Байланысты: Ғылыми семинар есебі - Алмасханқызы А^
Сұрақ: ф.ғ.к, доцент Умбетаев М.Б: «Қазіргі қазақ прозасында дін және ислам тақырыбы көтерілген бе?»
Жауап: Қазіргі қазақ прозасындағы көңіл аударар келісті мәселенің бірі — тұмшаланып келген дін тақырыптарының көрініс табуы. Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с), сахабалардың өмірі мен ізгілікті істерін арқау еткен көркем шығармалар тобы бір шоғыр. Ұзақ жылдар үстемдік еткен кеңестік жүйенің тұсында мұсылмашылдықты дәріптеу, пайғамбарлар өмірінен мөлтек сыр шерту екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние еді. Бұған, біріншіден, социалистік қоғамда үстемдік құрған атеистік тәрбиенің ықпалы болса, екіншіден, қалам тартып жазғысы келгенімен мұсылмандық сауаты, мағлұматы аз болғандық себеп болса, ал үшіншіден, бұл тақырыпқа бел шешіп кірісу үшін исламдық діні берік, мұсылмандық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі болуы шарт еді. Бұл өзі көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана сезілетін жайт. Сондықтан да поэзиямен салыстырғанда, прозада бұл тақырыпқа қалам тербеу анағұрлым күрделі болатын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» — деп ұлы Абай жырлап кеткендей Аллаға, Мұхаммед пайғамбарымыздың атын дәріптеп, құрметтеп жазған шығармалар санаулы-ақ.
Ой-сана еркіндігі, тәуелсіз рух қаламгерлердің тың тынысын ашты. Бұл исламдық тақырыпқа қалам тербеген туындылардан анық байқалады. Мәселен, А.Кемелбаеваның «Ғибадат» әңгімесі де исламдық тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келуімен ерекшеленеді. «Асыл пана Алланың нығметтері есепсіз болатын» бұл әңгіменің лейтмотиві -Аллаһқа мадақ пен Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат. «Ғибадат» – адам баласының Құдайды қалай іздеп тапқаны туралы әңгіме, шынайы құлшылық, сүйіспеншілік. Мұнда ислам дінінің негізгі қағидалары сақталады. Адамзаттың жаратылысы туралы ойлар қасиетті Құранда бар шындыққа қиғаш келмейді. Мұсылман дінінде Аллаһ тағаланың 99 көркем есімі бар. Автор Аллаһты «Асыл пана» деп атаса, Құрандағы сүрелердің басталуында бар сөз: аса мейірімді, рақымды Аллаһ. Аллашылдық идеясы қалай ашылады? Қазақтың өз аңыздарынан алынған идеяны автор шебер пайдаланады. Исламдық сарын аталмыш автордың «Тобылғы сай» атты әңгімесіне де етене тән. Ұлы дене бәрін аңдауы құдайшылдық идеясы. Бұл әңгімедегі «әңгіме ішіндегі әңгіме» тәсілімен берілетін төрт әңгіменің түпкі ой, сарыны да осы Құдайдың құдіретін ұлықтау болып табылады. Алмұрт ағашы-өмір ағашы туралы аңыздың желісіне сәйкес. Бұл фәниде киелі заттар болатын себебі, оны Аллаһ жаратқаннан деп түйіндейді автор. Ал «Мұнара» атты романның тұтас сюжетін Аллаһқа деген сенімімен көмкерген. Сонымен қатар, қаламгердің «Қияда» әңгімесінде ажал тақырыбы құдайшылдық сеніммен берілген. Сырғауыл тиелген арбаның астында бір түн басылып жатқан жас жігіт Аллаһты қарғамайды, себебі жақсылық тек Аллаһтан, жамандық адамның өзінен деп дүние таниды.
Қаламгердің «Тобылғысай» әңгімесіндегі исламдық сарын мүлде бөлек. Бұл әңгіменің сипаттары: «Нәресте жержүзін анасындай аймалап, жарылқап тастайды» – күнге теңестірілген. Әңгіме кейіпкері Бижан − ауыл жігіті. Ол терең сайлардан шөп шабады. Адам мен табиғат үндестігі тұнып тұр. Әңгіме идеясы туған жердің қасиет-киесі адамды жамандықтан қорғап қалуы, ұлы Жатарушының пенде атаулының ғана емес, тіршілік атаулының қорғаны екендігін еске салуы. Ол қазақ халқының өзіне тән өмір философиясымен астасып жатыр.