Пікірталас-семинар – курстың теориялық және практикалық проблемалары біріккен жұмыс арқылы талқыланып, шешілетін қатысушылардың диалогтық қарым-қатынасы. Талқылауға курстың ең өзекті деген мәселелері шығарылады. Пікірталаста әрбір қатысушы баяндамасында өз пікірін нақты білдіруі, қорғауы, дәйекті түрде қарсы шығуы, қате пікірді жоққа шығара білуі тиіс. Нәтижелі пікірталас болуы үшін студенттердің дәріс және өздік жұмысы барысында жинақталған жеке білімі қажет. Студенттерді қарым-қатынас және өзара әрекеттесу мәдениеті үйрету өте маңызды. Пікірталас-семинардың бөлігі ретінде «миға шабуыл», «іскерлік ойын» әдістерінің элементтерін қолдануға болады. Бірінші жағдайда семинарға қатысушылар мүмкіндігінше көп идеяларды ешқандай сынсыз ұсынады, содан кейін оның ішінен ең маңыздылары таңдалып, талқыланады, шешіледі. Екінші әдісте семинар рольдік құралдар көмегімен ұйымдастырылады. Бұнда жүргізуші, қарыслас, сыншы, логик, психолог, сарапшы, және т.б. рольдерді материалдың мазмұнына байланысты ажыратуға болады.Пікірталас-семинарды жүргізуші пікрталасға жетекшілік жасайды, уақытты бақылайды, айтылатын баяндамалардың дәйектілігін, орындылығын тексеріп отырады. Қарсылас немесе сыншы оппозиция ролін атқарады, яғни баяндамашы позициясының осал, таласты тұстарын немесе қателерін тауып, проблеманы шешудің басқа жолдарын ұсынады. Логик баяндамашы және қарсыластың сөздерінен қарама-қайшылықтар мен логикалық қателерді анықтайды, ұғымдарды нақтылайды, талдайды. Психолог талқылаудың нәтижелілігін, әдептілігін талқылайды, диалогережелерінің сақталуын бақылайды. Сарапшы пікірталастың нәтижелілігін бағалайды, қатысушылардың қарым-қатынастарына сипаттама береді, пікірталасқа қатысушылардың қосқан жеке үлестері жөнінде пікір айтады.
Бұл семинарда оқытушының ролі ерекше:
1. Талқыланатын проблемалар мен сұрақтар аясын белгілеу.
2. Семинар тақырыбы бойынша баяндамашылар мен қатысушыларға арналған негізгі және қосымша әдебиеттер тізімін жасау.
3. Студенттердің ұжымдық жұмысқа қатысу формаларын және функцияларын белгілеу.
4. Студенттерді таңдап алған рольдеріне даярлау.
5. Семинар жұмысын басқару.
6. Пікірталасты жалпы қорытындылау.Семинар сабақтарының ерекше формасы бар: әдетте, арнайы курстың оқылуы барысында пайдаланылатын семинар-зерттеу. Семинар басында студенттер оқытушының ұсынысымен 7-9 адамнан тұратын шағын топтар құрайды. Шағын топтар сабақтың тақырыбы бойынша проблемді сұрақтар тізімін алады. 5-15 минут ішінде студенттер пікір алмасады, сөз сөйлеуге даярланады. Топша баяндама оқушыны белгілейді. Басқа студенттер оқытушы не басқа топтың студенттері қоятын сұрақтарға жауап береді. Сабақтың соңында оқытушы қорытынды жасап, студенттердің жұмысын бағалайды.