684
КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУ – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕПІЛІ
Г.Н. Таласбаева
Алматы облысы, Қапшағай қаласы, орта мектеп-гимназия, akker.777@mail.ru
Адамзат бар жерде оқу бар, оқу бар жерде оқыту бар, ал оқытудың сапалы әрі тиімді
болуы елдегі білім беру реформаларына, елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты
екені айдан анық. Елімізде білім беру аясында қабылданған реформаларды сапалы жүзеге
асыратын, оны нәтижелі ететін, ол әрине мұғалім. Мұғалімнің берген білімінің нәтижесі бір
күнде не болмаса бір жылда өз жемісін бермейді, ол ұзақ жылдардан соң ғана жемісін бермек.
Ал, мұғалім өз еңбегінің жемісті болу жолында аянбай тер төгуі қажет. Қазіргі заман тек білімді,
білікті және өз ісінің шебері ретінде бәсекеге төтеп бере алатын тұлғаны талап етуде. Ертеңгі
бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар еліміздің ертеңі, Қазақстанды
мәңгілік ел ету аясында дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде
үкілі үмітімізді ақтайтын тағылымды ұрпағымыз. Сол ұрпаққа сапалы білім беру әрбір ұстаздың
парызы.
Қазақстанда жалпы білім беретін мектептерде жаңа критериалды бағалау жүйесінің енгізілуі
білім алушыны дамыту, оның оқуға қызығушылығы мен мотивациясын арттыруға бағытталады.
Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Оқытушы бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап
емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек»
деп айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі – білім беру жүйесіндегі білім сапасын
арттырудың өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Критериалды бағалау жүйесінің мазмұны бағалау стандарттарымен, процестерімен,
құралдарымен және нәтижелерімен анықталады, сондай-ақ бірқатар нормативтік және
әдістемелік-нұсқаулық құжаттармен реттеледі. Қазіргі білім беру жүйесінің ерекшелігі –
оқушылардың білім нәтижелерін бағалау оқыту үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады.
Оқыту үдерісін басқару – бағалауда. Бұрынғы оқытуда оқушы жетістігі басқа оқушымен
салыстырмалы түрде бағаланып келді. «Бағалау» термині «жақын отыру» латын тіліндегі
мағынада – бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе
өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы
болып табылады. [1]
Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты, ең бірінші мектепте оқыту сапасын яғни білім
сапасын жоғарылату, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.
Критерий арқылы бағалаудың оқыту үшін маңызы неде? деген сұраққа жауап беретін болсақ,
оқушы өзін-өзі талдау мен рефлексия жасау тәжірибесін үйренуі, оқу үдерісі ғана емес, бағалау
үдерісінің де белсенді қатысушысы болуы керек. Бұл жағдайда өзін-өзі бағалауға баса назар
аударылады. Білім сапасын бағалау жүйесіндегі жаңарту мәселесіне тоқталсақ, бес балдық
жүйенің қазіргі заманға сай білім жүйесін қанағаттандыра алмауы, екіншіден оқушы танымындағы
өзгерістер мен білім саласындағы қалыптасқан қайшылықтар, үшіншіден заман ағымына қарай
әлеуметтік сұраныстардың өзгеруі себеп болып отыр. Бағалау жүйесінің негізгі ұстанымдары,
олар:
1. Бағамен оқушының жұмысы бағаланады.
2. Дескрипторлар оқушыға алдын ала белгілі болуы шартты.
3. Оқушы өз білім деңгейін анықтай алуы қажет.
4. Нақты білімділік мақсатты бағалауы қажет.
Критериалды бағалаудың басты ерекшелігіне тоқталсақ, алдын ала ұсынылған бағалау
шкаласы болуы шартты, олар оқушыға түсінікті, анық, айқын болуы, бағаның әділдігі, өзін-өзі
бағалауға мүмкіндіктің берілуі. Сабақта критерий арқылы бағалауды қолданғанда мына тұстарға
назар аударған жөн:
- сабақтың мақсаты критерий құрудың негізі болып табылады.
- сабақтың/бөлімнің басында оқу мақсатын түсіндіру.
- алдын-ала критерийлердің үлгісін дайындау, оқу мақсаттарына сай келуін қарау.
- критерийлерді оқушылар тіліне аудару, оларға түсінікті болу үшін өздеріне құрғызу (немесе)
бірге құру.
- критерийлерді тақтаға немесе оқушының дәптерлеріне жаздырту.
- белгіленген критерийлерді оқушылардың барлығы бірдей түсінгеніне көз жеткізу.
685
- оқушыларға өз жұмысын құрылымдауға көмек беру үшін жоспарлауға/жазуға арналған ере-
желер.
Критериалды бағалаудың қағидаттары айқындалған. Критериалды бағалау төмендегідей
қағидаттарға (принциптерге) сәйкес жүзеге асырылады, оқыту мен бағалаудың өзара
байланысы, бағалау оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады, ол оқу бағдарламасындағы
мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты. Шынайылық, сенімділік. Бағалау
дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу
мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділігі болады. Ашықтық
және қолжетімділік. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу
үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады. Үздіксіздік. Бағалау
білім алушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға
мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады. Дамуға бағыттау. Бағалау нәтижелері білім
алушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және
ынталандырады.
Критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер. Критериалды бағалау
дегеніміз оқушылар жұмыс барысында орындалатын іс-әрекеттер тізбесі және білімнің мақсаты
мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші
болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған білім процесінің барлық қатысушыларына
алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген
процесс. Критерий арқылы бағалау мұғалімдерге сапалы нәтиже алуды қамтамасыз ететін
критерийлерді құруға, өз жұмысын талдау және жоспарлау үшін ақпарат алуға, оқу үрдісінің
сапасын жақсартуға, әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың
траекториясын құруға мүмкіндік береді. Критерий арқылы бағалау оқушыларға нәтижені талдау
үшін бағалау критерийлерін білу және түсінуге, критерийлерді білу арқылы қате жібермеу,
сапалы нәтиже беруге, рефлексияға қатысу, яғни өзін және өз достарын бағалауға, бағалау
үрдісіне қатысу арқылы білімін тереңдетуге, нақты білімдерін қолдану, өз ойларын еркін жеткізе
білу, сын тұрғысынан ойлай білуге мүмкіндіктер береді. Ата-аналарға баланың білім деңгейлерін
бақылай алуға, оқу үрдісін бақылай алуға, оқу үрдісі кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Критериалды бағалаудың құрылымына келер болсақ, білім алушының оқу жылындағы
үлгерімі және оқудағы жетістіктері туралы деректерді жинау үшін бағалаудың екі түрі, яғни
формативті бағалау (қалыптастырушы) және жиынтық бағалау (суммативті) іске асырылады.
Жиынтық бағалау, өз кезегінде, бөлім/ортақ тақырыпты, тоқсанды және орта білім деңгейін
жиынтық бағалаудан тұрады. Жиынтық бағалау тоқсан соңындағы оқушы білімінің жетістігін
көрсетеді. Формативті бағалау оқыту процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Формативті
бағалау балл және баға қойылмастан, білім алушылар мен мұғалім арасында үздіксіз байланысты
қамтамасыз етеді. Формативті бағалауда білім алушы қателесу және оны түзетуге болады. Бұл
білім алушының мүмкіндігін анықтау, анағұрлым жақсы нәтижелерге қол жеткізу, оқу процесін
дер кезінде түзетуде көмектесуге мүмкіндік береді. Формативті бағалау оқудағы жетістіктердің
өсуіне және дамуына тікелей ықпал ететін және мұғалім мен білім алушылар арасында кері
байланысты қамтамасыз ететін процесс. Формативті бағалау оқытудың ажырамас бөлігі болуы
тиіс, ол қосымша жаттығулар немесе тест ретінде қарастырылмауы қажет. [3]
Оқыту мақсаттары мен оқу бағдарламасының әрбір бөлімі бойынша күтілетін нәтижелер
формативті бағалау практикасының мазмұнын анықтайды. Мұғалім формативті бағалау
процесінде оқу бағдарламасының барлық оқыту мақсаттарын қамтуы қажет. Мұғалім білім
алушылардың жеке ерекшеліктері және оқыту мәнмәтінін ескере отырып тапсырмаларды
дайындайды немесе таңдайды. Әрбір тапсырмаға дескрипторлар анықталады.
Дескриптор – жетістік деңгейінің сипаттамасы. Сабаққа жоспар жасау кезінде әрбір
орындалатын тапсырманың тұсына критерийлер қойып, дискрипторлар шығарып, ұпаймен
көрсетіп отырса бағалау әділ болады. Дескрипторларды оқушылармен бірлесе отырып
жасауға да болады. Бағалауда мұғалімнің шешімі шынайы болатындай тапсырмалардың
дескрипторлары анық және нақты болуы тиіс. Бұл білім алушылар мен ата-аналарға сындарлы
кері байланыс жасауына ықпал етеді. Оқушыларды өзін-өзі, өзара, топтық өзара бағалау
әдістерін қолданса, оқушы өзін-өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтайды, өз білімін
басқалармен салыстыруды үйренеді. Қате кеткен жерлерін түсініп, әділ бағалауды үйренеді,
дағдыланады. Критериалды бағалау нәтижесінде бала жауапкершілікті сезінеді, өз білімін
жетілдіру қажеттігін түсінеді, талдау жасауды, өз білімін басқалармен салыстыруды, білім алу
686
барысында шешімдерді қабылдай білуге үйренеді, дағдыланады. Ұпай жинау оқу жетістіктерін
бағалауды жүзеге асыруға, білім, білік дағдыларын қабілеттеріне қарай тереңдетуге мүмкіндік
береді.
Бағалаудың жаңа жүйесі білім беру үрдісіндегі мұғалімнің өзінің де рөлі өзгеріп отырғанына
ықпал етеді. Тұлғалық-бағдарлы технологиялар оқу үрдісін субъектілер арасындағы әріптестік
(бірлескен қызмет) негізінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұғалім мен білім алушылардың
өзара әреткеттесуі үзілмей, оған қоса, көтермелеумен қолдау тауып отырады. Бағалау үздіксіз
жүреді, сапалы нәтижеге қозғалыс үрдісінің өзі бағаланады. Білім алушылар өзінің біліміндегі
ақаулықтарын өз бетінше және саналы анықтап, мұғаліммен бірге оларды жою бойынша жұмыс
жүргізеді, бұл әсіресе бастауыш мектепте маңызды. Қорыта келгенде, критериалды бағалау
– белгіленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін
оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі. (Роберт Юджин Глейзер (1963).
Критериалды бағалау оқушылардың жетістіктерін бір-бірімен салыстырмайды және бір-біріне
тәуелді етпейді, сонымен қатар әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпарат беруге
бағытталады. [2]
Білім беруде қалыптасып қалған бағалау жүйесін өзгерту оңай емес. Бүгінгі таңда
бағалауға деген көзқарасымызды өзгертсек, сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды
енгізіп, оқушыларымыздың тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттасақ, тұлғаны өзіндік
жауапкершілікке, нәтижеге жеткізу, ал оқушыларымыз әр сабақта белгілі бір нәтижеге жету
барысында еңбектенсе, оқушы да, мұғалім де өз еңбектерінің табысын көре алатынына сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: