7
Қызыл жебе
Собордағы жұрттың бәрі құдайына құлдық ұрып, әркім өз
өтінішін іштей айтып, шағынып-жалбарынып жатқанда, Тұрар
жалтақтап жан-жағына қарайды. Өзін әр бұрыштан аңдып жүрген
Саймасайдың адамдары қазір де собордың бір жерінен сығалап
қарап тұрғандай көрінеді. Соборда шоқынғандар арасында
тұрғанын көрсе, саймасайлықтар:
– Рысқұл қарақшының баласы шоқынып кетіпті, шіркеуден
көрдік, – деп жер дүниеге жария етер еді.
Осыны ойлауы мұң екен, Тұрар бұрынғыдан бетер
дегбірсізденіп, тұра қашқысы келді. Приходькодан қорқады,
керулі адамның көзқарасынан қорқады. «Неге керіп тастаған?»
Әкесі Рысқұлдың Саймасайлар байлап тастап, жабыла сабағанда
бір сәтке басы осылайша салбырап қалып еді. Тұрардың суретке
тесіле қарап қалғанын көптен байқап тұрған Приходько:
– Иисус Христос.
Құдіретті құдай, – деді.
«Құдайдың өзі осындай қорлыққа ұшыраса, өзге жұрт не
болмақ? Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде – деген осы
да».
– Мырза, мен аттарға бара тұрсам қайтеді?! Асау немелерді
біреу-міреу үркітіп жүре ме? – деп сыбырлады Тұрар. Приходько
бұрылмастан:
– Бара бер! – деп зілдене күңк етті.
Тұрар адамдардың ара-арасын зыта кеп жөнелді. Қара
жамылған бір кемпір ашулы көзімен ата қарап:
– Ух, басурман, нехрист! – деп ысылдап қалды.
Тұрардың бұл кетісіне көрмеде тұрған құдай да, оның әулие
апостолдары да, мінбедегі епископ та, собор толы діндарлар
да риза емес сияқты көрінді. Тек собордан шыға келгенде
табалдырықтан бастап, қақпаға дейін тізіліп тұрған қайыршылар
ғана оған телміре қол созып, бастарын иіп, әдеттен айнымай
тұр. Табалдырықтан қақпаға дейін желі байлам жер Тұрарға қыл
көпірдің үстіндей, тозақ отының арасындай сезілген. Қалтасында
ырымға қара бақыры жоқ, өзі жалшы баладан да қайыр-садақа
дәмететін жандар болады екен. Құдайдың өз үйінде мұншама
қайыршылық болар деп кім ойлаған?!
Достарыңызбен бөлісу: