Шоқанның өлеңдерді жіктеуі
Ол қазақ, өлеңдерін: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Өлең құрылысын жыршылардың қобыз не домбыраға қосып айтуына қарап жүйелеген. Өлеңге, әсіресе, суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өзіне тән ерекшелігі екенін анықтаған.
Ең бастысы поэзия түрін жыр және өлең деп ажыратып, жырмен құрылысы, өлшемі тұрғысынан ұқсас болғанмен, жанрлық қалпы басқаша жоқтауды бөлек алып қарайды. Ал өлеңнің ішінде қайым өлең мен қара өлеңді бөліп алып қарастырады.
«Шексіз әлемде шарықтаған жыр, бірде, қоналқаға Сыр өзенінің арғы жағындағы қарақалпақтар қонысына келіп қонады. Бұрынды-соңды естіп көрмеген құтты қонақтың хабары атқан оқтың жылдамдығындай шартарапқа тарайды. Сансыз көп қарақалпақтар жыр қонған ауылға жиналып, ғажап қонақты ақшамнан таң сәрісіне дейін құмарта тыңдасады. Жыр қонақтың бұлбұлша сайраған мыңдаған өлеңдері мен әндерін, аңыздары мен жыр-дастандарын сансыз көп қарақалпақтар естерінде сақтап қалады. Ол кездерде туыстас тайпалар бірге көшіп-қонып жүреді екен. Сыр өзенінің жоғарғы жағында тұратын қазақтар мен түркмендер жыр қонақтың ғажап даусын естуге, алыстан түн ортасында жетеді, тамашаның соңына ғана ілігеді ...». Шоқан Уәлиханов түркі халықтарының ортақ кезеңдердегі ежелгі әдебиеттің мың-сан ғұмырын мұрасы болғандығын осылайша бір қайырып айтып алып, «жыр» ұғымына теориялық айқындама береді. Жырлардың туу себептеріне, таралу жолдарына қатысты деректер келтіреді.
Жыр дегеніміз — рапсодия. Ал жырламақ деген етістік тақпақтап айту дегенді білдіреді. Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуінде тақпақтап айтылады. Негізінен, жырлардың мазмұны бұрында өткен белгілі халық батырларының өмірі мен қаһармандық іс-әрекеттері болып келеді.
Жыр-дастандарда кездесетін өлең машықтарынан түсінік беру үшін, мысал келтірген. Тоқтамыстың тоғыз батыры Едігені қуып жетіп, сонда Кенжанбайдың Едігеге айтқаны:
Ай Едіге, сен енді қайт сана.
Қайтып Еділ өт сана.
Еңсесі биік боз орда,
Еңкейіп сәлем бер сана.
Еріні жұқа сары аяқ,
Ер сарқытын іш сана.
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы,
Ал қара кіс үстіңе
Тон береді ки сана.
Көк ала жорға ат мініп,
Көк дабылпаз байланып,
Тұтам бауы сом алтын,
Ақ сұңқар құс береді,
Көл айнала чүй сана! –
деп ары қарай жалғаса береді.
«Едіге» жыры ХІҮ ғасыр соңындағы оқиғаларға қатысты, бірақ ХҮ ғасыр басында құрастырылған. Бұл жыр-дастандағы ескі сөздер мен сөз тіркестері құбылысынан байқалады. Ондай сөздер мен сөз тіркестері қазіргі тілде жоқ. Ең бір таңқаларлық жай, бүкіл жырда бірде-бір парсы, араб сөзі кездеспейді.
Жырдың тақпақтап айтылу ерекшелігі, қобыздың сүйемелдеуімен орындалатындығы, жыр мазмұнының тарихи негіздері, олардың халық батырлары өмірі мен ерлік жорықтары туралы болып келетіндігі жайлы Шоқан Уәлиханов әдебиеттің тарихи негіздері тұрғысында баяндаған. Батырлық жырлардың құрылым ерекшелігіне де ғалым көңіл бөледі. Батырдың ерлігі қара сөзбен баяндалып отырып, кейіпкерлер өз атынан сөйлегенде өлең түрінде жалғасатын ерекшелігіне мән береді. Шоқан Уәлиханов бұл теориялық тоқтамдарды «Еркөкше мен Ерқосай», «Орақ батыр» жырының мазмұнын келтіру арқылы дәйектеп, бекіте түседі.
Осындағы Шоқан Уәлихановтың жыр өлеңдер кейінгі кезде, Жанақ ақын өлгеннен кейін бұрынғы қобызбен сүйемелдеп айтатын ерекшелігінен айрылып, қалып барады деген тұжырымының астарында тарқата түсетін, әдеби дамудың тарихи негіздермен астасып жатқан қисындары бар. Шоқан қырдағы сол кездегі өлең түрін саралап, атап көрсетіп отырып, жырдың орнын басып бара жатқан «өлең» туралы айтқан.
Жылау – жоқтау өлеңі. Әйелдер жанынан суырып салып айтады. Шумақ, тармақ көлемі жырлардікіндей болып келеді. Барлық жылаулардың, адам жанын тебірентерлік ең жақсысы, ең әйгілісі Орта жүзде, ол: Айғаным Уәлиеваның 1833 жылы шешектен өлген үлкен ұлы Мамекені жоқтап жылауы, және кейіннен суырып салма деген атағы шыққан әнші әйел 14 жасында, өлген күйеуін жоқтап айтқан жылауы.
Достарыңызбен бөлісу: |