Саяси идеология Саяси идеология - саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі. "Идеология" деген ұғым гректің идея - бейне және логос - білім деген сөздерінен шыққан. Ғылыми айналымға француз ғалымы А.Дестют де Траси (1754-1836) енгізген. Ол идеологияны идеялар, олардың қалай пайда болатындығы және әрекет ететіндігі жөнінде ғылым деп түсіндірді. Қазір идеология деп адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады.
Саяси идеология – саяси сананың жоғары деңгейі есебінде саяси билікке байланысты түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін бейнелейтін көзқарастардың, идеялардың, құндылықтардың жүйеленген жиынтығы болып табылады. Оның басты мақсаты - әлеуметтік топтардың мүдделерін негізге ала отырып, қоғамдық проблемаларды тұтас ашып көрсету және оларды шешудің, туындайтын міндеттерді іске асырудың жолдары мен әдіс-амалдарын анықтау, соған көпшілікті жұмылдыру. Ол теориялық тұжырымдар, саяси тұғырнамалар мен бағдарламалар арқылы көрініс табады.
Саяси идеология деңгейлері - қызмет істеу деңгейлері: теориялық-түжырымдық, бағдарламалық-саяси және өзектілік.
Теориялық-түжырымдық деңгейде нақты тап (ұлт, мемлекет) идеалы мен құндылықтарын немесе саяси даму мақсаттарын ашатын негізгі қағидалар қалыптасады.
Бағдарламалық-саяси деңгейде әлеуметтік-философиялық принциптер мен идеалдар бағдарламаларға, саяси элитаның нақты ұрандары мен талаптарына айналады. Яғни, басқару шешімдерін қабылдаудың нормативтік негіздерін қалыптастырады.
Өзектілік деңгей идеология мақсаттары мен принциптерінің азаматтармен игерілуін, оларды өз істерін- де қолдану деңгейін сипаттайды.
Саяси идеологияның негізгі функциялары:
Саяси идеология қызметі - қоғам өмірінде идеология маңызды рөл атқарады. Ол ең алдымен оның төмендегідей қызметтерінен білінеді:
1) Идеологияның танымдық рөлі. Ол саяси жүйені, саяси өмірді суреттеп, түсіндіреді;
2) Бағдарламалық қызметі. Ол қоғам, әлеуметтік прогресс, түлға және билік және т.с.с негізгі түсініктер туралы мағлүматтар беріп, адамның іс- әрекетіне бағыт-бағдар көрсетеді;
3) Жұмылдыру, іске тарту. Қоғамның жоғары, құнды идеяларын алға тартып, мақсат-мүдделерді айқындап, саяси идеология саяси іс-әрекетке тікелей түрткі болып, қоғамды, әлеуметтік топтарды оларды іске асыруға жүмылдырады, рухтандырады, шабыттандырады;
4) Амортизациялық қызметі. Саяси іс-әрекетті түсіндіру тәсілі болып, идеология әлеуметтік шиеленістерді бәсеңдетеді. Ұсынылған мүраттар сәтсіздіктен кейін күш жинап қайта серпілуге шақырады;
5) Бағалау қызметі. Идеология халық санасына қоғамның қазіргі және болашақтағы дамуына өлшемдік баға берерлік жағдай жасайды, үстемдік етіп отырған қоғамдық тәртіпке белгілі бір көзқарас тудырады.
Бұл міндеттердің тиянақты орындалуы саяси идеологияның қаншалықты дәрежеде ғылымға сүйенетіндігіне байланысты. Объективті заңдылықтарды басшылыққа алған, ғылыми методологияға сүйенген идеолгия қашан да пәрменді болмақ. Алайда ғылымның басты мақсаты – ақиқатты іздеу, объективті заңдылықтарды ашу, құбылыстың ішкі мәніне үңілу болса, идеологияның мақсаты – белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесіне сәйкес келетін саяси мақсатқа қол жеткізу екені белгілі. Олай болса идеология ғылыммен үнемі етене қабысып сәйкес келе бермейді. Идеологияның ғылыми немесе ғылыми емес, прогрессивтік немесе кертартпа, т.б. болып бөлінетіні сондықтан.
Осы заманның айшықты белгілерінің бірі идеологиялық ағымдардың сан алуандылығы. Дегенмен, олардың ең негізгілеріне тоқталайық.
Консерватизм (фр. соnservatisme, лат. conservo - сақтаймын, қорғаймын) - саяси және әлеуметтік философиялық ұстаным ретінде дәстүрлі әлеуметтік институттардың сақталуын қолдайды.
ағдарлардың, ұстанымдардың, қоғамның мемлекеттік-саяси жүйелерінің өміріне қатысты, ондағы адамның орнын анықтауға байланысты құндылықтардың әлеуметтік-философиялық және идеологиялық тұжырымдар жиынтығы. Консерватизм ұғымын алғаш рет саяси мағынада Франсуа Рене де Шатобриан пайдаланған. Консерватизм жақтастарының қоғамда орнығып қалған дәстүрлер мен құндылықтарды сақтап, түбегейлі өзгерістерден бас тартатындығымен ерекшеленеді. Доктрина және идеология ретінде консерватизм өздерін консервативті деп атайтын партиялардың іс-әрекеттерінің бағыттарымен сәйкес келе бермейді.
Консервативті ойлау әдетге әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа жауап болыл табылады. Оның алғышарты ежелгі дүниеден бастау алады. Консерватизм идеологиясы француз ағартушылығы мен 1789 жылғы Француз төңкерісінің идеялық ұстанымдарына жауап ретінде пайда болды. Консерватизм стерильді идеология емес, өйткені оның құрамында басқа доктриналардың элементтері бар. Консервативті идеологияның негізін қалаушы принциптер дәстүрлік, саяси реализм және скептицизм, абстрактылы теорияларды сынау, прагматизм және жағдайға ыңғайлану (оппортунизм). 1940-1960 жылы неоконсерватизм ағымы нығайды. Неоконсерватизмнің көрнекті өкілдері М. Новак, Г. Розмозер, Г.К.Кальтенбруннер және т.б. Оның жақтастары - АҚШ-та Рональд Рейган және Джорж Буш, Ұлыбританияда Маргарет Тэтчер, Германияда Ф.И.Штраус, Гелмут Коль, JI. Шпет. Жаңа консерваторлар 1980-ші жылдары жетекші Батыс елдерінде елеулі экономикалық дамуға қол жеткізді. Неоконсерваторлар заңның орындалуын және азаматтар құқының қорғалуын қатаң қадағалайтын күшті мемлекет үшін, әлеуметтік теңсіздік қағидатынан еркіндік принципінің үстем тұруы үшін, табиғи әлеуметтік иерархия арқылы және әркімнің қоғам алдын- дағы, өзінің алдындағы өз міндетін саналы түрде орындауынан орнығатын қоғамдық тәртіп үшін күреседі. Неоконсерватизмнің қазіргі түрлері жаһанданудың шынайы саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени процестерін ұлттық идеологиялар түрінде көрсетеді. Жаһандану үрдістеріне байланысты өзгерістерге консервативті реакция әртүрлі болуы мүмкін. Ол қазіргі қоғам үлгілерін барлық халықтар мен уақытқа әділетті деп қарайтын көзқарасқа сүйенетін ашық оппозиция. Дәстүрлі қоғамдық құрылымды қалпына келтіруге шақыру. Консерваторлардың "европеизация", "атлантизация", "евро-азиатизация" және басқаларды қатаң сынға алуы осыған байланысты. Консерватизм ұлтшылдыққа да қатысты. Неоконсерватизмнің көптеген өкілдерінің пікірінше, өркениетгі елдер идеологиясы неоконсерватизм болатын "постлиберализм дәуіріне" өтті.
Консерватизм түрлі тарихи кезеңдерге орай өзгеріске ұшырап отырды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары неоконсерватизм – жаңа консерватизм қалыптасты.
Либерал - (лат. liberalis - еркін қоғамның барлық): экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани салаларында жеке тұлғаның еркіндігін жақтайтын саяси және идеологиялық ағымды ұстанушы; либералды партияның мүшесі; ескі. - еркін ойлаушы; шектен шыққан жұмсақтық танытып, жылы жауып, бетімен жіберетін адам.[
Либерализм - ең жоғарғы құндылық әрі басымдық ретінде жеке еркіндікті ұстанатын идеология. Либерализмнің әлеуметтік-саяси теориясы қоғамдық және мемлекеттік құрылымның демократиялық принциптеріне негізделеді, әлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастардың зорлық-зомбылықсыз түрлерін ұстанады, тұлғаның еркін дамуын шектемейтін және әрбіріне мемлекеттік-құқықтық қорғау, адам құқы мен азамат бостандығын сақтау кепілдігін беретін қоғам құруды көздейді.
Либерализм саяси ағым ретінде ХYI ғ. ортасында пайда болды, ағылшын вигилерінің бағдарламасы мен іс-әрекетімен, сондай-ақ мүдделер тепе-теңдігі мен әртүрлі құқынлықтардың сыйымдылығына негізделген келісім мен ымырашылдық саясатымен байланысты болды. Кейіннен ағылшын және француз ағартушылары әлеуметтік-философиялық, құқынлықты-дүниетанымдық, құқықтық және экономикалық либералдық идеяларды жасап, негіздеді. XIX ғ. ортасынды либерализм ғаламдық идеологияға айналып, бүкіл әлемде ықпалы артты.
Либерализм әлеуметтік өмірдің негізі ретінде өз мүддесіне сәйкес еркін әрекет етуге құқы шексіз, сөзсіз құқынлықты әрі автономды тұлғаны атайды. Тұлғаның жеке өмірі қол сүғуға болмайтын жоғары саласы болып табылады және мемлекет тарапынан (либералды фундаментализм) араласуға болмайтын (laisser-faire) әмбебап принциппен қорғалады. Демократиялық мемлекетте толық билікке азаматтық қоғам ортақтасады. Қоғамдағы әділеттілік заң үстемдігімен және барлық азаматтың заң алдында теңдігімен қамтамасыз етіледі. Либералды демократияның қоғам дамуының гуманистік бағыты ретінде орнығуы жаһанданудың саяси қырын құрайды және тұлғаны құқықтық қорғауға шүбәсыздық мәртебесін берумен байланысты.
Либерализмнің экономикалық ұстанымы материалдық өмірде бостандық кепілі болатын бәсекелестіктің жетекші рөліне негізделеді. Сондықтан да мемлекет антимонополиялық шараларды қолдана отырып, бәсекені қолдап, дамытуы керек. Әлеуметтік қатынастар жүйесінде либерализм күш қолданбауды және ұстамдылықты қолдайды. Жаһандану жағдайында бәсекелестік және күш қолданбау бірдейлендіру мен дамудың кедейленуіне, алуан түрлілікті басып-жаншуға қарсы тұрады. Либерализмнің көптеген негізгі идеялары батыс әлемінде әмбебап, жалпыға ортақ қағидаттар мәртебесіне ие болды және халықаралық құқық ережелерінде бекітілді. Міне, либерализмді кейде жаһандану идеологиясы деп атау осыдан.
Либерализм және социализм - өзара байланысты ұғымдар. Бұл мәселені орыс философ В.М.Межуев жан-жақты зерттеген. Либералды идеология (адам еркіндігі) алғышарттары мен оның жүзеге асырылуының әлеуметтік нәтижелері (адамдар теңсіздігі) арасында ішкі қарама-қайшылық бар. Ол бойынша еркіндік адамды теңдікке емес, теңсіздікке жетелейді, онда бәрі еркін, бірақ біргбіріне тең емес. Осыдан келіп либрализмге социалистік оппозиция қалыптасты. Осылайша, бүгінгі күнге дейін либерализм тендікке зияны тиетін еркіндікті қолдайды, ал социализм - еркіндік есебінен тендікке ұмтылады деп түсіну қалыптасқан. Бұл тығырықтан шығу жолын либералистер де, социалистер де іздестіруде. Қазіргі либерализм бұл мәселенің шешімін құқық пен моральды бірлестіретін жаңа әлеуметтік әділеттілік теориясын қалыптастыру арқылы таппақшы болды. Ал, социализм болса, Маркстен бері еркіндік пен теңдіктің өзара ұштасуынан туатын мәселенің басқаша шешімін ұсынады.
Оның негізінде - жеке меншіктің болуы жағдайында бұл мәселенің шешімін табу мүмкін еместігін дәлелдеу жатыр. Жеке меншік жағдайында не еркіндікті, не теңдікті қүрбандыққа шалу керек болады. Осылайша, еркіндік идеясын уағыздаушы социалистік ағымды либерализмнің тарихи мұрагері ретінде қарастыруға болады.
Либериализмнің (латынша – бостандық деген сөзден шыққан) пайда болуы да капиталистік қатынастардың дамуымен байланысты. Оның идеалық негізін қалаушылар – Локк, Вольтер, Млнтескье, Джефферсон, Дидро, т.б. Либерализмнің басты принципі – жеке адамның құқығы мен бостандығын қорғау. ХХ ғасырдың екінші жартысында неолиберализм идеологиясы қалыптасты.
Социал-реформизм - революцияның қажеттілігін жоққа шығаратын, таптық ынтымақтастығын жақтайтын және рефорлар көмегімен капиталистік қоғамды «жалпыға ортақ игілік» және әлеуметтік әділеттік қоғамына айналдыруды көздейтін немесе бірқатар реформалар жасау жолымен буржуазиялық қоғамдық жүйе шегінен шықпай оның «социализмге» эволюциялық «енуін» қамтамасыз етуді көздейтін саяси ағым.
Социал-реформизм – еңбекші бұқараның мүддесін қорғауды мақсат ететін социал-демократиялық партиялардың идеологиясы. Социал-реформизм – бүгінгі әлемдегі ең көп тараған беделді идеология. Бұл идеологияны басшылыққа алған социал-демократиялық партиялардың іс жүзіндегі жетістіктері де айтарлықтай екенін атап өткен жөн. Олар бірсыпыра мемлекеттердің үкімет басына келіп қоғамның демократиялық және ізгілік сипат алуына елеулі ықпал етті (мәселен Швеция, Финляндия).
Социализм (латын. socialis - қоғамдық) - әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке негізделген, мақсаттары мен мұраттары социалистік қоғам орнатумен байланысты ілім. Қазіргі кезде социализм теорияларын бірнеше топтарға бөлуге болады:
а) ортодокстік марксизм, ол 20-ғасырда буржуазиялық қоғамды революциялық жолмен өзгерту және таптық күрес арқылы коммунизмді және оның төменгі сатысы болып табылатын социализмді орнатудың лениндік теориясына ұласты;
ә) марксизммен генетикалық тұрғыдан байланысты әлеуметтік-демократиялық ілімдер;
б) ұлт-азаттық қозғалыстар негізінде туындаған түрлі социалистік түсініктер, т.с.с. Социализмнің түрлі ілімдері негізінде қоғамның социалистік құрылысының үлгілері жасалды.
Мәселен, ортодокстік марксизм (ленинизм) Ресейде және Шығыс Еуропа елдерінде практикалық қолданыс тапты. Бұл үлгілерге мынадай белгілер тән:
а) мемлекеттік меншіктің басымдықта болуы, жеке меншіктің тек халық шаруашылығының жекелеген салаларындағы (ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету аясы) түрі ретінде ғана болуы;
ә) экономиканың нарықтық негіздерін теріске шығару жоне шаруашылықты жоспарлы жүргізу, мемлекеттік реттеу;
б) қоғамдық тұтыну қорлары арқылы медицина қызметін көрсету және білім беру тетігі, тегін білім беру, денсаулық сақтау;
в) қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың негізі ретіндегі ұжымшылдық;
г) бір партиялық құрылыс және мемлекеттік құрылымдардың басты қағидаты болып табылатын тоталитаризм.
Жалпы алғанда мұндай социализмді мемлекеттік немесе номенклатуралық социализм ретінде сипаттауға болады. Сайып келгенде, "мамыражай революциялар" мен қайта құру реформалары салдарынан социализм нарықтық шаруашылықтарға өзгертілді. Батыс Еуропада социализмнің әлеуметтік-демократиялық (скандинавиялық) үлгісі дамыды. Қозғалыстағы бұл үлгіге сәйкес социализмге бүкіл қоғам қатысуға тиіс, оның үстіне большевиктік үлгіден өзгеше түрде бұл қозғалыс әлеуметтік келісім жағдайында эволюциялық сипатта болуға тиіс. Жалпы алғанда осы үлгіні іске асыру практикасы ойдағыдай болды. Үшінші бағыт — антиимпериалистік ұлтшылдық шегінде әлеуметтік идеяларды іске асыру (мұның өзі нашар дамыған елдерге - бұрынғы отарларға тән) Мүндай жағдайда Социализм үлттық қайта өрлеуді, өндірістің өсуін және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін қоғамдық құрылыс болып табылады. Социализмнің бұл үлгісінің ерекшеліктері: Социализм мен ұлттық қайта өрлеу идеяларының дінмен және тиісінше ұлттық дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен ұштасуы жоне олардың Социализмнің осы тұрпатының табиғи негізіне айналуы. Ақыр соңында, Социализм нышандарының ұжымшылдық пен өзін-өзі басқаруға негізделген жекелеген әлеуметтік нысандарда дамып келе жатқанын айтуға болады. Олар: халықтық кәсіпорындар да (АҚШ-та, Еуропада), Израильдағы кибуцтер де, түрлі тұрпаттағы кооперативтер де. Жалпы алғанда әзірге әлеуметтік теңсіздіктер мен әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтар орын алып отырғанда социализм идеялары мен оларды іске асыру әрекеттері дами береді.
Марксизм — 19 ғасырдың 40-жылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс негізін қалаған философиялық, экономикалық және әлеуметтік-саяси көзқарастар жүйесі. Марксизмнің теориялық қайнар көзі — классикалық неміс философиясы (Г. Гегель, Л. Фейербах), классикалық ағылшын саяси экономиясы (А. Смит және Д. Рикардо) және француз утопиялық социализм ілімі (Ш. Фурье, Р.Оуэн және Сен-Симон). Марксизмнің мақсаты, қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде жұмысшы табының маңызын теориялық негіздеу болды.
Философия саласында марксизм табиғат, қоғам мен ойлау дамуының жалпы заңдарын (қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы, терістеуді терістеу заңы, т.б.), Гегельдің идеалистік философиясы ережелерін тұжырымдап, қоғамды, ең алдымен, экономиканы талдау кезінде қолданды. Марксизмнің түйінді идеялық қағидалары — қосымша құн және өндірісті қоғамдастыру түсініктеріне негізделген капитализмнің экономикалық жүйесін талдау, тарихи материализмнің философиялық жүйесі, соның ішінде пролетариаттың тарихи рөлі туралы қорытындылары 19 ғасырдың 2-жартысында жұмысшы қозғалысының негізгі идеологиясына айналды. Марксизм дүниені кең ауқымда қайта құрудың белгілі бір үлгісін қалыптастыруға бағытталды, жаппай әлеуметтік, рухани көзқарастар төңкерісі идеясын жариялады. Классикалық марксизм ымырасыздығымен, іске асатын жобасының зардаптары туралы мәселені шешудегі қаталдығымен ерекшеленді. Марксизм социалистік төңкеріс нәтижесінде пролетариат диктатурасын, екі кезеңнен (социализм мен коммунизм) тұратын коммунистік қоғам орнатуды мақсат етті. Марксизмдегі аш-қан қоғамдық-экономикалық формация теориясы бойынша жаңа өндіргіш күштер мен күні өткен өндірістік қатынастардың арасында жанжал шығып, әлеуметтік төңкеріске әкеледі. Нәтижесінде бір формация екіншімен ауысады.
Марксизм ілімі бойынша тарих барлығы бес формациядан: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және коммунистік формациялардан тұрады.
Соңғысы адамзат дамуының ең биік сатысы деп саналды. Дегенмен, марксизм қоғам өміріндегі әлеуметтік және саяси үдерістерге үстірт қарады, түпкі мақсатқа жетуде қантөгіске толы тап күресіне басымдық берді, оның қоғам дамуының ағымына қарай икемділігі шамалы болды. 19 ғасырдың аяғынан бастап марксизм социал-демокриялық қозғалыстың негізгі идеологиясына айналды.
Бірақ 20 ғасырдың бас кезінде бұл қозғалыс екіге бөлінді:
1) В.И. Ленин, т.б. бастаған төңкерісшіл бағыт.
2) Э.Бернштейн, т.б. бастаған реформашылдық бағыт.
Реформашылдар бірте-бірте марксизмнің негізгі теорияларынан бас тартып, қазіргі Батыс Еуропа елдеріндегі социал-демокриялық идеологияны қалыптастырды. Ал Ленин бастаған солшыл күштер Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін коммунистік тоталитарлық жүйенің негізін қалады. 1990 жылға дейінгі кезеңде марксизм социалистік елдердегі мемлекеттік идеологияға айналды. Социалистік жүйе құлағаннан кейін, марксизмді зерттеп, баға беретін жаңа кезең басталды.
Сондай-ақ идеологиялардың анархизм, радикализм, экстремизм, популизм, терроризм және т.б. ағымдары белгілі.