Ш. Уәлиханов атындағы кму хабаршысы issn 1608-2206 Филология сериясы. №4, 2019



Pdf көрінісі
бет171/341
Дата07.01.2022
өлшемі3,45 Mb.
#18687
1   ...   167   168   169   170   171   172   173   174   ...   341
Байланысты:
Vestnik 4 2019

 

А.Б. Жұмағұлов 

ф.ғ.к.,  доцент,  Академик  Е.А.Букетов  атындағы  Қарағанды  мемлекеттік  университеті, 

Қарағанды қ., Қазақстан, e-mail: aitbai_mumin@mail.ru 

 

ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ДОСКЕЙ ӘЛІМБАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ 

 

Мақалада бір  ғасырға жуық өмірінде еліміздің басынан кешкен тарихи жағдайларын 

жырына  арқау  етіп  келген  үлкен  дарын  иесі,  халық  ақыны  Доскей  Әлімбайұлы 

шығармашылығы  қарастырылады. Айтыс  өнерінде  өзіндік  ізін  қалдырған  дарынның  Ажар 

ақынмен  айтысы  талданады.  Айтыстың  діни  айтыс  өнеріндегі  құндылығы,  тақырыптық 

арнасы  зерделенеді.  Қиыннан  қиыстырып  сөз  таба  білген  айтыс  өнерпаздарының  ұшқыр 

қиялы,  тапқырлықтары  ашып  көрсетіледі.  «Кенші  жыры»,  «Толғау»  жинақтарына  енген 

толғау,  өлеңдерінің  әлеуметтік  өмір  шындығын  жырлаудағы  маңызы  талданады.  Екінші 

дүниежүзілік  соғыс  майданындағы  жауынгерлер  ерлігін  жырлаудағы  поэзиясының 

өзектілігі байыпталады.  

Кілт  сөздер:  Халық  ауыз  әдебиеті,  айтыс  өнері,  халық  ақындары,  суырып  салмалық 

өнер,  дәстүр жалғастығы, діни айтыс, халық поэзиясы, өлеңдері. 

 

КІРІСПЕ 



 

Айтыс  ақындар  шоғырының  ірі  өкілі,  суырыпсалма  өнердің  қас  шебері,  халық  ауыз 

әдебиетінің  інжу-маржандарын  сақтап  жеткізуші,  кең  тынысты  эпик,  сөз  зергері,  айтыс 

майталманы  Доскей  Әлімбайұлы  1850  жылы  Ақмола  жерінде  дүниеге  келген.  1939  жылы 

өнер саңылағына «Қазақ халқының ауызша халық творчествосын өркендету ісіне озат еңбек 

сіңіргені  үшін»,  «Қазақ  КСР  өнеріне  еңбек  сіңірген  қайраткері»  атағы  берілсе,  1940  жылы 

«Құрмет  белгісі»  орденімен  марапатталды.  Қазақ  сөз  өнерінде  айшықты  із  қалдырған  ақын 

мұрасы ұлттық руанияттың асыл қазынасы. Оның шығармашылығы ұлт тарихындағы айтулы 

тарихи  тұлғалардың  ерлігін,  халқымыздың  түрлі  кезеңдердегі  саяси-әлеметтік  тыныс-

тіршілігін тануда үлкен маңызға ие.  

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 



 

Доскей  сан  қырлы  өнер  иесі.  Ол  –  халық  ауыз  әдебиетінің  асыл  қазыналары    жыр-

дастандар мен айтыстың түрлерін, қиссалар мен ертегілерді жырлаған эпик ақын. Сондай-ақ 

Доскей Әлімбайұлы  «Жетім бала мен жебір уәзір», «Бақыт іздеген тазша» сияқты ертегілер 

мен «Хан Кене», «Қажы Мұқан» сияқты кең көлемді тарихи дастандарды жырлап қалдырған. 



Ш. Уәлиханов атындағы КМУ хабаршысы    ISSN  1608-2206                                   Филология сериясы. № 4, 2019 

 

199 



 

Доскей  ақын  жайлы  Сәбит  Мұқанов  «Егер  Доскейді  қазақтың  ауыз  әдебиетінен  өсті 

десек,  онымен  үнемі  байланыста  болып  келеді  десек,  біз  ешуақытта  қателеспеген  боламыз. 

Күш-қуаты толық кезінде қазақтың басқа ірі ақындары сықылды Доскей де «Қамбар батыр», 

«Ер  Тарғын»  тағы  басқа  батырлар  жырын  көп  білген»  [1],  −  дейді.  Жазушы  С.Мұқанов 

Доскей ақынмен жүздесіп, әңгімелескен де болатын.  

Халық  шығармашылығынан  сусындап  өсен  дарын  бертініректе  Ағыбай,  Бұқарбай, 

Жанайдар, Бұғыбай сынды атақты батырлар туралы аңыз-әңгіме, өлең-жырларды ел аузынан 

тындап,  халықтың  тұрмыс-салт  жырларын,  ертектерді,  мақал-мәтелдерді,  жұмбақ  пен 

жаңылтпашты,  айтыстардысанасына  сіңіреді.  Доскей  ақын  айтуымен  Кенесары,  Ағыбай 

жорықтары  туралы  тағылымды  тарихи  әңгімелер,  Ақдама  қыз  бен  Асан  айтысы  жазылып 

алынып, рухани қазынамызды еселей түсті. 

Доскей  мұраларының  шын  жанашыры  болған  ақын  Қ.Бекхожин  Доскей 

Әлімбайұлының  1941  жылы  шыққан  «Толғау»  жинағына  жазған  алғысөзінде  «Доскей 

махаббат  жұмбағымен  де  көп  айналысты,  сұлулық  жырларын  да  шертті,  он  саусағынан 

алуан-алуан  күй,  аузынан  әсерлі  ән  төгілген  ақын  болды»  деп  шығармашылық  ерекшелігін 

жоғары бағалайды.  

Доскейдің  шын  өнер  додасында  шынығып,  нағыз  суырыпсалмалыққа,  табан  астында 

сөз маржанын ақтарып тастауға дағдыланған мектебі – айтыс өнері. 

Доскей  Әлімбайұлының  бізге  белгілі  екі  айтысы  бар.  Оның  бірі  –  Соқыр  Ажармен, 

екіншісі  –  Үкілі  Ыбыраймен  болған  сөз  бәсекесі.  Бір  деректерге  қарағанда  Доскей  Ақан 

серімен де айтысқан.  

Ақынның  шын  мәнідегі  өнерпаздық  дарыны  ең  алдымен  айтыстарда  белгілі  болады. 

Айтыс  деген  бет  алды  сөздерді  үйлестіріп  қалай  болса  солай  айта  салу  емес,  ол  –  нағыз 

мазмұнды  сөздерді  өлеңмен  айтатын  сөз  күресі.  Қай  ақын  болмасын  өзінің  айтысатын 

адамының әлсіз жерлерін тауып, оны жеңуге әрекет етеді. Осы мақсатпен ол дәуірге ортаның 

дәрежесіне  лайықты   толып жатқан мәселелерді  өзімен  айтушысының  алдына  қояды.  Өлең 

шығаруға  қабілеті  жоқ  адамдар  күні  бұрын-ақ  сәтсіздікке  ұшырамақ.  Сондықтан  өзін 

ақынмын деп атайтын адамдар талантты болумен қатар халықтың тарихын, оның тұрмысын, 

әдетін,  рухани  мәдениетін  тағы  басқаларын  білуге  тиісті  [2,46]. Бұл  реттен  алғанда  Доскей 

ақын  осы  талаптардың  межесінен  шыға  білген  үлкен  дарын  иесі.  ХІХ  ғасырдағы  қазақ 

әдебиеті  мен  мәдениетінің  көрнекті  өкілдері  Ақан  сері,  Біржан  сал,  Үкілі  Ыбырай,  Балуан 

Шолақтардан бата алып, олармен қатар өнер көрсеткен ол тегін адам емес. Жоғарыда аталған 

өнер  иелері  Доскейдің  бойындағы  талант  пен талапты  көре  білген  және  де талабын  ұштап, 

өнердің сара жолына салған саңлақтар. 

Жастайынан  жетімдіктің  азабын  көріп  өскен Доскей  ақынға  тағдыр жақсы  адамдарды 

жолықтырып отырған.  

«Он бестен өлең қуған Доскей едім, 

Арқаның  адыры  емес,  төскейі  едім»,-  деп  жырлаған  ақынның  алғашқы  талабын  арқа 

өңіріне мәшһүр болған Жауғаш сері ашады. Бұл жайында: 

«Мен Жауғаштан үйрендім өлең басын, 

Сөзіне еріп кетті ықыласым. 

Дауысым отарбадан кем емес еді, 

Он үшке кәміл толған менің жасым»  [3,6],- деп, өзінің өнердегі ұстазын жырға қосып, 

мақтан етеді. Ақиқатында Доскей сынды ақындардың жазып қалдырған мұрасы арқылы бір 

кездері  ел  ішінде  өнерімен  әйгілі  болған,  бүгінде  есімдері  ұмытылып  бара  жатқан 

өнерпаздарды танып, білуімзге болады.  

1886  жылы  Шорманның  Мұсасының  асы  болып,  оған  үш  жүздің  баласы  түгел 

шақырылады.  Өлеңті,  Шідерті  өзендерінің  бойында  үш  жүз  алпыс  күмбезді  үй  тігіледі. 

Өңкей жайсандар мен өнер арыстандары жиналған бұл асқа Біржан сал, Ақан сері, Саққұлақ 

би де келеді. 



Вестник КГУ им. Ш. Уалиханова   ISSN  1608-2206                                              Серия филологическая, № 4, 2019      

 

200 



 

Тек  Шөже  мен  Құлтума  қатыса  алмайды.  Доскей  осы  жиында  аса  дарынды  ақын 

Ажармен  айтысады.  Оны  жеңіп,  Доскей  зор  беделге  ие  болады.  Бір  шеті  Еділ-Жайық,  бір 

жағы Есіл, Нұра, Қызылжар, сонау бетпақ далаға Доскей ақын есімі мәлім болады.  

Айтысты  Доскей:  

«Мінеді патша болған алтын таққа, 

Кім таласар әуелден берген баққа. 

Қолыңда екі шекті бар қарағай 

Ажар апай барасыз қай тарапқа» деп бастайды. 

Ажар да қарап қалмай:  

«Жүйрікке жете алмайды аты шабан, 

Біреуге олай, біреуге былай заман. 

Мен сорлының көретін көзім бар ма 

Замандасым болдың ба өзің де аман»,- деп іле жауап қайтарады.  

Қай ақын болмасын өзінің айтысатын қарсыласының әлсіз жерлерін тауып, оны жеңуге 

әрекет етеді. Бұл ретте Доскей ақын Ажарға: 

«Ер жеткен бар деуші еді балаң қайда»,- деп сауал қояды.  

Ажар ақын да қиыннан сөз тауып, сөзден сүріндіруге тырысады.  

«Ақыным біздің елге келіп пе едің, 

Жарамас өтірікпен желіккенің. 

Ғайбат айтып кірлейсің неге мені, 

Менің  тапқан  баламды  көріп  пе  едің»,-  деп  Доскейге  ғайбат  сөйлеп,  жала  жауып 

отырсың дейді. Сонда Доскей:  

 

«Жолды тауып жүрмесең көзіңнен көр, 



Үлгісін әр нұсқаның сөзімнен көр. 

Өтірікші халыққа дұшпан болад, 

Ертерек бала тапқан өзіңнен көр», - дей келіп Ажарға:  

«Өзіңе жолдас болып ерер ме едім, 

Арасын ақ, қараның білер ме едім. 

Балаңды еріп барып үйден көрсем, 

Ат  шапан  айыбыңа  берер  ме  едің»,  -  деп  оның  кемшілігін  дөп  баса  көрсетіп,  кімнің 

жалған сөйлеп тұрғанын бетіне басады. Ат шапан айыбын сұрағанда Ажардың басқа айлаға 

көшіп Доскейді: 

 «... Бекайдар атаң ірі нар кескенім, 

Он бесінен бақ қонған қарағым-ай.  

... Қуандықтың жүйрігі замандасым», - деп мақтай жөнеледі. 

Доскейді сүріндіру мақсатында Ажар діни сауалдар қоя бастайды. 

«Әй, Досжан, олай деме халқым тыңдар, 

Турасынан сөйлейін нарқын құндар. 

Ақын болсаң сұраймын Доскей сенен, 

Құран  шариф  ішінде  неше  аят  бар?»  де  Доскейдің  діни  сауаттылығын  тексергісі 

келгендей, қасиетті Құран кәрімнің аяттарын сұрай бастайды.  

Артынан  іле  шала  Алла  тағаладан  түскен  кітаптардың  не  үшін  және  кімдерге  түскені 

жайлы: 


«Шын жүйрік өрге салса бөгелмеген, 

Алладан басы жұмыр не көрмеген. 

Аспан, көктен төрт кітап түскен болса, 

Досыжан, кім оқыған, кімге келген» - деп Доскейді сұрақтың астына алады.  

Өлең шығаруға қабілеті жоқ адамдар күні бұрын-ақ сәтсіздікке ұшырамақ. Сондықтан 

өзін  ақынмын  деп  атайтын  адамдар  талантты  болумен  қатар  халықтың  тарихын,  оның 

тұрмысын, әдетін, рухани мәдениетін терең біліуге тиіс. Доскей ақын да осы сөз сайысында 



Ш. Уәлиханов атындағы КМУ хабаршысы    ISSN  1608-2206                                   Филология сериясы. № 4, 2019 

 

201 



 

өзінің  діни  сауаты  терең  ақын  екенін  танытып,  Ажар  қойған  барлық  сұрақтарға  шариғат 

талаптарын сақтай отырып, дұрыс жауап береді. 

«Айтайын сауал күтсең біздің жырдан, 

Мадақтап сөйлейсің ғой ой мен қырдан. 

Төрт кітап көктен түскен бірі – Құран 

Алты мың алты жүз алпыс алты аят» тұрған деп және қасиетті төрт кітап: 

«Мен арқаның тұлпары бөгелмеген, 

Алладан басы жұмыр не көрмеген. 

Аспан көктен төрт кітап түсіп еді 

Иса, Мұса, Дәуітке солар келген. 

Исаға інжіл, Мұсаға забур және дағы 

Дәуітке оныменен тәурат келген» деп өлеңмен өрнектеп береді. 

Ажар ақын бұнымен тоқталмай:    

«... Расул Машқар күні ту көтерсе, 

Ол  тудың  төрт  жағында  кім  тұрады?»,-  деген  сауалына  Доскей  білімінің  тереңдігін 

танытып, төмендегі өлең жолдарымен дәлелдейді: 

«Мұхаммедтей болмайды жанның бәрі, 

Кәріп пенен міскінді сүйген жаны. 

Расул машқар күні ту көтерсе, 

Тұрады деп білемін төрт жағында  

Әбубәкір, Омар, Оспан, Ғазіретәлі,- деп қисынды жауап береді.  Алайда ақын Ажар да 

діннен сауаты жоғары екенін танытқандай сауалын жалғастыра түседі. 

«Жұмақты болдың бізден қорығандай, 

Қазекемнің сеземін соры қандай. 

Сират жолын естимін тамаша деп, 

Ұзындық, көлденен формы қандай?». 

Доскей:  

«Таза жолмен қылмайсың хаққа құлдық, 

Өтірік, ғайбат, ұрлық, мұның сұмдық. 

Қылыштан өткір, қылдан жіңішке екен, 

Сираттың көпірі бар үш мың жылдық», - деп сөздің қарымтасын қайтарады. 

Айтыс  қыза  түскенде  Ажардың  күйеуі  қолындағы  домырасын  тартып  алып,  қайтайық 

деп сыртқа жетелегенд Ажар шығуға ыңғайланады. Сол кезде Доскей:  

«Аруағы Қуандықтың кетті басып, 

Әр жерде сөз сөйлеймін өнер шашып. 

К... не бір төбетін ертіп алып,  

Жеңілген  соң  жөнелді  қаншық  қашып»  [4,  9],  −  дегенде  Ажар  да  жеңілгенін 

мойындаған болады. Алайда бұл айтысқа төрелік еткен Едірештің Бекмағанбеті: «Ажар кем 

ақын  емессің,  тең  ақынсың.  Әңкүр-Мүңкірден  кем  сауал  сұраған  жоқсың,  жеңдің  бе, 

жеңілдің бе?»- дейді Сонда Ажар: «Жеңсек те, жеңілсек те халық тыңдап отыр ғой», - дейді. 

Төреші Бекмағанбет: «Өзіңді өзің жеңіп бердің. Жеңілгенің сол емес пе, екі елі құйқаңды үш 

жүздің  қасасына  салдың-ау,  ә.  Жеңілгенің  осы  де?  Жеңілген  жеңгенге  не  беруші  еді?»  – 

дейді.  Сонда  Ажар:  «Жеңілсек  жеңілген  шығармыз.  Ат  шапан  айып.  Белдеуде  Қарагер 

байлаулы  тұр,  шапаным  міне»,  -  деп  батсайы  шапанды  әкеп  Доскейдің  иығына  жабады. 

Жеңілгенді мойындаудың өзі жеңіспен тең емес пе. Сол кездегі ақындар сөзге тоқтап, сөзден 

жаңылса  да  жолдан  жығылмай  дәстүрді  берік  ұстанып,  бір-бірінің  абыройын  көтеріп 

отырғандығын  көреміз.  Осы  айтыстың  өзінен  біз  екі  ақынның  да  діни  сауты  терең  екенін 

аңғарамыз.  

Бұл  ақындар  діни  сауатты  болуының  өз  заңдылығы  да  бар.  Себебі  ол  дәуірде  көп 

ауылдарда бай-қуатты адамдар молда ұстаған, ауылының яғни өз руына қарайтын ағйынның 

сауатты  болуына  үлкен  жауапкершілікпен  қараған  болатын.  Әдебиетіміздегі  діни 




Вестник КГУ им. Ш. Уалиханова   ISSN  1608-2206                                              Серия филологическая, № 4, 2019      

 

202 



 

ағартушылық  бағыт,  діни  айтыс  өнері  тұрғысынан  алғанымызда,  Доскей  мен  Ажардың 

айтысы діни айтыстың озық үлгілерінің бірі деп бағалау орынды. 

С.Мұқановтың  «Халық  ақындарының  көпшілігі,  олардың  ішінде  Жамбыл  мен  Доскей 

де хат танымайтын адамдар. Ақындардың творчествасының табиғи мәнін түсінбейтін  кейбір 

адамдар  ақындарды  мәдениетті  емес  деп  түсінеді.  Мұндай  адамдар,  әрине,  ақындарды  тек 

сөздерді  ұйқастырудың  ғана  шебері  деп  біледі.  Рас,  мұндай  адамдар  ақынның  талантына 

және  оның  сөздерді  ұйқастыруға  ғана  шеберлігі  емес,  сонымен  қатар  сөзді  мазмұнды  ету 

жағынан  да  шеберлігіне  күманданбайды.  Ақындардың  өлең  айтудағы  тапқырлығын  тек 

олардың таланттылығында ғана деп біледі, ал мәдениеттілігінде деп санамайды. Сондықтан 

мұндай адамдар «әй, егер ақындар сауатты және мәдениетті болса жақсы болар еді-ау» деп 

айтады.  Ақындарды  бұл  сықылды  жеңіл-желпі  түсіну  ақындардың  шын  қасиетімен  ешбір 

маңайласпайды» [1] деген пікірі халық ақындары шығармашылығының өзіндік ерекшелігіне 

берілген шынайы баға. Халық ақындарының жазу сауаты болмаса да көкірегі ашық ақыл-ой 

санасынын  кемеңгерлері  болғанын,  имани  қасиеттерден  нәр  алған  ерекше  сипаттағы  өнер 

саңылақтары екенін баса көрсетеміз. 

Доскей  ақынның  шығармашылық  жолына  75  жыл  толуына  орай  ұйымдастырылған 

жиында  журналист  Кәржан  Дәукеновтің  «Доскей  көп  жасаған,  көпті  көрген  көне  ақын, 

атақты  Жамбылмен  бірге  өмір  сүріп  келе  жатқан  екі  ғасырдың  куәсі.  Доскейдің  балалық 

шағы  мен  қазіргі  90  жасқа  толуының  арасында  ұзақ  тарихи  дәуірлер  жатыр.  Бала  күннен 

бастап қазіргі заманға дейін ақын 3 формацияны көрді: феодалдық строй, капиталистік және 

социализм»  [5]  деген сөзінде түсіне білген адамға үлкен мағына жатыр. Расында да Доскей 

өзі  өмір  сүрген  кезеңдердің  тарихи  уақиғаларын  жырына  арқау  етіп  отырған,  сол  арқылы 

қазақ халқының басынан кешкен тарихи жағдайлардың шежірешісіне айналды. Ақ патшаның 

алдында арнау айтқан Доскей ақын кеңес дәуірінде де еліміздің елеулі оқиғаларын өлеңмен 

өрнектеп, хатқа жазып қалдырды. Айтыстың тәрбиелік мәнін ескерген кеңес саясаты халық 

өнерін  өз  мүдделеріне  орай  ұйымдастырып  отырды.  Әуел  баста  «Советтік  Қарағанды» 

(қазіргі «Орталық Қазақстан») газет ұжымынан шыққан осы бастаманың ел басына ауыр күн 

туған  шақтағы  елге  тигізер  оң  ықпалы  басты  назарда  болды.  Айтысты  ұйымдастырып 

өткізуге  сөз  зергері  Ғабит  Мүсірепов  ұйытқы болды.  Осы  ақындар  айтысы  туралы  газеттің 

сол кездегі редакторы Ә.Қарағұлов «Баспасөз және уақыт  тынысы» кітабында былай дейді: 

«…  Қарағандыда  Доскей  Әлімбаев  дейтін  көпті  көрген  көне,  белгілі  халық  ақыны  бар-ды. 

Редакцияға  жиі  келіп  тұратын.  Бірде  ол  майдандағы  армияның  ерлігіне  арналған  өлеңін 

әкеліп,  өзінің  жас  кезінде  бір  ақынмен  айтысқаны  жөнінде  әңгіме  айтты.  Жұртшылықтың 

делебесін қоздыратын, кәріні де, жасты да тебірентетін осы айтыс өнерінің соңғы жылдары 

ұмыт  болып  бара  жатқанына  қынжылатындығын  сездірді.  Бұл  біздің  журналистерге  ой 

салды». 1943 жылы Қарағандыда тұңғыш ақындар айтысы ұйымдастырылады. Сол жылдың 

желтоқсан  айында  Алматыда  қорытынды  Республикалық  ақындар  айтыс  өтті.  Ұлттық 

өнеріміз  ақындар  айтысынын  қайтадан  жанданып,  ел  игілігіне  айналуына  Доскей  ақынның 

қосқан үлесі де зор болды. 

Д.Әлімбайұлының  «Кенші  жыры»,  «Толғау»  кітаптарында  өндірісті  өлке  Қарағанды 

кеншілерінің ерен еңбегін жырына арқау еткен өлеңдері қамтылды. «Кенесары» поэмасында 

отаршылдыққа  қарсы  күрескен  тарихи  тұлғаның  ерлік  бейнесі  ақындық  шабытпен  жырға 

қосылды. 

Ақын уақыт тынысымен бірге тыныстап, дәуірдің елеулі уақиғаларын өлеңдеріне өзек 

етті.  Мәселен  сайлау  күні  жазылған  өлеңінде  сайлаудың  халық  үшін  қандай  маңызы  бар 

екенін айта келе, халықты ұлы науқаннан құр қалмауға шақырады. 

«Бүгінде, бүгін, бүгінді  

Бүгінгі ұлы күнімді.  

Айтса біреу егерде, 

Елең қағып селт етіп.  

Талай құлақ түрілді. 




Ш. Уәлиханов атындағы КМУ хабаршысы    ISSN  1608-2206                                   Филология сериясы. № 4, 2019 

 

203 



 

Бұл күнге қашан көнем деп,  

Қашан дауыс беред деп,  

Асыға күтіп талай көз  

Календарьға үңілді.  

Көппен бірге асық боп,  

Талай төктім жырымды» [3,67]. 

 

« ...Үйде отырмай бұйығып,  



Кемпір, шал да жиылып, 

Топтанып кетіп барады,  

Дауыс берер үйге енді.  

Менің де үлкен мерейім,  

Тұғырдан түстім демеймін.  

Қарт жолбарыс пішінді  

Бойға жинап күшімді.  

Сайлауға таман келейін,  

Халық сүйген балаға,  

Қорғаныма, панама,  

Миллонның бірі боп  

Мен  де  дауыс  берейін»  [3,30]  деген  ақын  деген  қашанда  халықпен  бірге  екенін 

аңғартады. Ал «Қанышқа берем дауысты» деген өлеңінде  

«Еңбекте ерлік белгісі, 

Қос орденді қадаған. 

Сондықтан да Қанышты, 

Халқым сүйіп қалаған. 

Депутат қып ұсындық, 

Ардақты ғалым Қанышты. 

Сайлау күні мен ертең 

Берем  оған  дауыты»  [3,70]  деп  академик  Қаныш  Сәтбаевтің  ел  ішіндегі  беделін 

өлеңмен  биіктетеді.  Қартайған  шағында  да  қатарынан  қалмай,  қоғамдағы  өз  дауысын 

жоғалтпай  елінің  ертеңіне  елендеп,  ел  сенімін  ақтайды  деген  айтулы  тұлғаға  дауысымды 

беремін деп көңлі толқынын жеткізеді. 

«Орден алған мұғалімдерге», «Қабыл ал осы жырымды», «Қазақ әйелі» өлеңдерінде де 

еңбек адамдарының жарқын да жасампаз бейнесін жырланады. 

Заман  тынысына  сергек  қараған  ақын  Екінші  дүниежүзілік  соғыс  майданындағы 

жауынгерлерді  жігерлендіру  үшін  «Майдандағы  ұлдарыма»  және  қазақтың  батыр  ұлдары 

Досмағанбетов, Жұмалиев, Әлиевтерге арнап «Батыр ұлдарыма» деген өлеңдерін жазады. 

«Мойындаман тоқсанға, 

Тоқсанға тоқсан қоссаң да. 

Жасым кәрі болғанмен, 

Көңілім теңдес жастарға» деп майданда жүрген немерелерін мақтан етіп, олардың елді 

жаудан азат етуде жасап жатқан ерліктерін:  

«Менен туған немере, 

Одан туған шөбере, 

Ахмеди, Нәби, Қабыкен,  

Арыстандай ақырып, 

Жолбарыстай атылып, 

Тигенде жауға шүйіліп, 

Жер солқылдап күшінен, 

Жауы қорқып түсінен, 

Найзасының ұшынан, 

Әрбір жерде дөңкиіп, 




Вестник КГУ им. Ш. Уалиханова   ISSN  1608-2206                                              Серия филологическая, № 4, 2019      

 

204 



 

Өлік болып фашистер, 

Қалған жоқ па үйіліп» деп жырлайды. 

«Сол жеңісті жырлаған, 

Жырлаудан бір тынбаған, 

Мен сықылды ақынды 

Қалайша  жеңбек  кәрілік»  [3,  67]  деп  ешкімге  ешқашан  мойымайтын  қайсар  рухыты 

батыр ақын екенін аңғартады.  

Ақын 1945 жылы 9 мамыр жеңіс күніне шаттанып, «Көрдім ұлы Жеңісті» деген жырын 

арнайды.  «Жауға  өмір  жоқ»,  «Өлеңмен  оқ  атамын»  өлеңдерінде  кеңес  жауынгерлерінің 

ерлігін мадақтап, өжет те қайсар мінезді ерлердің Отан қорғаудағы өрлігін жас ұрпаққа үлгі-

өнеге  етеді.  Әділдік  пен  мерейінің,  ізгілік  пен  адамгершіліктің  үстем  боларына  нық  сенім 

білдіреді. Адамзат баласын соғыс қасіретінен сақтандырады. 

«Елді жауға бере алман», «Отанды қорғау салтымыз» толғаулары ел мен жер қорғауды 

аманат еткен жыраулар дәстүрінде жазылды.  

Доскей  Әлімбайұлы  ақын  –  елінің  ертеңіне  үмітпен  қарап,  тілеуін  тілеп  кеткен  дана 

адам.  Халық  далағынын  сусындап  өсен  ол  елінің  ерте  ме  кеш  пе  азаттыққа  жетеріне, 

тәуелсіздік  аларына  сенімде  болды.  Кенесары  Қасымұлын  жырға  қосқан  ақын  алаш 

баласының  азаттыққа  қол  жеткізіп,  әлемнің  дамыған  өркениетті  елдерімен  терезесін 

теңестірерін болжай білді.  

«О жұртым, сенем сенің елдігіне,  

Таңдансың бүкіл әлем өрлігіне!» деген жыр  жолдары ұлт рухын асқақтатқан ақынның 

қайсар мінезін, өршіл тұлғасын да танытады.  

 

ҚОРЫТЫНДЫ 



 

Сан қырлы өнер иесі ақын Доскей Әлімбайұлы халық шығармашылығының сарқылмас 

қайнарынан  нәр  алып  өскен  алып  тұлға.  Тарихи  тұлғаларды  жырына  қосып,  ел  өмірінің 

белесті  кезеңдерін  өлеңдеріне  арқау  еткен  ақын  мұрасы  Асқар  Тоқмағанбетов  сөзімен 

айтқанда  «Ол  шығармалар  біздің  ұлт  мәдениетіміздің  қымбат  қазыналарына  саналады»  [6]. 

Сегіз  қырлы  бір  сырлы,  бес  аспап,  білімді  де,  тапқыр,  тілге  шешен,  елге  көсем  бола  білген 

ақын-жыршыларымыз  бізге  халық  ауыз  әдебиетінің  баға  жетпес  құндылықтарын  жырлап, 

сақтап  жеткізушілер  ғана  семес.  Олар  сонау  ықылым  заманнан  бері  жасап  келе  жатқан 

ұлтымыздың  тарихи  шежірелері.  Таңды  таңға  жалғап,  жеті  күн,  жеті  түн  қисса,  жыр-

дастандарды  жырлап, намысқа  келгенде  басынан  сөз  асырмай  айтысқа  түсетін  әрі  жыршы, 

әрі  ақын  Доскей  Әлімбайұлы  сияқты  ерекше  талант  иелерінің  асыл  қасиеті  бүгінгі  күнгі 

айтыскер ақындардың бойынан табылуы да өнер заңдылығы әрі дәстұр сабақтастығы болып 

табылады.  

Алты Алашқа есімдері әйгілі Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Біржан салдардан 

шығармашылық  тағылым  алып,  өнер  құдіретін  бойына  сіңірген  Доскей  Әлімбайұлы  ел 

тарихында өшпес із қалдырған хан мен батыр, ақын мен жыраулар тұлғасын келер ұрпаққа 

өнеге  етті.  1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс  кезінде  ел  намысын  жанып,  рухын  көтеру 

мұратында ақын «Кенесары» дастанын жазды. «Сенде туып, сенде өтсем» дастанына Абай, 

Ақан  сері,  Шортанбай,  Шөже,  Қажымұқан,  Балуан  Шолақ  сынды  ұлтымыздың  тау 

тұлғаларын өзек етіп, ұрпақтар сабақтастығын көркемдік танымда жаңғыртты. 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ 



1  Мұқанов  С.  Халық  ауыз  әдебиеті  және  Доскей  //  Советтік  Қарағанды.  –  1940.  –  3 

маусым. 


2 Сарыарқа саңлақтары. – Қарағанды: Арко, 2008. – 358 б. 

3 Доскей. Құрастырушы А.Бүркітқызы. – Алматы: Арыс, 2013. – 312 б. 

4. Негимов С. Өнерпаздық өрнектері. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 78 б. 



Ш. Уәлиханов атындағы КМУ хабаршысы    ISSN  1608-2206                                   Филология сериясы. № 4, 2019 

 

205 



 

5  Даукенов  Қ.  Халық  ақыны  Доскей  Әлімбайұлы  //  Советтік  Қарағанды.  –  1940.  –  12 

мамыр. 

6 Тоқмағанбетов А. Жамбыл және Доскей // Советтік Қарағанды. – 1940. – 30 мамыр. 

 

А.Б. Жұмағұлов 





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   167   168   169   170   171   172   173   174   ...   341




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет