Шәкәрім Құдайбердіұлықазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11-де дүниеге келген. Абайдың ізбасары, қазақтың кәсіби философы, ислам ілімі мен мәдениетінің терең білгірі діни философ. Шәкәрімнің дүниетанымының негізгі ерекшелігі дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани-құндылықтық категориялардың жүйесін ұсыну болды. Ойшылдың рухани ізденістері бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қарасаң да құндылығы мол рухани мұра. Ол адамдар бойындағы имандылық, діни-рухани тазалық мәселелерін қарастыра отырып, бірқатар ұсыныстары мен тұжырымдарын ұсынған. Рухани ұстазы Абай және замандастары сияқты Шәкәрім шығармаларында толығымен адам мен қоғамдық дамудың жолын іздестіріп, ол діннің ақ жолын қоғамдық дамудың рухани негізі ретінде ұсынып, әрбір адамның өмірлік құндылықтық бағдарын айқындауда имандылық пен білімге сүйену, адалдық, адамгершілік заңдарын басшылыққа алу керектігін тұжырымдаған шығармаларының берері мол, рухани туындылар. Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі үш ақиқат: сенім ақиқаты, ғылым ақиқаты мен ар-ұжданды көрсетіп, адам үшін маңызды сұрақтарды көтеріп, оған өзінше жауап қатып, адамның рухани дамуының жолдарын тереңінен көрсеткен. Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегі ұждан мәселесін талдауға арналған. Адам үшін екі дүниенің бақыты жақсылық пен ізгілікті ұстану екендігі туралы: «Екі өмірге де керекті іс – ұждан, ұждан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім» – деп исламның мейірімділік пен әділеттлікті, сабырлылық пен қанағатшылдықты атап көрсетеді. Бұл ислам ілімі мен әдептілік қалпын терең білген ғалымның сөзі. Осы еңбегінде ойшыл: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – мұсылман жолы» деген сөзінен ислам дінінің жалпы адамзатқа тән құндылықтарды ұстанатын дін екендігін және адамдарды бауырластыққа шақыратын айқын жол екендігін көрсетеді. Ұждан – ислам ілімінің негізгі ұғымдарының бірі. Шәкәрім ислам ғұламасы ретінде имандылықты, көркем мінезділікті, діндарлықты өз еңбектерінде насихаттаған. Бұл сөзімізге дәлел оның «Мұсылмандық шарты» еңбегі. Бұл еңбегінде: «Иман деген Аллаһ Тағаланың барлығына, бірлігіне, Онан басқа Аллаһ жоқтығына, Құран сөзінің бәрінің шындығына анық ықыласпенен нанбақ» деп Аллаһқа иман келтіру яғни таухид ұғымынан бастайды. Ойшылдың бұл еңбекті жазудағы мақсаты халқына иман негіздерін, шарттарын жеткізуді ойлаған ұмтылысы деп білеміз. Ел-жұртының исламды дұрыс түсініп және дұрыс бағыт алуын мұрат тұтқан Шәкәрім бұл еңбекті ана тілімізде жаза отырып, ұлт дүниетанымына сай дін құндылықтарын түсіндіре білген. Шәкәрім өз уақытында «Айқап» журналына бес сұрақ қойған: «Алланың адамды жаратқандығы мақсаты не? Адамға тіршілік ең керегі не үшін? Адамға өлген соң мейлі не жөнімен болсын рахат-бейнет бар ма? Ең жақсы адам неғылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Бұл сұрақ ойшылдың замандастары үшін де, бүгінгі уақыт үшін де өзекті. Өйткені, діннің өркениеттік және құндылықтық негіздерін түсіну әрқашан да маңызды. Жаратушы адамды өзін танып, иман етсін, ғибадат құлшылығын жасасын және бірін-бірі танып білсін деген. Адам өмірі Жаратушының берген сыйы және аманаты болғандықтан пенде өзінің рухани жан дүниесін байытып, парыздарын орындап, ахлаған жетілдіруі тиіс. Жаратушы тарапынан жіберілген діндерде өткінші және мәңгілік дүниелер туралы айтылады. Бұл діндердегі негізгі түсініктердің бірі. Ислам дінінде бұл дүниеден екінші дүниенің бар екендігіне сену иман шарты болып саналады. Хадисте: «Бұл дүние – ақыреттің егінжайы» деген. Мұсылмандықта өткінші, сынақ дүниесіндегі пенденің әрбір жасаған ісі таразыға салынатындығы айтылады. Жақсы адам бұл ізетті, қарапайым, ар-ұятты бойына жинаған, иман жүзді, салихалы, сабырлы, ибалы адам. Жақсы адам бойында ұлттық және адамзаттық құндылықтар үйлесімді орнығады. Адам баласы жан мен тәннен тұрғандықтан жан мен тән құмарлықтарын қанағаттандыруға ұмтылады. Парасатты, иман жүзді адам нәпсісін тежеп, өзінің адами қасиетін ардақтап ұстайды. Имандылықты ұстанып, обал мен сауапты білу, халал мен харамды ажырату адамзат қоғамы үшін әрқашан да басты ұғым болып қала беру керек. Шәкәрім – өз ұлтын бар болмысымен сүйген ұлтжанды, өршіл ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғыиық терең рухани мұра қалдырған. Ойшыл өзінің «Шошыма, ойым, шошыма» атты өлеңінде былай пайымдайды: Шошыма, ойым, шошыма, Келмейді жындар қасыма. Таһараты жоқ сайтан, Жоламас менің қасыма. Қажыма, ойым, қажыма, Қарама тозған жасыма. Адаспасаң ақ жолдан, Қонады бақыт басыңа. Билет бәрін сабырға, Кірме ажалсыз қабырға. Сырласатын күн туар, Жан қияр жақын тамырға!. Бұл өлең жолдарында имандылық пен тән және жан тазалығының адам өміріндегі маңыздылығын айқындай келе, дені таза, жаны пәк, иманды жаннан қандай жағдайда да Алланың нұры жауып, бақытқа кенелетіндігіне сенімін білдірді. Осы жолдарда діндегі адамның өз ажалымен бақилық болу мен өзіне қол жұмсау мәселесін көтеріп, адам өмірінде қиындыққа ұшырасқанда барлығын сабырға жеңдіріп, ақ жолдан таймаған жағдайда ғана бақыттың төрі алыс емес екендігін тағы да көрсетеді. Өзі жасынан ислами құндылықтарды бойына сіңіріп, имандылықтың, сабырлықтың, адалдықтың мәні мен маңызын діни тұрғыдан терең түсінген ойшыл, адамдарды имандылыққа, жақсылыққа, сабырлыққа, білім мен ғылым білуге шақырды. Сен ғылымға болсаң ынтық, Бұл сөзімді әбден ұқ. Білгеніңнің жақсысын қыл, Білмегеніңді біле бер. Білген ердің бол шәкірті, Білмегенді қыл шәкірт. Үйренуге қылма намыс, Үйретуге болма кер, — деп, білім мен білімсіздіктің арасының жер мен көктей айырмашылықты көрсетіп, білмегеніңді білуден жалықпа, одан арланба, ал білгеніңді ішке сақтамай оны адамзат қажетілігіне жұмсап, басқаларға үйрет деп адам дүниеге келгенен кейінгі өмірі бойына білім нәрін жинақтап, сонымен өзінің өмірлік бағдарын табатындығын жеткізуге тырысты. Өз ұлтының қоғамдық дамуын ғылым-білім жолынан іздеген Шәкәрім өзі де осы жолда қажымай еңбектенгендігі оның сан-саналы ізденістернің нәтижесі болған рухани мұраларынан байқауға болады. Сонымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани ізденістері нәтижесінде туындаған шығармалары жалпы адамзаттық мәселелерді тереңінен толғаған, берері мол құнды дүние. Ойшылдың мұраларында берілген идеяларының төркіні қазіргі рухани жаңару заманында таптырмас бұлақ. Тек сол рухани бұлақтың көзін ашып, сусындау өзін-өзі жетілдіруді көздеген әрбір адамға таптырмас қазына десек артық айтқандық емес
Дін
Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам.
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
He суретке табынды,
Олай емес, былай деп.
Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі - Күн» десе,
Бірі дейді: «жоқ құдай».
Міне, осыдан байқалды,-
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.
Жаратқанның киесін.
Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Анық соған ұқсады.
Ойды кімнен алғанын
Адам өзі сезбейді.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де іздейді.
Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әр түрлі боп қарауы,
Көбі анықтай алмайды.
Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.
Сол көп дінде шешу бар,
Ол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.
Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.
Тәңірі жолы - ақ жүрек,
Сайтан деген - қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет...
Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес...
Бейiс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмiрдi
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты мысал ғой ұқтыруға,
Дәл осындай қыз құшып, жемiс жемес.
Бiрақ қатты қуаныш не кейiс бар,
Дәлелiм – ұждан, зұлым бар тетелес.
Сондықтан бiр тексеру болмай қоймас,
Мұнымды әдiлетпен ойла да шеш.
Егер Құдай барлығы анық болса,
Тең болмас ақ жүрек пен сұм залалкес.
Бұл сөзге күндей ашық дәлелiм көп,
Не дiнмен, не ақылмен қылсаң да егес.
Соқыр ойлы, өзiмшiл бiр езуге
Қанша ғылым бiлсе де кiре алмайды ес.
Қандайда бір құлшылық болсын ниетке байланысты қабыл болады. Себебі хз. Пайғамбарымыз: «Амалдардың барлығы ниетке байланысты»,-деген хадисінде. Олай болса біздің осы қасиетті Рамазан айындағы жасалған құлшылығымызда ниетімізге байланысты мың құлшылыққа пара-пар болады екен. Ислам дінінің ішкі мазмұны алтын өзегі оның - рухани тәрбиесі. Кім қандай ғибадат жасамасын оны шын көңілмен, айнымас сеніммен жасауы тиіс. Ондай болмаған күнде біздің жасаған құлшылығымыздан еш пайда болмайтыны хақ. Бұл туралы Шәкәрім атамыз:
«Таспық сәлде, жайнамаз
Тастамайсың қыс пен жаз.
Жүрегін болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз.»,-
деп сыртқы бейнедегі құлшылықтың көз алдау екенін осылай тамаша суреттеп берген. Аллаһ барша мұсылмандардың ғибадаттарын қабыл етіп, иман байлығын берсін. Әрбір жасаған құлшылығымызды Аллаһтың құзырында осындай биік дәрежеде орындауға ұмтылайық. Рамазан айы баршамызға құтты болсын. Аллаһ әрбір отбасыға берекет бірлік берсін!
ТАҢЖАРЫҚ ТҰРҒАНҚҰЛОВ
Abai.kz


МҰХТАР МАҒАУИН. АҚЫН, ТАРИХШЫ, ФИЛОСОФ - 1
22.02.2019
Жарты ғасырдан астам ерiксiз үзiлiстен соң халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бiрi Шәкәрiмнiң қазақ халқының рухани мәдениетi тарихында алатын орны өзгеше. Шәкәрiм әрi ақын, әрi тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы едi. Қазақ әдебиетiн жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдiк ойының үздiк үлгiлерiн туғызған, қазақ өлеңiн түрлендiре түскен, қазақ тiлiнiң мол мүмкiндiктерiн бұрынғыдан әрмен танытқан бiрегей қаламгер едi. Ол жаңа қазақ әдебиетiнiң көшбасшысы Абайдың үлкен ағадан туған iзбасар iнiсi едi. Туыстық жөнiнен ғана емес, ұстанған жолы тұрғысынан алып қарағанда да Абайға ең жақын адам едi. Бұдан елу жыл, сексен жыл бұрын Абайдан соңғы ең танымал есiм, Абайдан соңғы ең көрнектi тұлға саналды.
Содан соң... қытымыр, қилы заманда оққа ұшқан ақынның есiмi де жұртшылық санасынан аласталмақ екен. Бiрақ... өзi өлсе де аты өшпеген. Шығармалары ұмытылмаған, бiрақ жұрт алдына да жарқырап шықпаған. Өлең-жырлары, дастан-хикаялары ел аузында жүрсе де әдебиет тарихына енбеген. Баспасөзде мүлде атаусыз қалған. Атауға тыйым салынған. Осыған керiсiнше, ел iшiндегi даңқы өсе түскен. Күнi кеше ғана өтсе де, көзiн көрген талай адам әлi күнге ауыл арасында жүрсе де, өмiрi ертегiге, iсi аңызға айнала бастаған. Ал шығармалары... шығармалары сансыз қолжазба, сауатты, сауатсыз көшiрмелер арқылы бүкiл қазақ даласына тарапты. Ақсақалдар бас қосқан жиынды жерде, ағайындар мейман күткен отырыста дастандары жырланыпты. Сөйтiп, есiмi көмескiленгенмен, еңбегi күңгiрт тартпаған ақын туған елiнiң рухани өмiрiнен сырт қалмапты. Қазiр қарасақ шалдар қатарына енген бiздiң буын Абаймен қатар Шәкәрiм үлгiсiн де кәмiл танып өстi десем, артық болмас. Өз басым Шәкәрiм дастандарын Абай өлеңдерiмен қатар жаттап тiл сындырғандықтан айтып отырмын бұл сөздi.
Әйтсе де... жарияның жөнi бөлек. Әсiресе жұртшылық тасқа басылған қағазға, көзбен көретiн сурет, құлақпен еститiн ақпарға бiржола ден қойған қазiргi заманда. Әдебиет дамыды, мәдениет жаңғырды, жаңа ұрпақ өсiп жеттi. Соңғы ширек ғасырда Шәкәрiм еңбегi тек ортаңғы, iлгергi буындағы санаулы адамдардың ғана жадында тұрған едi.
Қалың қауымға мүлде бейтаныс қалды. Және уақыт озған сайын ұмытылып бара жатты. Ақыры... «Ештен кеш жақсы» дегендей, Шәкәрiм есiмiн қаймықпай атайтын күнге де жетiппiз. Ақынның бiразы революциядан бұрын, шағын жинақтар түрiнде басылған, кезiнде кеңiнен тараса да, Москва, Ленинград, Алматының орталық кiтапханаларында бiрер даналап қана сақталған, ал көпшiлiгi қолжазба күйiнде қалған мол мұрасын жарыққа шығарар жағдай туды. Қазақ әдебиетiнiң өткен тарихындағы, баспасөзде, ауызекi сөзде айтылғандай «ақтаңдақ» емес, ызбарлана үңiрейген қара қуыстардың бiрiн тығындауға мүмкiндiк туды. Кәмiл танымақ, түбегейлi зерттемек – болашақ үлесi. Әуелгi кезекте оқырман қауымға Шәкәрiмнiң өмiр жолы, өнер мұраты туралы мағлұмат бермекпiз. Шәкәрiм 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келедi.
Болашақ ұлы ақын Абайдың жетi ағайынды болғаны белгiлi. Шәкәрiмнiң әкесi Құдайбердi – сол жетеудiң ең үлкенi едi. Парасатты, мейiрбан, кең пейiл ағаны Абай айрықша сыйлаған көрiнедi. Құдайбердi Шәкәрiмнiң алты жасында қайтыс болды. Бұдан соңғы жерде жетiмдiк, жоқшылық көрмесе де, әке бауырынан айрылған, қаршадайынан-ақ ерекше зеректiгiн аңғартқан Шәкәрiмдi Абай өз қамқорлығына алады. Туған әулет дәстүрi, өскен орта ыңғайы, ақын аға тағлымы
Шәкәрiмнiң азамат ретiнде қалыптасуына ғана емес, ақын ретiнде қанаттануына да ерекше әсер еттi. «Әкемiздiң бiр шешесiнен туған Ибраһим мырза, – қазақ iшiнде Абай деп атайды, – сол кiсi мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрiк һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кiсi едi, ер жеткен соң сол кiсiден тағлым алып, әр түрлi кiтаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесiн сездiм. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ iшi болғандықтан, қадiрi азырақ бiлiндi. Алай болмағанда дәнiшманд, хаким, философ кiсi едi. Қор елде туды да, қорлықпен өттi», – деп жазады Шәкәрiмнiң өзi кейiнiректе. Бұл – iнiнiң өз өмiр жолын байыптауы ғана емес, ақын ағаның халық тарихында атқарған қызметiн, ерекше болмысы мен трагедиялық тағдырын да кәмiл түсiнгенiн аңғартатын сөз. Ал өмiрде мейiрбан аға өнерде аса қатал төрешi едi. Және айтар сын, артар мiндет – мүмкiндiк шегiнде; қабiлет күшi, дарын биiгiне орай, ауырлана, аумақтана түсетiн.
Арнайы оқу орындарын бiтiрмесе де, Абайдың басшылығымен және өз бетiнше iздену нәтижесiнде Шәкәрiм сол замандағы қазақ арасындағы – қазақ қана емес, бүкiл Түркiстан өлкесiндегi ең ғұлама адамдардың бiрi болып шығады. Түрiк, араб, парсы тiлдерiмен қатар орыс тiлiн де жетiк бiледi, классикалық шығыс поэзиясын, орыс және Еуропа әдебиетiнiң озық үлгiлерiн терең түсiне оқумен шектелмей, философия мен дiн тарихына қатысты еңбектердi де қадағалап отырады. Құнанбай әулетiнiң дәстүрi бойынша ел iшiнде де билiк құрып көредi, бұл кезде өнер жолына бiржола бет қойған, дұшпаны көбейiп, тынысы тарылған Абайға сүйенiш, демесiн болады. Алайда, көп ұзамай-ақ болыстықтың бар «қызығын» басқа iнiлерге қалдырып, өзiнiң шын мұраты – сөз патшалығын жаулауға бiржола бет қояды.
1904 жылғы Абай өлiмi, өнерлi екi iнi – Ақылбай мен Мағауиядан тағы айрылу, Россия империясы шегiндегi барлық езiлген ұлт үлкен үмiт артқан 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының жеңiлiске ұшырауы Шәкәрiм санасына, оның өмiрге, қоғамдық қызметке көзқарасына ерекше әсер етедi. Шәкәрiм тiршiлiк, тағдыр туралы сауалдарына жауап iздейдi. Оқу, iздену аймағын кеңейте түседi. Дiн тану емес, ел тану, жер көру мақсатында қажыға барып қайтады. Бұл сапар оның ой өрiсiн кеңейтедi, ақын қазақ халқы дiн қуған мұсылманшылық жолын емес, ғылым-бiлiм қуған Еуропа халықтарының жолын таңдауы керек деген ойға беки түседi. Осы кезде өзi көптен әуестенiп жүрген толстойшылық идеясына бiржола берiлген ақын өмiрден баз кешiп, жұрттан аулақтайды да, Шыңғыстың күнгей сыртындағы Шақпақ дейтiн жерде таза әдеби қызметпен ғана айналысып, қысы-жазы жападан-жалғыз жатады. 1917-1925 жылдар аралығында Шәкәрiм аз уақыт дүниауи өмiрге қайта оралғандай бо- лады, ел iшiндегi игi өзгерiстердi құттықтайды, газет-журналдар бетiнде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда, қарт ақын көп ұзамай қайтадан ел тiршiлiгiнен аулақтайды.
Шәкәрiм 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырады.
Ғұлама қаламгердiң өнердегi жолы ұзақ та ұлағатты.
Келiстi әрi күрделi.
Атаның мол дәулетi, ағайын-туыстың өр кеудесi, ағаның мәртебе-даңқы арқасында бұла өскен Шәкәрiм өзiнiң өмiр жолын ғана емес, өнер жолын да сауық-сайраннан, мереке-қуаныштан бастайды. Қартайған шағында:
Қайран
Қайғысыз, қамсыз күндерiм,
Сайран
Сауықты, рақат түндерiм, –
деп, қимастықпен өксiген ақын әуелде сүйiспеншiлiк сырын, жастық қуанышын жырлауға ден қойған едi. Абайдың өлең өрнегiн ұстанған, Абайдың тiл мәдениетiн үлгi тұтқан махаббат жырларының өзiнде Шәкәрiм тың бояу табуға, соны сыр түюге ұмтылады.
Жаудырап көзi,
Тамшылап сөзi,
Жiбектей шашын тараса,
Қалмайды халiң,
Шығады жаның
Қиғаштай көзбен қараса.
Бұл дүниеде қыз қызық,
Бозбалада ой бұзық...
Бұл – қазақ лирикасындағы өзгеше леп. «Ертiстiң ар жағынан көрдiм сенi, – Сырғаңды қайық қылып өткiз менi...» – деп әдептен аспай, наздана қиылу емес. Тiптi, «Әлифдег ай йүзiңе ғибрат еттiм», – деп, «Сәң„ ғишқ болып кәмтар, – Сүлейман, Ямшид, Искәндәр – Ала алмас барша мүлкигә», – деп, үмiтсiз сәлем жолдайтын мұңды сағыныш та емес. Шынайы өмiр. Бүкпесiз сезiм. Керек десеңiз, анайы құмарлықтың бұлықсып шыққан от-жалыны.
А, дүние, дүние,
Ақылға сонда кiм ие?!. – ынтызар қападан өзгешерек хал, аспандағы айдың жерге түсуi, перiштенiң пендеге айналуы.
Шәкәрiмнiң осы шамада шығарылған, махаббат қуанышына арналған екiншi бiр өлеңi («Шын сырым») бұдан өзгеше сипат танытады. Ақынның ұмтылар биiгiн, ұстанар межесiн айқындайды. «Мен түрiктiң пәк сұлуын тәңiрiме теңер ем, – Самарқан мен Бұқараны бетiндегi Жалғыз меңге берер ем», – деп шалқи шырқаған махаббат жыршысы хафиздiң өзiн харысқа шақырған Шәкәрiм қазақ поэзиясында мүлде соны бағытқа iз салады. Өлең өрнегi де, сөз саптасы да үйреншiктi қалыптан бөлек. Ежелгi шығыс поэзиясын еркiн игерген, қазақтың дәстүрлi лирикасы қара өлеңнiң қасиетiн жете таныған, Абай өнегесiн, Абай тағлымын кәмiл ұғынған жас ақын тiлi ұстарған, өзiндiк жол тапқан қас шебер екенiн аңғартады.
Бақытсыз жүрегiм
Жалындап жанып тұр,
Үмiттi тiлегiм
Орынсыз қалып тұр,
Ақыл, қайрат, сабырдың бәрi кетiп,
Адасқан асығың мұңлы әнге салып тұр.
Бұл — Хафиз әуенi, Науаи үлгiсi. Тәжiк-парсы, түркi-шағатай дәстүрi. Соның өзiнде қазақ үшiн тосын естiлуге тиiс. Көңiлге берiк орнап, жүрекке нық таңбалануға тиiс. Алайда, бұл – махаббат жырының құлақ күйi, әуелгi аккорды ғана. Ақын қиялы, ақын сезiмi ешқандай шарттылыққа бағынбайды, тежеуге қарамайды. Ақынның ғашығы – жай ғана сұлу емес, бiр адамның, жұмыр басты пенденiң ғана құмары емес. Онсыз тiршiлiк жоқ. Дүниеде сән-салтанат, өмiрде мән-мағына жоқ. Бүкiл әлемнiң көркi, жердегi, көктегi жанды-жансыз атаулының тәңiрiсi, бар ғаламның қозғаушы күшi – сол ғана.
Күн батып жоғалды
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен ай қалды
Сәулеңнен нәр алып.
Жетi қарақшы айналып сенi iздеп жүр,
Бәрi де сенi ойлап, мас болып сандалып,
Үркер мен Таразы
Шашуды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бiр басуға.
Темiрқазық арқандап
Қос боз атын,
Жаратып ойы бар тойыңа қосуға.
Асқақтата толғап, еркiн шалқыған ақын ғарыштан бiрақ шықты. Және күпiлдек жел сөз, күмпиген теңеу, жалтырақ әлемiш жоқ. Ақын ойының кеңдiгi, ақын қиялының өрлiгi көрiнедi. Жазғы аспанда жапырлай көтерiлген Үркер, жалтырай жымыңдаған Таразы, Темiрқазыққа байланған Ақ боз ат пен Көк боз ат, ол екеуiн торып, тынымсыз шыр айналған жетi қарақшы... Жыр сазы, көңiл ырғағы қазақ санасына сiңiстi космогониялық түсiнiктермен астасып жатыр. Ақын сөзiнiң әсерлi күшi осында. Екiншi бiр әсер осы жолдардың түп астарында жатыр. Аңыз бойынша, аспанды шыр айналып жүрген жетi қарақшының мақсаты – Ақ боз ат пен Көк боз атты ұрлау. Бiр заманда бұлардың аралығы өте алыс болған екен. Қазiр жақындаған. Бiрақ жетi қарақшы Қос боз атты Темiрқазықтан ағытып әкеткенше тағы қаншама ықылым өтедi. Қос бозды ұрлау – ақырзаман күнiне сәйкес келмек... Сол жетi қарақшы әлi арқанда жүрген Қос бозды ақынның Сүйiктiсiнiң тойында бәйгеге қоспақ. Тұспал түсiнiктi. Ақын қол жетпес сұлуға ғашық болған, екеуi бұл дүниеде қосылмақ емес...
Махаббат шуағын мадақтаған, жастық қызығын дәрiптеген ақын тағы бiр өлеңiнде адамды қаусатып, бар құмардан айыратын кәрiлiктi даттайды. Адам ғұмырын кезең-кезеңге бөле сипаттау, сол арқылы тiршiлiктiң мән-мағынасы туралы толғану – қазақ поэзиясында тым ертеде қалыптасқан дәстүр, үйреншiктi тақырып. Алайда, Шәкәрiм бұл ретте де өзiндiк үн табады. Кәрiлiк – өмiрдiң өшуi, құмардың тозуы ғана емес, бар тiлектiң таусылуы. Берерi жоқ, алары ғана бар; төңiрегiне түгел бөгет сиықсыз, сүйкiмсiз. Өзiне бейнет, өзгеге масыл шақ. Сондықтан жас ақын өз сөзiн:
Алпыстан ары бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар, –
деп түйiндейдi.
Бұл сөз қырыққа жаңа келсе де: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, – Ашуың – ашыған у, ойың – кермек», – деп отырған, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, – Шошимын кейiнгi жас балалардан», – деп отырған ақын ағаның шамына тиедi. Бар кiлтипан жас ақынның «кәрiлiктi жамандап, өлiм тiлеуiнде» ғана емес едi. Шәкәрiмге «алтын иектiң» де салқыны тиген («Бiр сүйiп алтын тамақтан...»), айдаһар жағына баспаса да, Абай жол ашқан реализмнен аулақтау бағдар аңдалған. Зор талантқа өзгеше талап қойған ақын аға iнiсiнiң тым жеңiлдеп кетпеуiн ойлаған едi. Әрине, кезiнде ауыр тигенi анық.
Қазiр де ауыр естiледi. Бiрақ тек қана пайдаға шықса керек. Шәкәрiм iзденiс өрiсiн кеңейте түседi. Бiлiм жолына бiржола бас қояды. Қазақ тұрмысына ғана емес, бүкiл әлем кейпiне ойшыл көзбен қарайды. Бүгiндi жете танып, болашақ сұлбасын аңдайды. Барды байыптап, халық қазынасын жаңаша таразылайды. Өмiрге, қоғамға, санаға өзiндiк көзқарасы қалыптасады, ақыр түбiнде өнердiң өзгеше өрiсiне шығады.
Шәкәрiмнiң қазақ рухани өмiрiндегi жаңаша болмысы оның дiнге көзқарасынан айқын танылады. Әлбетте, Шәкәрiм – өз заманының перзентi. Ұғым, наным, түсiнiк шектеулi шеңберде. Алайда, ақын бас ұрған ақиқат ұждан, шын иман, «адаспайтын айқын жол» – адамдық, кiсiлiк.
«Атақ, пайда iздемей, – Ойында мақтан жоқ болса, – Қиянатты көздемей, – Қанағатқа тоқ болса» – пұтқа табынған мәжусидiң өзi әулиемен тең. Дүние қуып, пайда iздеген, алдау-арбаумен күн өткiзген молда «мешiтте мың жыл отырса» да бейiштiң есiгiнен сығалай алмақ емес. Ақын ұғымында бар кiнә иманын малға айырбастаған молдада ғана жатқан жоқ. Бұл күнде алланың аяты да, пайғамбардың хадисi де бұзылған. Бұзған бiрдi-екiлi адам емес, бүкiл қауым. және дiн бұзған, iзгi уағыз, қасиеттi кiтап жолынан ауған жалғыз Мұхаммед үмбетi ғана емес.
«Таурат» терiс түсiндiрiледi,
Зәрдөштiң өсиетi ұмытылған,
Будданың iлiмi жаңсақ ұғылып,
Айсаның айтқандары бұрмаланған.
Бұл күнде дұрыс иман Жоқ,
Шатақ дiн нәпсi тыйған жоқ,
Ақылы саудың ойына
Алдамшы дiндар сыйған жоқ.
Сонда қандай жолды таңдауымыз керек? Ақиқат жолды! – дейдi ақын. Бұл – бәрiмiз құмарланып, бәрiмiз мұрат тұтатын шын асыл жар, айнымас серiк, адастырмас жолбасшы. Ал ақиқатқа жетудiң амалы – осы заманғы оқу-өнердi игеру. Жоқтың орнын толтыратын, жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды бақытқа бөлейтiн – ғылым-бiлiм ғана. Шәкәрiм қазақ қоғамындағы кемшiлiктердi, қазақ халқының басындағы ауыр халдi ең алдымен осы Еуропа өнер-ғылымынан кенде қалу нәтижесi деп есептейдi. «Жер жүзi жабылғанда бiлiм жаққа, – Қазақ жүр құмарланып құр атаққа...». Осының нәтижесiнде алға озу қайда, күн өткен сайын керi кетiп, елдiктен, кiсiлiктен айрылып барады. «Қайран елiм, қазағым, қалың жұртым!..» – дейдi ақын ағаға үн қосқан парасатты iнi.
Достарыңызбен бөлісу: |