Қызыл жебе
«Жағдайымды айтып, хат жазғызсам ба екен?» – деп те бір
ойлады Рысқұл. – Бірақ сонау жер түбіндегі бір көрген орыстан
қара қойдың пұлын сұрап, алақан жайғаным қалай болады? Одан
да мылтық алып, тау кезіп келгенім дұрыс шығар. Жүргенге
жөргем ілінер деген. Киік семірген кез...»
Талғардың басында ұшпа бұлт тұр. Еш адам баласы басып
көрмеген шыңдарына Рысқұл мен ол ерткен Петербор орысы
Метрей шыққан Талғар. Дүниенің төбесіне сонда көтерілген.
Дүниенің асқақтығын сонда көрген. «Ұлы тауға шыққан бар ма,
ұлар етін жеген бар ма?» – деген сұраққа:
– Бар! Ол – Рысқұл, – деп жауап берсе болғандай.
Тайқы маңдай тағдырдың дегеніне амал жоқ. Рысқұл енді,
Саймасайға барып, алдын тағы көрмекші. Мырзаға құр қол бару
ылайықсыз. Табылса, таудан бір теке атып, соны тарту етпекші.
Болыстың әуестігі жоқ, ешкі етіне оның қатындары да жерік
емес. Жиырмаға шығып қалған соқталдай баласы құмар. Киіктің
асығына құмар. Тебіндеп мұрты шыққанша тасыраңдап асық
ойнайды. Қолында киіктің асығы жүрсе, көктегі күннен шылым
тұтатқандай таңқиып мәз болады. Баласының өзге құрбы-
құрдастарынан айбыны асып жүргенін Саймасай да ұнатады.
Рысқұл жауығып кетсе де, оның қолынан таутеке тартуын
қабылдап алар еді. Мерген соған сенеді.
Саймасайдың осы Қалдыбек деген баласына екіқабат кезінде
бәйбішесі Бибісара аюдың етіне жерік болып, болыс ордасының
ойран ботқасы шықты. Сонда да әжетіне жараған Рысқұл еді.
Адам баспас асқар таулардан аю атып әкеліп, бәйбішенің жаны
қалған. Сонда қошеметшіл көп сәуегей: «О болыс-еке, бәйбішеңіз
асқан батыр ұл табатын болды», – деп жалпаңдасқан. Сөйткен
Қалдыбек батыр болмады, ақылы ауыстау дәлдір, боркемік
болбыр, мұрынбоғы жылтыңдап асық ойнаудан басқаны
уайымдамайтын осал болды.
Аңшы жолға таң құланиектен аттанды. Тау жолын тосырқап
қалған Шолақ Шабдар Рысқұлдың ыңғайын таныған соң, Есік
өзенін жағалай ескі соқпақпен аяңдай берді. Өткен, 1903 жылдың
осындай жазында Рысқұл дәл осы соқпақпен Петербордан
келген мырзаны алып жүрген. Атақты географ, үлкен ғалым
17
Қызыл жебе
Дмитриев арнайы ақ патша империясының астанасынан келіп,
Іле Алатауының заңғар биігі Талғар шыңын зерттемек болғанда,
оған жол көрсетуші көмекші керек еді. Сөйтсе бүкіл Алматы
атырабынан Талғардың тасына ешкім көтеріліп көрмеген екен.
«Ау, енді кім бар-ау?» – деп ұлық әкімдердің өзі сұрау салғанда
Шығыс Талғар болысында тұратын Тау-ІІІілмембет Рысқұл бар
деген хабар шығады. Ұлықтың тапсыруымен Саймасай болыс
Петербордан келген ғалымға жолсерік, жол сілтеуші етіп әйгілі
аңшы Рысқұлды қосып берген.
Ғалым сонда құйған қоладай батыр тұлғалы тау қазағын
көріп, келбетіне көңілі толған. Сонымен Дмитриев атқа қонған.
Ал Рысқұлдың атқа мінбей, тұқыл мүйіз, қоңыр өгіз ерттеп
мінгенін көріп қайран қалған. Сөйтсе қоңыр өгіз тас қиямен,
қиямет қылдай жолмен жүруге келгенде арғымаққа бергісіз
екен. Сол жолы Рысқұл Есік өзенінің сағасымен бастап отырып,
оқымыстыны Іле Алатауының зүмірет алқасы Есік көлінің
жағасына алып шыққан. Сонда Дмитриев:
– Мынандай ғажайыпты көргеннен кейін, Талғар шыңына
шықпағанның өзінде, менің мақсатым орындалды! – деп
Рысқұлдың арқасынан қаққан.
Есік көлді айналып өткен соң алпауыт Талғардың төскейі
басталып, жол қиындай берді. Өсімдіктің реңі өзгеріп, биік
жайлау жаннатындағы жайқалған тау гүлдері атақты ғалымды
жайраңдай қарсы алды. Дмитриев атынан домалап түсіп, тау
гүлдерін теңіз кешкендей малтып жүріп, көкемаралды бір сипап,
киік-отын бір иіскеп, бір кезде:
– О, эдельвейс! – деп айқайлап жіберген. – Эдельвейс
жанкешті қаһармен ерлердің гүлі. Сені де көретін күн бар екен-
ay!
Рысқұлға мұның бәрі ерсі. «Құдайдың қу шөбіне де өстіп
таңданады екен-ау. Ғалымбысың деген, ерте күнді кеш қылмай
баратын шыңына бармаймыз ба?» - деп қалған.
Ғалым әр шөпті сабағынан бәкімен қиып алып, ыждағаттап
дорбаға салып, қойын дәптеріне әлденелерді жазумен әлек.
– Мынау эдельвейс. Қазақша аты не? – деп сұрайды
Рысқұлдан.
|