Неолиберализм – азаматтар мен қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірін мемлекеттік реттеуге бағытталған идеялар жиынтығы.
Егер осы екі идеологияны: либерализм мен неолиберализмді салыстырып қарасақ, алғашқыда бір-біріне қарама-қарсы бағыт сияқты көрінеді. Себебі, либерализм мемлекеттік үстемдікті жұмсарту жолын талап етсе, ал неолиберализм керісінше - мемлекеттік реттеуді күшейтуді ұсынады. Дегенмен, осы екі идеологияның арасында бітіспес қарама-қарсылық жоқ. Неолиберализм идеологиясының пайда болуы қоғамда қалыптасқан әлеуметтік жағдайлармен байланысты болатын. Либерализм ұстанымы бойынша дамушы нарықтық қатынас ең алдымен бәсекелестікке байланысты. Бәсекелестік экономиканы дамытады, бірақ бәсекелестікте адамдардың бәрі, әрине, жеңіске жетпейді, сол себепті теңсіздік күшейеді, көптеген адам күйзеліске, кедейлікке ұшырайды. Сондықтан еркін нарықтық тетіктерді реттеу, кедейшілікпен күресу үшін мемлекеттің араласуы, оның ролінің күшейуі тиіс. Неолиберализм идеологиясы бойынша мемлекеттің аса жауапты міндетінің бірі – нарықтық жағдайда азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жасау.
ХҮІІІ ғасырда дүние жүзінде тағы бір саяси идеология қалыптасты. Ол – консервативтік (консерватизм) идеология.
Консерватизм - қоғамда тарихи қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту идеологиясы. Консервативтік идеяны бірінші ұсынған ағылшын мемлекет қайраткері және ғалымы Эдмунд Берк болатын. Кейін бұл идеяны одан әрі зерттеп, идеологияға айналдыруға өз үлестерін қосқан француз саясаттанушысы Жозеф де Местр (1754-1821), неміс тарихшысы, заңгері Фридрих фон Савиньи (1779- 1861), австриялық саясатшы және қоғам қайраткері Клеменс Меттерних (1773-1859) және т.б. болды.
Консервативтік идея Еуропаның батыс, солтүстік және Азияның біраз елдерінде мемлекеттік қолдау тауып кейін идеологияға айнала бастады. Осы консерватизм идеологиясының басты мақсаттары: куатты мемлекет құру, саяси жүйенің, биліктің жоғарғы әлеуметтік топтың қолында болуы, тұлғаның қоғам мен мемлекетке бағынуы іс жүзінде жүзеге асып, бұл елдерді әртүрлі кездейсоқ, ретсіз реформалардан, кенет оқиғалардан, өкіметтік төңкерістерден, шиеленістерден сақтап қалды, бейбіт жағдайда нәтижелі әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуға жол ашты.
Консерватизм идеологиясы қоғам өмірінде әдет-ғұрып, дәстүрлер маңызды рөл атқарады деп түсініп, оларды мызғымастай сақтап қалуды мақсат етті.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап консерватизм идеологиясының негізгі қағидаларына өзгерістер енгізіліп консервативтік ой-пікірдің басты бағыты жаңарған консерватизмге (неконсерватизмге) ауысты.