Серік Мырзалы философия оқу құралы


ә) дін философиясы (діни құндылықтар)



Pdf көрінісі
бет340/422
Дата11.11.2022
өлшемі3,76 Mb.
#49318
1   ...   336   337   338   339   340   341   342   343   ...   422
Байланысты:
2 (1)

ә) дін философиясы (діни құндылықтар)
Американ философы Э.Фроммның айтуына қарағанда, дін адамның 
саналы пенде ретіндегі терең табиғатынан – оның өмір сүру бағытын 
іздеуінен және бір нәрсеге табыну мұқтаждығынан шығады. Бұл, 
әрине, дін мәселесіне деген кең көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда, адам 
дүниедегі негізгі діндерді мойындамағанның өзінде, ол бір нәрсеге 
сенім артып, соған табынуы мүмкін. Тіпті, кейбір жағдайда ол оны 
саналы түрде сезінбеуі де ғажап емес. Мысалы, бүгінгі таңда реформа 
барысында біршама адамдар байлыққа, «алтын қошақан» – ақшаға 
табынады. Олардың ойынша, ақша арқылы сатылмайтын нәрсе жоқ, 
соның ішінде қайсыбір лауазым иесін, тіпті адамдардың сүйіспеншілік 
пен басқа да нәзік сезімдерін өзіңе қарай тартуға болады. «Бәрі де саты-
лады» деген принципке олар сенеді.
Жаңа ғана тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағында миллиондаған 
адамдар марксизм теориясына, болашақта жер бетінде коммунистік 
қоғамның орнауына сенген жоқ па? Ал неміс философы К.Ясперс 
адамзаттың рухани дамуын парасаттылыққа негізделген философиялық 
сенім деңгейіне көтермей, бүгінгі таңдағы қорланған өзекті мәселе-
лердің шешілуі мүмкін еместігін айтады.


535
Әрине, адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Адам өз әке-шешесіне, 
сүйген жарына, жақсы досына, өз халқына, я болмаса адамзат қауымына 
сенуі мүмкін. Еш нәрсеге сенім арта алмайтын адам бақытсыз
ол өз өмір мәнін тез арада жоғалтады, оның әлеуметтік ауытқуға 
ұшырайтыны сөзсіз. 
Мұндай кең түрдегі ойларымыздың ауқымын қысқартсақ, онда 
әлемдік діндердің осы заманға дейін өмір сүріп жатқанын байқаймыз. 
Ұлы Қытай халқы уақытында даосизм және конфуциандық филосо-
фия бағыттарын тудырып, оларды өмір бағдарламасына айналдырды, 
яғни олар осы халықтың дініне айналды. Олай болса, дүниені жаратқан 
Құдай идеясы оларда жоқ. Сондықтан әдебиетте оларды «Құдай 
ашылмаған» діндер қатарына жатқызады. Мысалы, дүниені билейтін 
«тянь» – аспан ұғымы – бейтұлғалық дүниенің алғашқы бастамасы. 
Мұнда дүниені жарату ұғымы жоқ болған соң, оның басы да, аяғы да 
жоқ, ол мәңгі белгілі бір шеңберде айнала береді. Олай болса, адам 
болмыстың тәртібін зерттеп қана қоймай, ең алдымен өз-өзін танып-
біліп, өзгертуі қажет. Негізгі уағыздайтын қағидаларына «табиғаттың 
даналығы, онымен үйлесімді өмір сүру қажеттігі» – у-вей, «өз 
халқының тарихи жинаған тәжірибесіне, даналығына сену, яғни әдет-
ғұрып, салтты қатаң сақтау» – ли, «адамға сену, оны сүю» – жень т.с.с. 
жатады.
Бүгінгі таңдағы беделді діндерге ұлы үнді халқы тудырған буддизм 
ілімін жатқызуға болады. Ол б.з.д. V ғ. Гаутама Сидхартха деген ұлы 
адамның ізденісі арқылы дүниеге келіп, бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға 
кеңінен таралды. Бұл діннің негізгі идеясы – адам рухының асқақтығы, 
олай болса, адам материалдық дүниеге байланбауы керек (апариграха), 
өйткені ол одан жоғары. Келесі бүгінгі адамзатқа тікелей қажетті 
қағида – ешқандай тіршілікке зәбірлік жасамау (ахимса). Будданың адам 
алдына қойған талаптарының ішінде ерекше маңыздысы – ақыл-ой, 
ниет тазалығы. Екіжүзділік, алдап кету, арандату – адамның биік 
рухани мәртебесіне нұқсан келтіреді. Ешқашанда жеккөрушілік оған 
қарсы қойылған жеккөрушілікпен тоқтамаған. Керісінше, ол ұлғайған. 
Тек қана жеккөрушіліктің жоқтығы оны сарқиды деген Будданың 
тамаша ойы бүгінгі адамзатқа ауадай қажет сияқты. Ақыл-оймен 
қатар, адамның аузымен айтылатын сөздер де жұмсақ болып, адамның 
жүрегінен шығуы керек. Жаман сөз – рухани ахуалды ластайды, адами 
қарым-қатынастарды бүлдіреді.
Адамзат руханиятында өз ерекше орны бар, жер бетінде өте кең 
тараған – христиандық дін. Оны «Құдай ашылған» діндердің қатарына 
жатқызуға болады. Өйткені христиан діні құжаттарында Құдайдың 
адамзатқа жіберген моральдық Өсиеттері, Оның бұл әлемді қалай 
жаратқаны жөнінде мағлұматтар бар. Христиандық діннің ерекше 


536
сипаттарының бірі – үштік ұғымы. Яғни Құдайдың бір уақытта берілген 
үш келбеті бар: ол Құдай-Әке, Құдай-Ұл және Киелі Рух. Келесі: Құдай 
адамды Өзіне ұқсатып, оған ақыл-ой, парасат, сүйіспеншілік сезімін 
беріп жаратты. Сондықтан бұл фәнидегі оның алатын орны ерекше. 
Ол Дүниедегі тіршіліктердің бәрінен де жоғары, сондықтан оларды 
билеуі, ары қарай жетілдіруі керек. Адам күнәға белшесінен батса да, 
оны құтқару үшін Құдай-Әке жер бетіне өз Ұлын – Иса пайғамбарды 
жібереді. Ол бір жағынан – Құдай болса, екінші жағынан – адам. Иса 
өз мойнына адамзаттың барлық күнәларын алып, ақылға сыймай-
тын зардаптардан өтіп, адамзатты Құдай алдында құтқарады. Демек, 
Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігі оны құтқарды. Олай болса, 
адам да сүйіспеншілікке толы болуы керек. Христиан дінінің негізгі 
қағидаларының бірі – адамды сүю. «Жақыныңды сүй, алыстағыны да 
сүй, тіпті өз дұшпаныңды да сүй» деген ғажап өсиет Иса пайғамбардың 
аузынан шыққан. Киелі Августин: «Сүй, содан кейін не жасасаң да 
мейлі», – дейді. Өйткені сүйген адам жамандық пен зұлымдыққа 
ешқашанда бармайды.
Тарихи тұрғыда христиан діні неше түрлі жаңару сатыларынан өтті. 
Оның шеңберінде неше түрлі жаңа ағымдар пайда болды (католик-
тік, православиеліқ т.с.с.). Әсіресе Еуропа топырағында капиталистік 
қоғаммен қатар, протестанттық ағым пайда болып, жаңа қоғамның эти-
касын (моральдық қағидаларын) тудырды. Оның негізгі қағидаларының 
бірі – адам қажымай-талмай еңбек етуге, өмірді өне бойы жетілдіріп, 
жаңартып отыруға жаратылған.
Христиан діні Еуро-Атлантикалық цивилизацияның дамуына 
зор әсерін тигізді. Бұл дүниені адам мәртебесіне сай етіп қайта құру 
жолында үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар дүниені қайта 
өзгерту жолында Батыс цивилизациясы ХХ ғ. көп сәтсіздікке ұшырап, 
ақырында біршама ойшылдар (постмодернизм ағымы) адамның 
табиғатты өз еркіне көндіру қағидасының мүмкін емес екенін ашық 
айтуда. Соңғы 300 жыл шамасындағы ғылым мен техниканың зор 
қарқынмен дамуы, халықты жалпы ағарту, білім деңгейін өсіру, 
қорланған материалдық байлыққа табыну, өмірде сезімдік ләззат алуға 
ұмтылу т.с.с. еуропалықтардың пілдей бөлігінің христиан дінінің 
шеңберінен ауытқып, «индустриалдық» (өндірістік) «кибернетикалық» 
(есептеу), «саентологиялық» (ғылым) т.с.с. дін бағыттарының пайда 
болуына әкелді, – деп есептейді Э.Фромм. 
Әлемдік деңгейдегі соңғы дін – ислам діні. Оның да, христиандық 
дін секілді, шыққан рухани қайнар көзі, Таяу Шығыс. Бұл дін VII ғ. 
араб көшпенділері арасында дүниеге келеді. Атақты неміс ғалымы 
М.Вебер исламды дүниені бағындыратын жауынгер діні дейді. Сол 


537
себепті Сарыарқаның көшпенділері де бұл дінді ұнатып қабылдаған 
болар деп ойлаймыз. 
Ислам дінінің негізгі қағидаларына тоқталсақ, оның Құдайы – 
Аллаһ – осы дүние мен адамды жаратқан рухани құпия күш. Хрис-
тиан дініндегідей, мұнда үштік мәселесі жоқ. Ол – Жалғыз және өз 
Құдіреті арқылы жаратқан дүниенің ар жағында мәңгілік өмір сүреді. 
Ол Мұхаммед пайғамбар арқылы өз өсиеттерін адамдарға жеткізді, сол 
себепті исламның негізгі құжаты – Құран дүниеге келді.
Ислам діні адамды табиғатқа қарсы қоймайды. Алла тағала 
жаратқан дүние – керемет, ғажап, сондықтан адам алдында оны қайта 
құру, өзгерту мақсаты жоқ, ол табиғат шеңберінде өз орнын тауып, 
өмір сүруі керек. Адам, әрине, саналы және ырықты пенде болып 
жаратылған, ол жақсылық пен жамандықты айырып, таңдай алады. 
Дегенмен де Алла тағала адамға өмірдің барлық саласында қалай 
өмір сүру керек екенін Құранда көрсетеді (Шариғат). Иран халқының 
ойшылы Аятолла Хомейнидің айтуына қарағанда, «адам өмірінің бірде-
бір, тіпті кішкентай бөлігі ислам ілімінің назарынан тыс қалған жоқ». 
Сондықтан да ислам діні көп жағдайларда әлеуметтік-саяси мәселелерге 
араласып, мемлекетпен өте тығыз байланыста болады. Кейбір кезде 
діни қайраткерлер үкімет басына келіп, теократиялық тәртіп орнатады 
(Иран, Сауд Аравиясы т.с.с.).
Ислам дінінің тереңде жатқан рухани негізі қауымдық пен теңдікке 
(эгалитаризм), қоғамдық мүддені жоғары ұстауға кетеді. Сондықтан 
қайырымдылық, әлсіздерге қол ұшын беру осы діннің негізгі 
қағидаларының бірі болып саналады. 
Экономика саласындағы батыстық пайда, кірісті мейлінше көбірек 
табу, бағалы қағаздар нарығындағы пайда табу әдістерін, өсімқорлық 
сияқты нәрселерді ислам діні қабылдамайды. Экономика – адамдардың 
өмір сүруіне жағдай жасайтын құрал ғана, ол ешқашанда өз-өзіне 
жеткілікті мақсат-мұрат емес. Бұл жағынан алып қарағанда, ислам неше 
түрлі социалистік идеяларға жақын екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан 
алғанда, бұрынғы Кеңес Одағының бірқатар ислам елдерімен өте тығыз 
байланыста болғанын түсінуге болатын сияқты.
Тағы да исламды христиан дінімен салыстырсақ, Алла тағаланың 
қаһарлы Құдай екенін байқаймыз. Ол жеке адамның Өзіне ұқсастығын 
мойындамай, оның тәкаппарлығын судай басады. Ислам елдерінде
Батыста кең тараған гомосексуализм, лесбиандық, нашақорлық, пор-
нография, жасанды түсік жасату сияқты нәрселерге тыйым салынған. 
Сондықтан да Батыс өмір жолының ақпарат құралдары арқылы дүние 
жүзінде кең тарауы ислам елдерінде наразылық тудырып, қазіргі діни 
іргелілік (фундаментализм), экстремистік қозғалыстар себептерінің бірі 
болып отыр.


538
Бүгінгі адамзатты бірде-бір дін толығынан қанағаттандырмайды. 
Сондықтан Жер бетінде мыңдаған жаңа діни секталар өз көзқарастарын, 
рухани құндылықтарын уағыздауда. Олардың кейбіреулері адам үзілді-
кесілді шайтан жолына түсті, сондықтан ақырзаман көп кешікпей 
келеді десе, екіншілері еш нәрсеге зәбірлік жасамауға, ет жемеуге
(вегетариандық), табиғатты аялауға, төзімділікке, бейбіт өмірге шақы-
рады. Мұндай қозғалыстар біздің елімізде де бар.
Бүгінгі біртұтастыққа бет алған адамзатқа болашақта, әрине, жаңа 
дін керек болуы ғажап емес. Ол бүгінгі діндердің жақсы жақтарын 
қамтып, адамзатты келісімге, зорлық-зомбылыққа тойтарыс беруге
адамды аялап, сүюге, жер бетіндегі тіршілікті сақтауға бағытталуға 
тиіс. Өкінішке қарай, рухани саладағы өзгерістер тарихи өте баяу 
қарқынмен жүреді. Солай десек те, тек рухани жаңарудың негізінде 
ғана адамзаттың қорланған қайшылықтары шешілуі мүмкін. Үнді 
халқының ұлы ақыны Р.Тагор айтқандай, «заттарды аз уақыттың 
шеңберінде білуге болады, бірақ олардың рухын аңғару көп ғасырларға 
созылған тәрбие мен адамның өзіндік тежеуін талап етеді». Расында 
да, бұл өмірде болу, тек қана өмір сүру – адамға жеткіліксіз. Әр адам 
өз болмысының бүкіл тіршілікпен, жер бетіндегі әрбір затпен бірге 
жаратылғанын, «бәрі де бірдің ішінде, бір – бәрінде» екенін сезінбей
жаңа рухани ахуал келмейтінін білуіміз қажет.
Негізінен алғанда, барлық діндер бүкіладамзаттық моральдық 
қағидаларды алға тартып, соның арқасында халықтың рухани 
бірлігін қамтамасыз етеді. Қайсыбір діннің беделі оның уағыздаған 
моральдық құндылықтарымен байланысты, өйткені олардың қайнар 
көзін Құдайдың құдіретті өсиеттеріне әкеліп тірейді. Енді бұл арада 
моральдық құндылықтарды талдайтын уақыт келген сияқты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   336   337   338   339   340   341   342   343   ...   422




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет