Басқа сөз таптарының қолданыс барысында зат есімге айналуы субстантивтену деп аталады. Мысалы: егеу, бояу, қашау, жасау, айтыс, тартыс, жарыс, қойма, көмбе,т.б. етістіктен заттық мәнге ауысқан.
4. Көмекші есім, оның зат есім шеңберінде қаралуы.
Қазақ тілінде лексикалық мағынасынан толық я жартылай айрылып қалған сөздер бар. Бірақ олар, біріншіден, заттық мәнде қолданылады, екіншіден, зат есімдермен матаса я жартылай матаса (негізгі сөз ілік септікте я оның жасырын түрінде, бұл сөз тәуелдік жалғау тұлғасында) байланысып, зат есімдерше түрленіп жұмсалады. Олар көмекші есім деп аталады да, осы себептен зат есімнің аясында қаралады: ауылдың маңы, стол үсті, үйдің жаны.т.б. Сөйтіп, көмекші есімдер әдетте тәуелдік жалғауында жұмсалып, септік жалғау тұлғасында да қолданыла береді. Мысалы: Ауылдың жаны терең сай (Абай). 5. Зат есімнің грамматикалық категориялары: сандық категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі, бір жағынан, оның жалпы грамматикалық мағынасымен – заттық мағынасымен және қандай түрлену тұлғасында жұмсалуымен, соның нәтижесінде қандай сөзбен тіркеске түсуімен байланысты. Зат есім ілік септікте немесе түбір тұлғада тұрып, анықтауыш болады. Мысалы: Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді (М.Ә.) Дайрабай әрі күйші, әрі әнші, әрі ақын адам болған (С.Бег.). Бұл сөйлемдерде Абайдың (кімнің?) ілік септікте тұрып, күйші, әнші, ақын (қандай адам?) туынды және негізгі түбір тұлғада тұрып, анықтауыш қызметін атқарып тұр.