Қызыл жебе
Бұл бұлжымас қатал тәртіп. Оны ешкім бұзып көрген емес.
Тұңғыш бұзып тұрған Рысқұл. Оның өзі де, ауылға көлікпен
кіруін кіргенмен орда алдында аттан түсті. Әлі күнге дейін он
алты қанат орданың белдеуіне ешкім ат байлап көрген емес.
Рысқұл мына сиықсыз торы атын анау аулақтағы мамағашқа
байлап қойып келуі керек еді. Оны істемеді. Жалсыз торыны
ыңғайлап, жетекке алды. Фаэтонға кілең жал-құйрығы төгілген
сәнді жылқы жектіретін ояз мына жал-құйрықсыз сидиған,
жираф тәріздес айуанға көп таң қалды.
– Аман, ояз мырза, – деді Рысқұл. – Ассалаумәлейкүм, болыс-
еке!
Болыс ләм деген жоқ. Ояз:
– Здравствуй, батыр! – деп алтын сақиналы қолын ұсынды.
Рысқұл бұл құрметті күтпеп еді, шылбырды білегіне іле салып,
ояздың қолын қос қолдап алды.
– Мынау ат па, жираф па? – деп сұрады ояз. Тілмаш аударды.
– Кедейдің аты ғой, ояз мырза.
– Кедейдің бәрі мұндай ат міне берсе жаман емес, – деп
мысқылдады ояз.
«Менімен қашанғы тәжікелесе берер дейсің. Уақыт оздырмай,
келген шаруамды айтып қалайын».
– Ояз мырза, сізге, болыс-еке, сізге айтайын деген бір ауыз
арызым бар.
– Не деп тұр? – деді ояз тілмашқа.
– Арыз айтпақшы.
– Айтсын.
– Айт, – деді тілмаш.
– Айтсам, ояз мырза, менің туған ағам Бердіқұлды болыстың
адамдары ұрып өлтірді. Тары суғарып жүрген жерінде. Тепкілеп
төрт қабырғасын сындырып, өкпе-бауырын езгілеп, құлаққа
шыммен бастырып кетіпті. Үйге жетті – жан тапсырды.
– Менің адамдарым екенін қайдан білдің? – деп болыс шегір
көзін Рысқұлға қадай қалды. Жалпақ мұрнының танауы бір
делдиіп, бір қусырылды.
– Болыс-еке, бөтен жау жоқ. Суды бұрып алды деп істеген
қиянаттарың.
189
Қызыл жебе
– Атын ата сол адамның!
– Мен жеткенше кетіп қалыпты. Құлаққа бастырып кеткен
жерінен өзім суырып алдым ғой ағамды. Түн қараңғысы еді.
Ауруды тастап, арттарынан қуа алмадым. Бір құдай көріп тұр
ғой, сіздің төбеттерден басқа ешкім талаған жоқ Бердіқұлды.
Дауылбай кенет оязға бар денесімен бұрылып, бүгіліңкіреп
тұрып:
– Мырза, бұл бұзықтың сандырағын тыңдап, күнде тұрып
қалдыңыз-ау. Үйге кірсек қайтеді? – деді.
Ояз ойланды. «Кісі өлімінің дауы болса, оған араласып бас
қатырып жатудың керегі де шамалы. Бұл киргиздардың өздерінің
билер соты бар. Сол шеше жатар...».
Болыс ояздың жауабын күтіп тұрмай, орданың оқалы есігін
бір шетінен түре берді. Ояз Рысқұлға қарап пақырсынып, менен
кінә жоқ, міне, мынау болмай тұрған дегендей пішін танытып,
болысқа қарады. Сөйтті де еңкейіп үйге кіре берді.
– Ояз мырза, мен сізге арыздандым ғой! – деп Рысқұл ентелей
беріп еді, алдын Дауылбай, екі казак-орыс, тілмаш, бұл кезде
ауылға шойнаңдап жаяу жеткен Сақан бәрі кес-кестей қалды.
– Жаның барда жоғал! – деді Дауылбай ысылдап. –
Жақсылықпен кетпесең, қазір қаматып, басыңды итжеккенде
шіріттіремін. Кімді басынып келдің мұнда? Оязбен тілдескішін
мұның. Немене, ұлық сенің ермегің бе? Арыз айтсаң осы елдің
биі құрып қалып па?!
– Оу, болыс, мен адамым өліп, құзым құлап, тауым жығылып
келіп тұрған жоқпын ба?! Оу, болыстығыңды былай қойғанда,
бір елдің, бір атаның баласы емес пе едік? Сен де Сәлік, сен
өлтірткен Бердіқұл да Сәлік. Мен қайғырсам, сенін де қайғың
емес пе? Не деп тұрсың!
– Атама Сәліктің атын! – деді болыс шегір көзін ежірейтіп.
–Сен Сәліктің шіріген жұмыртқасы. Сәліктің басқа баласының
бәле-жаласы сендермен бірге кетсін!
Рысқұл тізгінді тартып қалса керек, торы аттың басы кегжең-
кегжең етіп кетті.
– Е, білдім, болыс. Бұл Алсайдың балалары малымды
бақпады, егінімді екпеді, отыммен кіріп, күліммен шықпады,
190
Достарыңызбен бөлісу: |