Барыс септік. Көне түркі жазбаларында барыс септік жалғауы бірнеше түрлі болып келеді: -ғару, (-геру, -қару, -керу), -ру (ру), - қа (-ке, -ға, -ге), -йа, (-йе), -а (-е). Барыс жалғауының осы түрлері көпшілігінде бір-бірімен жарыса қолданылған да, кейбір түрлерінің өзіне тән қолданылу мәні, сипаты болған. Өзіндік мәні бар жалғаулар сөздердің белгілі бір тобына ғана жалғанған. Орхон жазбаларында істің бағытын, мекенін білдіруге барыс септіктің –ғару, -геру (кейде -нару) тұлғасы қолданылады: ілгерү (шығысқа), біргерү (оңға), күн ортусынару (түстікке), йырғару (алға) т.б. –ғару аффиксі кісіні, халықты білдіретін сөздерге де жалғанып, ол сөздер істің бағытын білдіретін болады: Апа тарқанғару ічре саб ыдмыс (Т). «Апа тарқанға ішке қарай хабар жіберді». Кейінгі дәуір ескерткіштерінің тілінде бұл тұлға нақ осы сыпатында ұшыраспайды. –ғару аффиксінің түбірімен ұласып, бірігу процесі сол дәуірдің өзінде-ақ басталса керек. Қазіргі қазақ тіліндегі сыртқары, ішкері, шеткері, жоғары, тысқары сөздер ісондай процестің нәтижесі.
Көне түркі жазбаларында жиі қолданылатын барыс септік жалғауы –қа, -ке, -ға, -ге тәуелдік жалғаулы сөздерге –а , -е түрінде жалғанған. Бұл аффикс Орхон-Енесей жазбаларында барыс жалғауының басқа варианттарымен қатар және жиі қолданылған. Бір ғана сөздің өзі бірде –ғару аффиксімен, бірде –ға аффиксіменберілген. Қазіргі тілімізде жеке сөздер құрамында «өлі» қосымша есебінде бірді –ғару (сыртқары), бірде –ру (бері, кері) сақталып қалған.
Жатыс септік. Жатыс жалғауы сыртқы тұлғалық жағынан тарихқа белгілі ежелгі ежелгі дәуірлерден біздің тілімізге дейін көп өзгеріссіз жеткен. Тіл дамуының барысында бұл септік жалғауы қызметі мен етістіктерге қатысты қолданылу жағынан ғана кейбір өзгерістерге ұшыраған. Жатыс септік жалғаудың көне жазбалар тіліндегі қызметі мен мағыналары мына сыпатта: Іс-әрекеттің, заттың орын-мекенін білдіреді: Түрк сір будун йерінте бод қалмады (Т).«Түрк – сір халқының жерінде тірі жан қалмады». Іс-қимылдың, әрекеттің уақыт, мезгілін білдіреді. Күл тегін ол сүңішде отуз йашайур ерті (КТ). «Ол соғыста Күлтегін отыз жасар еді». Орхон-Енесей жазбаларында жатыс септік тұлғасы шығыс мәнінде де қолданылған. Шығыс септік қызметіндегі жатыс септік тұлғасы іс-қимылдың шығар көзін, мекенін білдіреді: Қырқызда йантымыз. Түргес қағанта көрүг келті (Т). «Қырқыздан қайттық. Түргеш қағаннан жансыз келді».
Б.А.Серебренников –да тұлғасының бойында болған локатив мәндерінің морфологиялық тәсіл тұрғысынан жіктелуін –да негізінде жаңа жалғаудың қалыптасуымен түсіндіреді. -дан жалғауының қалыптасуымен бірге аблатив мәні соған ауысты да, локатив мәні –да тұлғасында орнығып қалды. Заттың, процестің шыққан объектісін білдіреді. Табғачда адырылты, қанланты (Т). «Табғачтан айрылды ханды болды». Теңрі тег теңріде болмыш түрк білге қаған... (КТ). «Тәңірдей тәңірден жаралған түріктің білгір ханы...». Бұл қолданыс шығыс қызметін танытады. Бұл қолданыс қазақ тіліне тән емес.
Жатыс септік жалғауы барыс септік қызметінде де қолданылады: йарыс йазыда он түмен сү терілті (Т). «Жарыс жазығына он мың әскер жиналды»... бунда уртым (КТ). «Осыған жаздым»... бу қамар сүресі меккеде інді (тәпсір) «бұл сүресі Меккеге түскен». Жатыс жалғауының барыс септік орнына қолданылуы кейінгі қыпшақ ескерткіштерінде де бар. Қазіргі қазақ тілінде барыс пен жатыс жалғауларының ауысып қолданылуы кейбір жеке етістіктердің лексика-грамматикалық ерекшелігіне бағынышты жай. Жаз, жинал, қой етістіктер бірде барыс, жатыс септігіндегі сөздерді меңгереді. Бұл ыңғайда барыс, я жатыс септігінің қолданылуы контекстік мағына және сөйлеушінің мақсатына байланысты. Сонымен түркі тіліндегі жатыс септік көп мағыналы. Жатыс септік жалғауының басқа септікпен (шығыс, барыс) синонимдігі қазақ тілінде стильдік өң алған.