Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 2. Адамның дүниеге келу мәселесі



Pdf көрінісі
бет344/422
Дата11.11.2022
өлшемі3,76 Mb.
#49318
1   ...   340   341   342   343   344   345   346   347   ...   422
Байланысты:
2 (1)

§ 2. Адамның дүниеге келу мәселесі
Адамның дүниеге келу мәселесі – ғылымдағы ең терең құпиялардың 
бірі. Біз оны дүние, болмыстың өзінің пайда болу мәселесі мен жалпы 
тіршіліктің жер бетіне келуімен парапар келетін мәселе дер едік. Осы 
аталған үш тұңғиықтың біреуіне тереңдеп көрелік.
Философия тарихында мыңдаған жылдар бойы кең таралған 
теологиялық тұжырым адамды Құдайдың жаратқан пендесі ретінде 
түсінеді. Христиан діні тіпті адамды Құдай өз бейнесіне ұқсастырып 
жаратты деген тұжырым айтады. Сондықтан оның санасы, рухы бар 
және сол себепті ол табиғаттың әміршісі болуы керек дейді. Әрине, 
соңғы қағида адамның тәкаппарлығы мен өркөкіректігін тудыруы 
ғажап емес. Бүгінгі Еуро-атлантикалық цивилизацияға көз жіберсек,
ол – соның дәлелі болмақ.


551
Ислам діні, Алла тағала адамды саналы етіп жаратқанмен, осы 
фәниде басқа тіршіліктердің арасынан өз орнын табуға шақырады, Ол 
оған табиғат әміршісі бол демейді.
Буддизмге келер болсақ, ол адамды тек қана рух ретінде түсініп, 
материалдық құндылықтардан үзілді-кесілді бас тартуға шақырады, 
өйткені рух – материядан жоғары.
Әрине, адам жөніндегі теологиялық көзқарасқа осы уақытқа дейін 
миллиондаған адамдар сенеді, сондықтан онымен санаспауға бол-
майды. Теологиялық тұжырым ешқандай дәлелдеуді талап етпейді
тек қана осы мәселе туралы діни құжаттарға толығынан сену қажет. 
Алайда бүгінгі таңдағы адамзаттың пілдей бөлігі оған сенбей, ғылыми 
деректерге сүйенген тұжырымдарды талап етеді.
Екінші: мутациялық тұжырым осыдан бес млн. жыл бұрын болған 
шынайы оқиғаға сүйенеді: ол – Еуразия құрлығы мен Африканың 
бір-біріне соқтығысуы, соның нәтижесінде жердің жоғарғы қабатына 
радиоактивті заттар шығып, бүкіл тіршілікті өз сәулелерімен улап, 
тұқым қуу механизмдеріне залалын тигізуі. Нәтижесінде, бізді тудырған 
адамға ұқсас маймылдар әлсіз, түйсіктері сөнген ұрпақтарды дүниеге 
әкеле бастайды. Оларды, біріншіден, көп жылдар бойы тәрбиелеу 
керек болды, екіншіден, сөнген түйсіктердің орнына олардың миы тез 
өсіп, сананың пайда болуына әкелді. Бір қарағанда, мұндай болжау 
қызықты және ғылыми деректерге негізделген сияқты. Алайда мутация 
үдерістерімен айналысып жүрген экологтар мен генетиктердің жеткен 
нәтижелері бұл тұжырымға теріс баға береді. Бүгінгі таңдағы зерттеу-
лер бірде-бір радиациялық мутацияның оң нәтиже бермейтінін, ол 
тек организмнің құлдырауына әкелетінін көрсетеді (Семей полигоны, 
Арал теңізі маңындағы экологиялық апаттың құрбандары, олардың 
мутацияға түскен сәбилері осы ащы шындықты дәлелдейді).
Үшінші: ғарыштық тұжырым адамды бізден де жоғары «ғарыштық 
зерде» жаратты деген дәлелдеуі жоқ қиял айтады.
Енді ғылыми деректерге негізделген реалистік тұжырымды 
талдайық. Оған алғаш рет жол ашқан ағылшын ғалымы сэр Чарльз 
Спенсер Дарвин болды. Өзінің дүниежүзілік сапар шегуі барысында 
көне заманнан қалған адамға ұқсас маймылдардың сүйек құрылысын 
зерттей келе, адамның маймылдан эволюциялық үдерістің нәтижесінде 
жаратылғаны туралы тұжырым айтты. Сол кездегі қоғамдық пікірге ол 
жарылған бомбадай болды. Дегенмен де бұл пікір бірте-бірте ғылымда 
өз орнын тауып, оны дамыған теориялық қағидаға айналдырған 
Ф.Энгельс болды. Ол адам мен қоғамның бір уақытта бір-бірімен бай-
ланысты түрде дүниеге келгенін айтады. Философиялық тілде оны 
антропосоциогенез деген ұғыммен береді. Бұл үдерістің шын мәні 
биологиялық қозғалыс формасынан әлеуметтікке секіріс арқылы өту 
болатын-ды.


552
Миллиардтаған жылдар бойғы даму барысында жер бетінде тірші-
ліктің миллиондаған дамыған формалары бір-біріне тығыз байланысты 
түрде дүниеге келіп, өзінің ең биік мәресіне – «ақылды жануарларға» 
дейін жетті. Оларға маймыл, ит, піл, жылқы, дельфин т.с.с. жануарларды 
жатқызуға болады. Олардың кейбіреуі өз дамуы барысында нақтылы 
түрде ойлау жасап (қателесу арқылы), өз өмір шеңберінде бірдемеге 
үйрену, қоршаған ортаға ыңғайлы түрде бейімделу мүмкіндіктеріне 
жетеді. Зоологиялық күшке негізделген үйірлік өмір сүру түрі дүниеге 
келеді. Бұл биологиялық өмір сүру тәсілінің жеткен ең биік шыңдары 
еді: оның шеңберінде ары қарай жетілудің мүмкіндері толығынан 
сарқылып біткен болатын.
Енді ары қарай жетілу үшін әлеуметтік және дүниені мінсіз түрде 
бейнелей алатын сана, рухтың дүниеге келуі қажет болды. Міне, 
мұндай мүмкіншілік табиғаттың күрт өзгеруіне байланысты өмірге 
келді. Жер бетінде ауа райы өзгеріп, ну ормандар сиреп, ақырында май-
мылдар жер бетіне түсуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, олар артқы екі 
аяғына тұрып, алдыңғы аяқтарымен жердегі жатқан кепкен бұтақты, 
тасты т.с.с. алып пайдаланды. Бірте-бірте маймылдың алдыңғы аяқтары 
адамның қолына ұқсас бола бастады.
Бұл өзгерудегі шешуші нәрсе – еңбек құралдарын жасап, оларды өне 
бойы пайдалануда еді. Өйткені «Бірде-бір маймыл ешқашанда бірде-бір 
еңбек құралын жасап көрген жоқ», – дейді Ф.Энгельс.
Енді теориялық тұрғыдан сонау көне заманда болған осы үдерісті 
талдап көрелік. Ең қарапайым тасты тасқа ұру арқылы жасалған «Ашель 
кескішін» алсақ, оны жасау үшін ең қажет нәрсе – оның тұрпайы фор-
масын өне бойы есте сақтау қажеттігі. Екіншіден, өзеннің жағасында 
көп жүріп, соған ұқсас тасты тауып алу. Содан кейін ол тасты екінші 
таспен соғып, өңдеу керек. Ол аса ұқыптылықты талап етіп, оның наза-
рын дамытады. Егер ол тасты ақырындап соқса, ол өңделмейді, қатты 
соқса, қақ жарылып, бүкіл істелген іс зая кетеді. Нәтижесінде, өкінішке 
ұқсас сезім пайда болады. Енді ол тағы да жаңа тас іздеуге мәжбүр 
болады, яғни оның ырқы қалыптасады. Енді екінші тасты ол аса 
ұқыптылықпен өңдеп, ақырында, құралды істеп шығарады. Сол сәтте 
қуаныш, шаттыққа ұқсас сезім оның жүрегін кернейді. 
Егер істелген зат қисықтау болып шықса, ол ыңғайсыз және еңбек 
ету барысында тез сынып қалады. Сондықтан ол екінші құралды 
симметриялық тұрғыдан мұқият қарап жасайды, ол оған үлкен қанағат, 
қуаныш сезімін әкеледі. Симметриялық форма бірте-бірте оның сана-
сына кіріп, нәтижесінде қарағайдың симметриялық бұтақтарын, 
т.с.с. заттарды көргенде, оның жүрегінде себепсіз тамаша сезім пайда 
болады. Ол сезім болашақта сұлулық ұғымын тудырып, адамның жан 
дүниесінің ажырамас бөлігіне айналады.


553
Сөйтіп, қарап отырсақ, ең тұрпайы еңбек құралын жасаудың өзі 
адамның сана-сезімін, назарын, ырқын, керек десеңіз, тіпті оның 
эстетикалық сезімін оятады екен.
Еңбек құралдарын жасап, бірге еңбек ету барысында әсіресе аң 
аулауда бір-біріне ақпарат жеткізу қажеттігі пайда болады. Олай болса, 
тілдің алғашқы формасы – ымдау, дене, қол қимылы арқылы байла-
ныс жасау дүниеге келеді. Ал сезім толқындары, негізінен, неше түрлі 
дыбыс арқылы жеткізілді. Соңынан үйірдің ішіндегі аса дарынды 
пенделер күнбе-күнгі жиі кездесетін қажетті нәрселерге ат қойып, 
басқаларды соларға үйретеді. Жер бетінде әртүрлі тілдердің пайда 
болуы, құрылым ерекшеліктері олардың айнала қоршаған табиғаттағы 
дыбыстарға еліктеуінен пайда болса керек деген ойдамыз.
Адамның санасы мен дене құрылысының өзгеруіне, әсіресе оның 
миының өсуіне отты игеріп пайдалану үлкен әсерін тигізді. Отқа пісіріп 
жеген тамақ, әсіресе отқа қақталған ет мидың тез дамып, көлемінің 
өсуіне әкелді. Екінші жағынан, піскен тамақ жеңіл қорытылғаннан 
кейін, оның асқазаны өзгеріп, жақ сүйегі мен азу тістері де кішірейді. 
Үшіншіден, үңгірдің іші отпен жылынып, дене үстіндегі жүндердің аза-
юына әкелді.
Сонымен, еңбек құралдарын жасау және оны пайдаланып еңбек 
ету басқалармен бірігіп қана іске асатынын байқадық. Миллиондаған 
жылдар бойы үйір негізгі қауымдасу формасы болғанын білеміз. 
Әрине, ол жартылай биологиялық, жартылай әлеуметтік құбылыс 
болса керек. Антропологтардың пайымдауы бойынша, осыдан 40-50 
мың жыл бұрын үлкен секіріс болып, үйір руға айналады, нағыз таза 
әлеуметтілік дүниеге келеді. Міне, осы уақыттан бастап, қазіргі адам 
толығынан қалыптасып (кроманьон адамы), оның жер бетіндегі тарихы 
басталады. Рудың шеңберінде бұрынғыдай ретке келтірілмеген жыныс 
қатынастары жойылады, өйткені бәрі бір-бірімен қанға негізделген 
туыстықта. Егерде алғашқы үйір өз-өзіне жеткілікті құбылыс болса, 
енді рулардың арасында жан-жақты қарым-қатынас орнығады. Оның 
негізінде болашақ ұрпақтарды жалғастыру мәселесі жатты: ол үшін қыз 
алу, қыз беру керек болды, құдалық рәсімдер, неше түрлі әдет-ғұрыптар 
тез уақытта пайда болып, қалыптаса бастайды.
Тек рудың шеңберінде ғана нағыз адами махаббат сезімі дүниеге 
келеді, өйткені ұнатқан қызы, я болмаса жігіті жанында емес, алыста, 
басқа руда. Сондықтан ол оны аңсап, қиял-арманға шомады, бір сәт 
болса да көзінің қиығымен көріп қалғысы келеді, сүйіктісін дүниедегі 
ең әсем сұлуға теңеп, өз шығармашылық шабытын оятады.
Моральдық қағидалар мен құндылықтар да рудың шеңберінде 
қалыптаса бастайды. Егерде үйірдің шеңберінде біреу аяғын сындырып 
алса, ол өлер еді, оған ешкім көмектеспейді. Рудың шеңберінде өзара 


554
көмек беру, аяу, жақсы көру, қорғау, қамқорлық көрсету т.с.с. моральдық 
құндылықтар мен сезімдер пайда болады. 
Үйірдің руға айналуын түсіну – қоғамтану ғылымдарындағы ең 
қиын мәселелердің бірі. Уақытында Ф.Энгельс «гносеологиялық 
тұжырымды» ұсынған болатын. Оның ойынша, алғашқы адамдардың 
сана-сезімі өскен сайын, олар қаны жақын адамдардың жыныстық 
байланысы жаңа ұрпақтарды әлсірететінін байқап, үйірдің ішіндегі 
жыныстық қатынастарға тыйым салады. Сол себепті үйір руға айна-
лады. «Тотемдік» және З.Фрейдтің «әкені өлтіру» тұжырымдары 
да терең қарағанда гносеологиялық негіздеуге жақын. «Тотемдік» 
тұжырым: «Біздің шыққан тегіміз неде?» – деген сұраққа жауап беруді 
талап етеді, ал «әкені өлтіру» де балалардың арасындағы жақындықты 
сезінуге байланысты. Бүгінгі таңда бірқатар этнографтар мұндай 
көзқарастарды сынға алады.
Біздің ойымызша, шындыққа жақын «бейбіт өмір қажеттігі» 
жөніндегі тұжырым болса керек. Ол және де біршама тарихи дерек-
терге негізделген. Алғашқы үйірлер тұрақталған жерлерде археологтар 
бір мәнермен өлтірілген адамдардың сүйектерін табады. Оларды арт 
жағынан байқатпай келіп, таспен басына ұрып өлтірген. Жүргізілген 
зерттеулер өлгендердің бары де еркектер екенін көрсетті. Осыдан 
ғалымдар оның себебін әйелдер үшін талас арқылы болғанын бол-
жайды. Еркектердің санының азаюы, – олар, негізінен, аңшы болған-
нан кейін, – аштыққа, тіпті үйірдің құрып кетуіне әкелетін қатер 
туғызады. Сондықтан бейбіт өмір қажеттігі үйірдің ішіндегі жыныс 
қатынастарына тыйым салуға мәжбүр етіп, нәтижесінде үйір руға ауы-
сады.
Міне, қисындық жолмен, кейбір тарихи деректерге сүйене отырып, 
біз адамға ұқсас маймылдардың (архантроптардың) адамға айналу 
жолын көрсеткен тәріздіміз. Әрине, көп нәрселер әлі күңгірт екенін 
жасыруға болмайды. Мысалы, сонау Зинджантроптан бастап (2 млн. 
жыл бұрын өмір сүрген, Оңтүстік Африкадан табылған) Синантроп 
(қытай адамы), Явандық (Ява аралынан табылған), Еуропада Гей-
дельберг, Неандерталь адамымен Кроманьонға (қазіргі адам) дейінгі 
уақыттың шеңберінде өмір сүрген көп өтпелі түрлердің сүйектері 
әлі табылған жоқ. Дегенмен де жоғарыда көрсетілген болжамның 
өміршеңдігіне сенгіміз келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   340   341   342   343   344   345   346   347   ...   422




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет