Ш.АЙДАРБЕКОВА
Ш.АЙДАРБЕКОВА
Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕР ЖҮЙЕСІ МЕН
СЮЖЕТТІК АРНАЛАР
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткеніндей, «Алдыңғы өнердің бәрінің де
қызметін шама-қадырынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай
сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп
көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [1, 341]. «Өнердің басты пәні
– Адам, адам өмірінің шындығы» [2, 3] десек, қаламгер өмір сүрген заманның әдебиетте шынайы
көрініс табуы да өнер құдыретін айқындайтын суреткер шеберлігіне тән ерекше қасиет.
Сондықтан жазушы еңбегі суреткердің дүниетанымы, шығармашылық иірімі және ең бастысы
азаматтық ұстанымынан туындайтын эстетикалық және этикалық мәселелермен сабақтас күрделі
көркемдік әлемді құрайды. Ұлттық мүддеге және адамзаттық гуманизмге нық иек артқан
азаматтық ұстаным «суреткердің қоғамдық-әлеуметтік зор тұлғасын танытатын парасаттылық,
яғни елдік, ұлттық, адамгершілік үлкен мүдделерге қызмет ететін парасатты көзқарас» [3, 364].
Сол парасат пайымындағы елдік және адамзаттық гуманизмнен нәр ала отырып, ілкі қасиеттерге
иек артқан әдебиеттің мәңгілік жасапмаздық қуаты сөз өнерінің көркемдік дамуын еселейді.
Әдебиетті даурықпа уақыттың қасаңдығынан, ұраншыл заманның жасандылығынан
сақтандырады.
Жазушы еңбегінің көркемдік-эстетикалық танымынан туындайтын қалам қарымындағы
азаматтық ұстанымын қоғамдық өмірдің күрделі саяси-әлеуметтік мәселелерінен бөліп
қарастыруға болмайды. Суреткердің шығармашылық ізденістегі еңбегін шыңдайтын әрі тұйыққа
тірейтін де қоғам өмірінің әлеуметтік қайшылылықты ағысы. Әсіресе тұтас ұлт және адамзат
баласының тарихындағы аласапыранға толы Қазан төңкерісінен кейінгі саяси-әлеуметтік
өзгерістер қазақ ақын-жазушыларының ұлттық мүддеге негізделген азаматтық ұстанымы сыналар
өлара тұс болды. Ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Қалам қайраткерлерінің жайынан» атты
мақаласында «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ
қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа
мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда
жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын,
халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай
болмаған болса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты
болып шығады» [4, 86] деп жазғанындай, Қазан төңкерісінен кейінгі мейлінше күрделі қоғамдық
өзгерістерден туындаған саяси-әлеуметтік тапшыл және төңкерісшіл қасаң талаптарға қарамастан
ұлт мүддесіне адал қызмет еткен Алаш ұранды қазақ әдебиеті ұлт руханиятындағы ерекше
құбылыс.
Бұл
тұрғыда
қазақ
әдебиетінің
классигі
Жүсіпбек
Аймауытұлының
шығармашылығындағы басты арқау, үзілмес желі ұлттық мұрат десек, қаламгер әңгімелеріндегі
уақыт тынысының шынайы әрі барша қайшылығымен суреттелуі барша әдебиетшілер назарын
үнемі өзіне аударып келе жатқан жаңа рухтағы көркемдік арна болып табылады.
Жазушы шығармашылығы, туындыларының көркемдік әлемі бүгінгі таңдағы ұлттық әдебиеттану
ғылымында түрлі аспектіде зерттеліп жүргенімен, әңгімелеріндегі уақыт тынысының реализм
биігінде көрініс табуы, кейіпкерлерінің болмыс-бітіміне заман ағысының терең психологиялық
табиғатын хас шеберлікпен дарытуы әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді. Бұл ретте жазушы
шеберлігіне, әңгімелерінің көркемдігіне қатысты «Оларда ел тіршілігіндегі өзгерістер, адам
психологиясындағы жаңалық, әлеуметтік теңсіздік пен кедейлердің қатарға қосылуы, өнер, заман,
уақыт туралы толғаныстары сөз болады» [5, 322] деп жазған академик С. Қирабаевтың, академик
Р. Нұрғалидің «Уақыттың көкейкесті әлеуметтік қайшылықтарын Жүсіпбек айқын көріп, әр
жанрдағы шығармаларында жан-жақты бейнелеп беріп отырады. Ол көп мәселелерді қалың қауым
алдына тайсалмай ашық жайып салады» [6, 117] деген толғамды пікірлері суреткер әңгімелерінің
өзгеше көркемдік өрімдегі тақырыптық-идеялық өзегін, көркемдік әдіс қуатындағы авторлық
ұстанымындағы тұғырнамасын зерттеудегі өзекті бағытты айқын танытады.
Жүсіпбек Аймауытұлы әңгімелерінің көркемдік-эстетикалық және моральдық-этикалық
қырындағы өмір шындығын уақыт тынысымен диалектикалық бірліктегі барша қайшылығымен
суреттеудегі соны қадамдары қазақ әдебиетіндегі жаңашыл ізденістер болатын. «Сырлы да сұлу,
сарабдал да сиқыр сөз иесі» деп классик жазушы Ғабит Мүсірепов бағалаған әрі сөз өнеріндегі
ұстазы санаған Жүсіпбек әңгімелерінің реалистік сипаты аласапыранға толы әлеуметтік
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
қайшылықтағы уақыт тынысын дөп танытатын көркемдік-эстетикалық қуатында. Көркем
шығармадағы жазушы реализмі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік
тартыс, әлеуметтік теңсіздік мәселелерімен қатар адамгершілік ар-ождан тазалығы, аштық
алапаты, ұлт зиялыларының ел алдында атқарар парызы сынды ең көкейкесті тақырыптарды ХХІ
ғасыр биігінен терең байыптауымызға мүмкіндік береді.
ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық дүмпулер, әлеуметтік сілкіністерден өрістеген Ақпан және
Қазан төңкерістері қазақ даласындағы рухани және саяси өмірге елеулі серпілістер әкелді.
Қоғамдық өмірдегі саяси-әлеуметтік өзгерістер барысында патшаның тақтан құлауы, азаттық пен
теңдік ұрандары отаршылдық қысымда езілген ұлттардың оянған ұлттық санасына серпін берді.
Ал большевиктер билігінің орнығуымен бірге барша саналы Алаш қайраткерлері діттеген ұлт
теңдігі және таза ұлттық негізде дамуға кеңестік билік тарапынан тосқауылдар қойылуымен қатар,
шығармашылық ой еркіндігі қысымға алынды. Міне, осы сипаттағы өзекті де маңызды қоғамдық
әрі дәуірлік мәселелер жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы әңгімелерінде өзінің шынайы көрінісін
тапты.
«Суреткер дүниетанымының үлкен бір ерекшелігі – образбен ойлау. Бірақ, ойлау үшін белгілі
материал қажет. Көп нәрсені сезім, ой елегінен өткізу, әлдебір кездейсоқ шөп-шаламды ағыс
бетінен алып тастап, құбылыстың шын сырын ұғу, көп фактінің, оқиғаның ішкі байланысын білу,
қоғам пікірін, оның көңіл күйінің, ой өрісінің беталасын аңғару, - міне бұл орасан зор әзірлік
жұмыстарының барлығы типтендіру, тип жасау міндеттеріне бағындырылады» [7, 47-48] деп
жазады әдебиетші Ш. Елеукенов. Осы ғылыми пікір тұрғысынан алғанда, жазушы Жүсіпбек
Аймауытұлы өз әңгімелерінде уақыт тынысын суреттеуді сезім әлемі, көркемдік ой елегінен
өткізіп, өмір құбылысының шын сырын ашуды басты ұстаным етіп алады. Ол суреткер ой өрісінің
кеңдігін әрі өмір шындығын барша қайшылығымен суреттеудегі батыл қадамдарын даралайды.
Жазушы өмірбаянын, шығармашылығын алғаш екшеген Сәбит Мұқановтың «Жүсіпбек
Аймауытұлы кеңес үкіметі келе сала белсене іске кірісті. Сол белсенділігінің ішінен оның жазуы
ең негізгі ісі болды» [8, 360] деген пікірін негізге алсақ, шын мәнінде қалам қайраткері қоғамдық
қызметімен де, өнерпаздығымен де саяси-әлеуметтік өмірге белсене араласты. Жаңа коммунистік
биліктің орнығуындағы асыра сілтеушілік, сөз өнерін таптық және партиялық қасың шеңберге
салу, аштық алапаты, әлеуметтік теңсіздік сынды дәуір өзгерістерін жан тәнімен сезініп, оларды
әңгімелерінің өзегіне айналдырды. Шын мәнінде, қаламгер әңгімелеріне арқау болған әлеуметтік
өмір шындығы барша халық көкейіндегі шемен шерді, тұтас ұлттың басынан кешіп отырған
тағдыр-талайын уақыт тынысымен әсем үйлесімде еш боямасыз бейнелеуімен маңызды.
Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, зар-шерін жүрек түкпірінен өткізе білген жазушы
әңгімелерінің көркемдік қуаты «...жаңашылдығымен, жедел даму үрдісімен, сондай- ақ реалистік
әдебиет әдісіне шұғыл көтерілу арқылы кәсіби әдебиеттің биігіне тұғыр қалауы» [9, 89] болып
табылады. Бұл тұрғыда қаламгердің ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ
қоғамының барша шындығын терең де хас шеберлік биігінде суреттеген «Жаңабайдың жанындағы
трагедия», «Тұмарбай мен қатыны», «Боранды болжағыш әулие (Барометр)», «Баушы мен бала»,
«Қара бақсы», «Жидебайдың баяндамасы», «Жол үстінде», «Әнші», «Алып ұйқы», «Қилы-қилы
заман болды, қарағай басын шотан шалды», «Радио хабарлары», «Жапырақтар», «Кеп
қолағашта...», «Жарасымды сугіреттер», «Жаңа өмірге аяқ басты», «Далада наурыз», «Оралдан
пойыз өткенде», «Көк өгіз», «Күмәжнек (Әмиән) (Чеховке еліктеп)», «Тінекейді не ойландырады»,
«Нағима», «Қойшы Тастамақ», «Сауатсыздықты қалай жою», «Соп-соп!», «Қырсықты Сүлей»,
«Қызыл отау, Қызылбике» әңгімелері қазақ әдебиетінің көркемдік дамуындағы жаңашыл
тенденцияларды тануымызға мүмкіндік береді [10, 96].
Ж. Аймауытұлының танымдық, эстетикалық әлемін зерттеуші әдебиетші Задан Жұмағали «Ж.
Аймауытов әу бастан кір жуып, кіндік кескен өлкесінің ең бір өзекті мәселелерін зерттеуге бой
ұрды. Тірлігі бір, көрешегі де ортақ қандастарының жүрек жарды арман-мақсатын, еркіндік, теңдік
жолындағы талпынысының сүрлеу-соқпағын таразылау арқылы жеке мен жекенің, деке мен
көптің ара қатысындағы жай көзге көріне бермейтін сан алуан жалғастықтарды ашты...Соны
нәтижесінде, тұтастай алғанда, үстіміздегі ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының
шежіресі деуге әбден татырлық бірегей полотноларды әкелді» [11, 100] деп жазғанындай,
қайшылықты өзгерістерге толы дәуір болмысын тануда маңызы зор шығармалары шын мәнінде
қазақ қоғамының шежіресі деуге толық негізді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
Суреткердің прозалық туындыларындағы көркемдік-эстетикалық сипаттағы жаңашыл
тенденциялар жатсыну тұрғысынан А. Ісмақова [12], романдарындағы тұлға концепциясы Қ.
Әбдікова [13], қазақ романын қалыптастырудағы ролі А. Зейнуллина [14], прозасындағы
психологизм Б. Майтанов [15], Г. Пәрілиева [16], көркемдік әдіс, әдеби ағымдар өзегінде Ж.
Жарылғапов [17] еңбектерінде жан-жақты саралануы жазушы прозасының зерттелуіндегі басты
ғылыми тенденцияларды айқындайды. Біз жұмыс мақсатынан орай аталған ғалымдар еңбектерін
негізіне ала отырып, қаламгер әңгімелеріндегі жаңашыл тенденцияны реализм биігінде суреттеу,
психологизм арнасында кейіпкерлер әлемін ашудағы басты сипаттарға жазушы еңбегіндегі уақыт
тынысы тұрғысынан үңілуді көздейміз.
Сөз өнерінің хас шебері Ж. Аймауытұлы әңгімелеріндегі уақыт тынысы тарихтың сан алуан тар
жол, тайғақ кешулі толқынынының ауыр тезінен өткен қазақ халқының тағдыр-талайын барынша
терең ұғынуымызға, жан-тәнімізбен сезінуімізге жаңа көркемдік қуат береді. Әр әңгімесінің
көркемдік атауында қоғамдық өмір шындығын қапысыз танытатын терең идеялық мән-мағына
жатыр. Суреткердің қоғамдық және жазушылық қызметіндегі кіршіксіз ар-ождан тазалығы
әңгімелерінің де тұнық тума көркемдік әлемінің шын мәніндегі халықтық сипатын үстейді.
Академик З. Ахметов орынды атап көрсеткеніндей әдеби шығарманың халықтық сипатын
еселейтін маңызды ерекшелік «Оның қалың қауымның, оқушы жұртшылықтың ой-санасына
жанасымдылығы, ұғым-түсінігіне жақындығы, өмір құбылыстарын бейнелеу шеберлігінің
мейлінше қарапайым және көркем болып келуі» [18, 89]. Өмір құбылысына терең бойлаған
жазушы әр әңгімесі арқылы уақыт тынысын айшықтауымен қатар сол қатал әрі мейірімсіз
уақыттың құлы болғандардың да, уақыт ағасында адамгершілік қасиеттерін жоғалтпаған қайсар
жандардың да болмыс-бітіміне ұлт мүддесін басты орынға қою тұрсынан үңіледі.
«Жаңабайдың жанындағы трагедия» әңгімесіне арқау болған оқиға оқыған азаматтың
әлеуметтік ісіндегі ар-ождан тазалығымен байланыста алынып, қоғам өмірінің сан алуан өзекті
мәселелерімен бірлікте өрістейді. Жалпы 1920-30 жылдардағы қазақ прозасында «оқыған азамат»
бейнесі, олардың ел мен жер алдындағы атқарылар борышы, яғни ар-ұждан тазалығы Б. Майлин, І.
Жансүгіров, М. Әуезов, С. Садуақасов әңгімелері, фельетондарында суреттелген-ді. Мәселен, Б.
Майлиннің «От басы», «Ел сыры», «Сойқанды содырлар», «Кесінділер» [19], І. Жансүгіровтің
«Құқ» атты жинақтарына енген әңгіме, фельетондары [20] соның нақты дәлелі болып табылады.
Бұл ретте Бейімбет Майлин шығармашылығын зерттеуші Т. Бейісқұловтың «Әртүрлі өкілдер,
ауыл-аймақ белсенділері, кеңес өкіметі кезінде сайланған болыстар «Жол үстінде», «Жантөре мен
Шаймерден», «Тап өзі», «Әлім болыс», «Жігітшілік», «Жасасын Мұсабай!», «Үгітші мен қыз»,
«Жырым жегендер» тағы басқа фелетондарында ел-жұртқа көрсеткен жәбірі, қара бастарының
қамын ойлап, бір-бірімен қырқысуы, халық қазынасын, мал-мүлкін талап, жырымдап жеуі,
еңбекші елге шікірейе қарап, шыртылдап сөйлеуі тағы басқа жағымсыз істер мен қылықтары үшін
сынға алады» [21, 25], Ілияс Жансүгіров мұрасын қарастырушы Б. Сарбалаевтың «Идеялық
тұрғыдан тез есейіп, жаңа суреткерлік соны биікке еркін көтерілген, ересек те ерен ақын Ілияс
Жансүгіров творчествосынан біз енді жиырмасыншы жылдардағы күллі қоғам тынысын танимыз»
[22, 29] деген пікірлері аталған жазушылардың түрлі жанрдағы туындыларының қоғам шындығын
барша қайшылығымен бейнелеудегі маңызын көрсетеді.
1920-30 жылдардағы заман бұлқынысы барша ұлт зиялыларының алдына күрделі саяси-
әлеуметтік міндеттерді жүктеді. Жүсіпбек Амауытұлы «Ұлтты сүю» мақаласында елді өрге
жетелейтін ұлт зиялылары атқарар келелі істерді айта келіп: «Қазақты тура жолға бастайтын да,
адастыратын да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Кәдірлейді. Сенеді. Білімді,
ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді.
Оқыған – қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек.
Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын
қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық
тимейді» деп жазады. Осынау қоғамдық дамудағы өмірлік маңызды мәселелердің әлеуметтік
сипаты, яғни ел сенім артқан оқығандардың шын мәніндегі кескін-келбеті, адами болмыс-бітімі
қандайлық деңгейде деген сауалдарға жазушы өзекті толғамдағы мақалаларында және көркем
әңгімелерінде жауап іздейді. Қаламгер барша ұлт зиялыларына бірыңғай топырақ шашудан аулақ.
Алайда жаңа кеңес билігін орнатушылардың, жаңа тұрмыспен жарылқаушылардың адамшылығы
қандай өреде, міне суреткер әңгімелеріндегі уақыт тынысынан осындай маңызды сұрақтарға
жауап табамыз.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
Жүсіпбек Аймауытұлының қарастырылып отырған әңгімелерінде уақыт тынысын дөп танытатын
әрбір деталь, штрихтардың мәтіндік астарында жаңа қоғамдағы жаңа адамның ішкі жан әлеміндегі
қайшылықтар, ар азабынан арылу мәселелері моральдық-этикалық тұрғыдан өрістейді.
Қаламгердің осы көкейкесті тақырыптарды өз әңгімелеріне арқау етіп алуы да кездейсоқ жағдай
емес. «Қазан төңкерісінің нәтижесінде дүниеге келген большевиктік тәртіп адам табиғатына деген
гуманистік көзқарасты түбірімен өзгертіп жіберді. Әкімшілдік-әскери басқаруға негізделген
мемлекетте жалпы адамзатқа зор қауіп төндірген тоталитарлық тәртіп қалыптасты. Ең бастысы,
кеңестік жүйе қоршауындағы адам осы озбыр мемлекеттік машинаның елеусіз бөлшегіне айналды.
Адамзат дамуының көшінен тысқары қалған, бұл құрылымның тұйық қоғамда қамалған жаңа адам
– «кеңестік адам» жасау процесі сонау 20-шы жылдардан басталып кеткен еді» [23, 30]. Міне,
жазушы «жаңа адам» кейпіндегі «жазушы» Жаңабайдың қарапайым күйкі тіршіліктегі, күрделі
қоғамдық өмірдегі кескін-келбетін сомдайды. Автор Жаңабай жас кезінде бірге оқыған
жолдасының жазған-сызған шығармаларын сұғанақтықпен ұрлап алып, сол арқылы «жазушы»
атағына мастанған оқыған қазақтың «адами» кейпін табиғи күйінде береді. Жүсіпбек
Аймауытұлын толғандырған басты мәселе жазушы ар-ожданының тазалығы. Әдебиет әлеміндегі
мылтықсыз майданда шын дарындар мен әдебиеттен мүлдем алыс әрі ой өрісі таяз алаяқтардың
«қақтығысы» мәңгілік мәселе. Әдебиет әлемінде адамгершіліктен жұрдай талай алаяқтарға, небір
жылмақайларға тарих өзінің қатал үкімін шығарған. Парықсыз алаяқтар аласапыран уақытпен
бірге туып, толқынды заманда өз үстемдіктеріне жетуде ешнәрседен тайынбайды. Ондай типтер
қоғам үшін де, әдебиет үшін де қауіпті. Жазушының жанын жегідей жейтін сондай қоғамдық
келеңсіздік дерті заман шындығы. Әсіресе Қазан төңкерісінен кейінгі уақыт тынысын танытатын
өмір құбылысы аталған әңгіменің өзектілігіндегі шыншылдықты айқын танытады. «...Менің
қолыммен жазылған сөздер шыққанда мен мас боламын, өз теріме өзім сыймаймын. Желігемін,
жынданамын, «жазушы» деген атақ алып көкке ұшады, алып жерге түседі. Жұрт мені «жазушы»
деп ден қойып алса керек: өзімнен төмендер қолымды қатты қысатын болды, жоғарғылар
қауіптенетін болды, тырна қатар жазушылар күндеп жамандайтын болды. Жалғыз-жарым жақсы
сөздерімді кейде басқармадағы жолдастар да күндеп, баспайтын болды. Міне – менің жазушы
болғанымның белгісі » [10, 71] деп кейіпкерін суреттеген автор қоғамдық өмірдегі таза таптық
ұстанымның шығармашылық ізденіске жасаған солақай ықпалын, «тапшыл» жазушыға деген
«құрметті»: «Қарапайым жұрт маған қол қоюлы, маған сол қанағат. Алдана берсін! Маған не
керек?! Уралаймын мейлі, жырлайын мейлі – жазушы атансам болғаны» [10, 71] деп мысқылдап
жеткізеді.
Жаңабайдың жан әлеміндегі арпалысына да суреткер терең әлеуметтік ой дарытады. «Атаңды
жау шапқанда бірге шауып, Борсықтар семіріп жүр көміп арды» деп Сұлтанмахмұт ақын
жырлағандай, жаңа кеңес билігінің қолшоқпарына айналған кейбір пысықтардың жан әлеміндегі
тартыс табиғатына жазушы үлкен мән-мағына жүктейді. «Ар», «адамшылық» деген не? Жоқ қой!
Кім арды ойлап жүр? Алдамаған, бойламаған кісі күн көре ала ма? Тіршілік – тартыс. Тартыста
озбыр жеңеді» [10, 72]. Мұндағы ой ағыны тұтас уақыт тынысын еш боямасыз танытады. Таптық
тартыста озбырлардың зорлық-зомбылықпен, нақақ қан төгулермен үстемдікке жеткені тарихи
шындық. Әділетті де ізгілікке негізделген өмір тартысы емес, қаталдық пен имансыздыққа иек
артқан тартыста «ар-ұждан» туралы ой өрбітудің өзі де қиянатшыл қоғамда ерсі қылыққа
саналатын еді. Өмір шындығына, уақыт тынысына терең бойлаған жазушы сол қатал да қатігез
заманның, яғни адамзаттық құндылықтарды, кісілік қасиеттерді аяққа таптаған жаңа большевиктік
биліктің саяси мақсат-мүддесін: «Бұл заманның нақылы: «Құралды мақсат ақтайды» дейді.
Қазақша: «Есек көтін жусаң да, мал тап!» дегенге дөп келеді. Дұрыс нақыл! Қайтсең де, алдасаң
да, арбасаң да, бойласаң да әбүйір-атақ тап...» деп барша болмысымен шынайы түрде жеткізеді.
Ақиқатында «құралды мақсат айқындайды» деп ұрандаудан туындаған саяси зобалаңдар соңы
күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, қуғын-сүргін және атып-асуға ұласып, адамзат баласының
тарихындағы қасіретке ұрындырды.
Ж. Аймауытұлы кейіпкерінің жан азабы, ар-ождан алдындағы арылуының күрделі иірімдері
«Жаңабайдың жанындағы трагедия» атты әңгімедегі тартыс табиғатына жаңа көркемдік реңк
дарытады. Қамиттен ұрланған әңгіме тақырыбы қандай да болмасын адамды толғандыратын, яғни
саналы азаматты ар азабына салатын әлеуметтік өмір шындығының қасіретіне құралған шымыр
және шиыршық атқан көркем дүние.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Байтұрсынов А. Ақ жол : Өлеңдер мен тәржімелер, публ. Мақалалар және әдеби зерттеу / Құраст. Р.
Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
2. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 311 б.
3. Әшімбаев С. Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Әдеби сын. -Астана: Елорда, 2006. –392 б.
4. Байтұрсынұлы А. Қалам қайраткерлерінің жайынан /«Алаштың тілдік мұрасы»: Мақалалар жинағы.
Құраст.: С.Шүкірұлы, Е.Тілешов. -Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы», 2009. – 364 б.
5. Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. Кітапта: 20 - 30 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1-кітап. – Алматы:
Ғылым, 1997. – 512 б.
6. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.–Астана:«Күлтегін»,баспасы, 2002. – 528 б.
7. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. – Алматы: Жазушы, 1977. – 300 б.
8. Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2008. – 384 б.
9. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 6 – том. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2006. – 610 б.
10.Аймауытов Ж. Бес томдық. Екінші том. – Алматы: Санат, 1995.-145 бет
11.Жұмағалиев З. Шындық және көркем әдебиет. – Қарағанды, ҚарМУ
12.Исмакова А. Казахская художественная проза. Поэтик, жанр, стиль (начало ХХ века и современность).
– Алматы: Ғылым, 1998. – 394 с.
13.Әбдікова Қ. Ж. Аймауытов романдарындағы тұлға концепциясы. – Филология ғылымдарының
кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты. – Алматы, 1997. – 24 б.
14.Зейнуллина А. Жүсіпбек Аймауытұлының қазақ романын қалыптастырудағы рөлі.Филология
ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты. – Алматы,
1998. – 25 б.
15. Майтанов Б. «Ақбілек» - психологиялық роман // Жұлдыз. 1992. №10. -190-197 бб.
16.Пірәлиева Г.Ж. Аймауытов прозасындағы психологизм мәселелері. Кітапта: Қайта оралған қаламгер:
(Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлына арналады) / Құраст. В.
Қ. Күзембаева. Орталық ғылыми кітапхана. – Алматы, 2003. – 279 б.
17.Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер: Монография. –Қарағанды: ЖШС «Гласир»,
2009. -400 б.
18.Ахметов З. Әдебиеттің халықтығы. Кітапта: Әдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құраст.: З. Ахметов, Т.
Шаңбай / Семей-Новосибирск, «Талер-Пресс», 2006. – 398 б.
19.Майлин Б. Ел сыры: Повестер, әңгімелер, өлеңдер, фельетондар. –Алматы: Жазушы, 1994. – 352 б.
20.Жансүгіров І. Құқ: Фельетондар мен сықақ әңгімелері. – Алматы: Қайнар, 1995. – 128 б.
21.Бейісқұлов Т. Бейімбет Майлин (Қызметі және шығармашылығы туралы қысқаша мағлұмат) / Кітапта:
Сарыарқа саңылағы: ақын, жазушы, публицист және драматург Бейімбет Майлинге арналады. эту,
писателю, публицисту и драматургу Беимбету Майлину / Құраст.С.С. Ақашева. –Орталық ғылыми
кітапхана. – Алматы, 2007. – 334 б.
22.Сарбалаев Б. Ілияс Жансүгіров. - Алматы: Рауан, 1990. – 80 б.
23.Жарылғапов Ж. ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасының идеялық -эстетикалық мәселелері. -
Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. – 176 б.
Редакцияға 14.09.2010 қабылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |