төңірегінде бірігуге, сөйтіп азаматтық үйлесімділік пен тұрақтылыққа жетелейді.
Саяси мәдениеттің қызметтері. Саяси мәдениет қоғам өмірінде мынадай қызметтер атқарады:
• адамдардың қай әлеуметтік топқа жататынын түсінуге мүмкіндік беретін бірегейлендіру қызметі;
• саяси құбылыстардың мән-мағынасын ұғындыратын бағдарлау қызметі;
• саяси мінез-құлыққа дағдыландыру арқылы іске асатын бейімдеу және әлеуметтендіру қызметі;
• әртүрлі топтардың құндылықтарды сақтауға және олардың төңірегінде бірігуіне бағытталған интегративтік қызметі;
• саяси субъектілер мен институттардың белгілі бір таптаурындар (стереотиптер), әпсаналар мен рәміздер негізінде өзара әрекеттесуін іске асыратын коммуникативтік қызметі.
Саяси мәдениеттің типтері. Нақтылы қоғамда бағдардың қай түрі басымдық танытып отырғанына орай (мысалы, білімдік немесе сенімдік бағдар) саяси мәдениеттің үш типін ажыратуға болады: патриархалдық, бодандық және қатынасу мәдениеті.
Патриархалдық саяси мәдениет жергілікті құндылықтарға (мысалы, белгілі бір әулеттің, тайпаның, рудың, әлеуметтік таптың құндылықтарына) негізделіп, соған орай жалған патриотизмге, сыбайлас жемқорлыққа, жершілдікке, рушылдыққа жетелеуі ықтимал. Мұндай саяси мәдениет иегерлерінің қоғамның саяси жүйесі туралы түсінігі шамалы, олардың саяси өмірге қатынасы да шектеулі, нақтылы саяси рөл атқаруға деген құлшынысы төмен болмақ.
Бодандық саяси мәдениетке жататын адамдардың қоғамның саяси жүйесі туралы белгілі бір түсінігі болғанымен, олар саяси өмірге енжар ғана араласып, көбіне билікке, заңға мойынсынып өмір сүреді. Олар, бір жағынан, биліктен жасқанып, бодандық мінез танытса, екінші жағынан, оған иек артып, әртүрлі игіліктер, әлеуметтік жәрдемдер (жалақыны не зейнетақыны көтеру, тұрмыстық қызмет үшін төлемдерді азайту және т.б.) күтумен болады.
Қатынасу мәдениетіне саяси белсенділік тән, сондықтан оны басқаша азаматтық мәдениет деп те атайды. Азаматтар саясатқа белсенді араласып, саяси талаптар қою арқылы саяси жүйенің қызметіне заңды түрде әсер етіп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |