Этнопсихология — әрбір халықтың рухани әрекетін(миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, діл, дін т.б.) жемісін сол халықтың психологиясын, сана сезімін көрсететін негізгі өлшемдер деп санайды. Этнопсихология зерттейтін проблемалар “этностереотип, этноцентризм, ұлттық тұрпат, ұлттық сана, дәстүр, салт т.б.) сан алуан.
“Бұрынғы уақытта” - деп жазды Ж.Аймауытов пен М.Әуезов “Қазақтың өзгеше мінездері” деген мақаласында: “Қазақ елі ұйымшыл, ері ұжауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен.” - дейді. (Алаш 1917 30 наурыз, 16 нөмір).
Біз шығармашылықтарын тілге тиек етіп отырған қазақ ақындарының сөзi ұлтына бағышталады. З.Ахметов айтқандай, «Ақынның поэзиядағы өз тұлға, бейнесi арқылы бiз оның өмiр сүрген заманды қалай танитынын, халықтың мүддесiн, арман-тiлегiн қалай түсiнетiнiн көремiз». Қазақ ұлтының келешегiн ойлайтын‚ оның экономикалық тәуелсiздiк алуы мен өркениетке қол созуын дүние-жүзiндегi басқа ұлттармен тең өмiр сүрiп‚ ғылымы мен мәдениетiнiң дамуын тiлейтiн көзқарастар мен ілгерішiл идеялар қазiргi қазақ ақындарының шығармаларының негiзгi сипатын‚ олардың ақындық тұлғаларының басты ерекшелiгiн танытады. Есенғали Раушанов: «Қазақ өлсе, көмiлер Көмiлмесе, иманы хаққа аманат Қазақтығың өлмесiн» десе Н.Мәукенұлы ұлтына шын жанашырлық сөзiн арнайды: «Он ұл, оман жұртым-ай‚ İшi жүдеу‚ сырты май. Сойылыңды соғамын Жан-тәнiммен шырқырай!».
М.Мағауиннің топ повестерінің ішіндегі аталғаны «Жүйрік» бастан аяқ бір леппен оқылады. Бұл шығарманы этнохикаят десе де болғандай. Шығарма классикалық үлгіде жазылған. Пролог іспеттес повесттің алғашқы бөлігі шегіністен басталады. Барлық аласапыран оқиға кейін көрінеді. Шығарма желісі бас кейіпкер Нарқызылдң соңғы күндерін баяндаудан басталып, оның өткен өмірі суреттеледі. Жылқы арқылы қазақ халқының ұлттық мінезіне барлау жасалады.
Қарттың қиялына азық болып тұрған Нарқызыл еді. Заман өзгеріп, таным таяздаған кездегі адамның сәйгүлікті танымауы рухани экологияның белгісі болатын. Шындығында жас жылқышының қандай кінәсі бар? Заман өзгерген. Нарқызылдың баяғыда бәйге атыны болғанының бұған қандай қатысы бар? Семейге етке айдалып бара жатқан үйірлі жылқының алдына түсіп алып не жайылмайды, не басқа жылқыларға жайылым бермейді. Санаға салса ойы дұрыс жас жылқышының. Ал, тереңнен ойлап, қазақтық қасиет, қазақы мінез, ұлттық рух турасынан келсек азғындаудың бастауы осы емес пе? Өйткені он жыл бұрынғы тарихты білмеген адам басқасын ойлап жарытпас. Міне осы тұрғыдан ой толғайды суреткер. Бекзаттықтың биік қасиет екенін қарт жылқышының ойы арқылы береді: «Құсадан өлер еді? Шын бекзат намыстан өліп кетеді дейді ғой. Нарқызыл аттың адамнан несі кем?» Жалпы өз шығармаларында жазушының сәтті қолданатын сөз ұғымының бірі бекзаттық. Оның өзінде осы сөзді ерсілі-қарсылы қолдана бермейді. Бірақ қолдану керек болса аянбайды: «Бекзаттық – адам бойындағы туған тегі, алған тәрбиесі мен көрген өнегесі негізінде сіңісті болған қасиет. Бұл қасиетке ие адам көпшіліктен озық ақыл-парасатымен, мінезіндегі ірілік, кеңдігімен, жүріс-тұрысындағы өзгеше мәнерімен ерекшеленеді. Бекзаттық қазақ түсінігінде «тектілік», «ақсүйектік», «зиялылық», т.б. ұғымдармен пара-пар мәнде де қолданылады. Халықтың қара өлеңінде де бекзаттық ұғымы асыл тектілікке іңкәрлік мәнінде көп қолданылады. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу ісінде бекзаттыққа баулу басым бағдардың бірі болған» [1.26]. Сонда адам баласының бойында болатын қасиеттерді жылқы бойынан көріп тұр. Оның өзі қазақтар атты ешқашан адамнан кем көрмегенін байқатады. Осындай толғаулы ойда келе жатқан қарт жылқышы жас жылқышының құрығын шошайта Нарқызылға беттеп бара жатқанын көріп айғай салады. «Ит...» деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін байқамайды. Осының алдында тағы бір осындай оқиға болғанда қарттың оған зекіп жол көрсеткені бар. Онда да қазақ халқы үшін қазан аттың қасиеті қаншалықты екенінен хабар беріп өтеді.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы ұлттық мінез мәселесін М.Әуезов, И.Ғабдиров, М. Дүйсенов. Ш.Елеукенов, Н.Ғабдуллин т.б. ғалымдар уақытына сай кеңестік идеология аясында қарастырып, одақтас республикалар әдебиеті мен қазақ әдебиеті туындыларын интернационализм белгілерімен бірлікте сараптайды. Бұл қазақ әдебиетіндегі төл ұлттық мінездер ерекшелігін зерделеу мүмкіндігін шектеді. Ұлттық кейіпкер болмысының даралануы таптық, тартыс, жасампаз бейне қалтарысында қалып, біржақты зерттелді. Уақыт пен көзқарас өзгерісіне орай әдебиет зерттеушілері 90-жылдардан бастап қана жаңаша пайымдаулар жасауға бет бұрды. Көркем шығармалардың ұлттық сипаты, әдебиеттің ұлттық ерекшелігі мәселелері осы кезеңде айрықша көтерілді. Ұлттық мінез туралы М. Дүйсенов әдебиеттегі мазмұн мен форма бірлігін ұлттық белгілерден іздеп, ұлттық мінез бен ұлттық психология сипатын қатар алып бір ұғым деп санаған. «Ұлттық характер деп отырғанымыздың өзі халықтың көптеген жылдар бойғы тарихи дамуының арқасында қалыптасқан психикалық пішіні немесе сипаты ғой. Психикалық сипат - әрбір халықтың ұлттық өмір-тіршілігінің сәулесі. Ол- ұлттың белгілі бір дәуірде туып, дамып отыратын әдет-ғұрып, салт-санасы, сенімі мен нанымы, мінез- құлқы».
Ұлттық мінездің халыктың тарихи өмірі арқылы қалыптасатынын әр түрлі ұлт суреткерлері жасаған бейнелер негізінде дәлелдер келтіріп, анықтаған М. Әуезов өз ойын былай тұжырымдайды: «Егер суреткер халықтың өмірін, оның іс-әрекетінің дамуын терең білмесе, онда толыққанды бейнелердің орнына құрғақ схемалар туады, өмірлік мазмұн байлығын риторика ауыстырады, ұлттық форма элементтері өрнектік-экзотикалық әшекейлерге айналады».
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Мұхтар Мағауин. Хикаяттар. 2томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 2-том. – Алматы: Жазушы, 1990 ж.
Амангелді А. «Ұлттану» (Оқу құралы). 2-ші басылым – Алматы: Арыс баспасы, 2003 – 226 б.
Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабынан, [210,217б]
Елікбаев Н. Ұлттық психология. - Алматы, 1992. [81,89б]
Крысько В.Г., Деркач А.А. Этнопсихология: В 2 ч. - М., 1992, [97,105]
“Алаш газеті” 1917, 30 наурыз, 16 нөмір
Достарыңызбен бөлісу: |