Байланысты: Ғылыми семинар есебі - Алмасханқызы А^
Сұрақ: ф.ғ.к., профессор С.Ә.Қалқабаева: «Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идеяның көрінуі жайлы не айтасыз?»
Жауап: Қазіргі қазақ прозасының көркемдік көкжиегі кеңейіп, шағын жанр әңгіме мен повесть жанрының болсын шығармашылық объектілері көбейді.
Қазақ прозасының тақырыптық деңгейі кеңіп, кеңестік жүйе кезіндегі жазылмақ түгілі айтуға болмайтын «жабық» тақырыптарға қалам тарту мүмкіндігі туды. Алдымен, халқымыздың ұлттық танымын, рухын көтеретін, өткеніне көз салған тарихи романдармен қоса қазақы ұлттық мінезімізді, салт-дәстүрімізді әспеттеген әңгіме, повестер пайда болды.
Мәселен, Т.Шапайдың «Домбыра» әңгімесінде автордың дүниені қабылдау сезімі тұнық, нәзік иірімдерге толы мұңымен көңіл аудартады. Домбыра жансыз зат деген ұғым жоқ онда. Әсіресе, ұлттық дүниелерге ерекше елжіреп тұрады. Онысы қазақтығының кепілі дерсің. Кейіпкердің домбыраға сағынышы мистикалық сипат алған. Үйіндегі екі домбыраны ол ескі мен жаңаның мәңгілік тартысы, дилемма ретінде алған. «Шығарма сюжетіне, көркем тартыс барысына тың тыныс, көрікті бояу қосатын да осы этнографиялық детальдар» [1, 79 б]. Кейіпкер шеберден домбыра жасап бер деп сұрағанда, ол әнші домбыра ма, күйші домбыра ма деп айырып сұрайды. Бұл екеуі де деп қалады. Расымен сары домбыра ерекше әуезді үнді болып шықты, шапқан сайын зырлаған Құлагер текті домбыра. Ең кереметі, жаңаға бауыр басқан сайын ескі домбыра құлазыған тәрізді болады, семіп бара жатты дейді. Бұл ненің белгісі? Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының символы. Жаңа әлем кеулеген сайын, модернизация мен ғаламдану молынан енген сайын ескі дүниелер керексіз болып, ысырылып қала береді. Руханиятта да солай. Жаңаның кейде құны жоқ, бірақ оны мүдделі адамдар істейді, сондықтан ескіні шедевр болса да уақытша болсын лақтыруға бейім тұрады.
Кейіпкер домбыраны үнемі жалғызсырап жүретін алыстағы досына арнатып жасатқан. Өзі оны қолына ұстағанда шабыт кернейді: «Күнде жұмыстан соң саусақтарым шымырлап, бойымды зарық буып, үйге асығамын». «Саусақтарым перне қуалай, көсіп сауғанда, жалғанның жарығына ең бір елеусіз, татымсыз дыбыстың өзін қалт жібермей алып шығатын сезімталдығы қандай!». Автор бұл жаңа домбыраны «тылсым, аққу мойын домбыра» деп атайды. Жаңа домбыраға ескі домбыра қарама-қарсы тұрғандай: «дүмі жарық», «қаңсып қалған шанақ үмітсіз, жарықшақ дауыспен мағынасыз қаңқ-қаңқ етті. Домбырада күй жоқ еді». Автор ескісіне еміреніп, оны текті деп атайды. Тектілік бұл контексте қазақтықтың синонимі. Қазақтықтан алыстаған сайын тектілігімізден де арылып бара жатқанымыз ащы шындық. Мынау прагматизм меңдеген ессіз дүние өз таңдауын жасады. Әңгіменің идеясы осы. Тұрсынжан Шапайдың барлық әңгімелерінде лықсыған мұңнан көз ашырмайтын булығу бар. Оған жалғыздықты түп қазық қылған гротеск қосылғанда тіпті үдеп кетеді.
Бұл әңгімедегі домбыра − тұлға. Ол зат емес, адам бейнелі. Жазушының табысы осы. Домбыра − ұлттық ұғымның символы. Жалпы ұлттық әдебиет- ғасырлар куәсі, бабамыз бен кейінгі ұрпақтың жан сыры, келбеті. Ұлтық болмыс, ұлттық рух, эстетикалық күрделі құбылыс кейіпкер сипатына елеулі әсер етті.